Ғұмырын ғылымға бағыштаған

Менің бағыма көрнекті ғалым, ғылымды ұйымдастырушы, техника ғылымдарының докторы, профессор, 
ҚР ҰҒА және ҚР ХАА академигі, КСРО-ның құрметті химигі Оразалы Сәтімбекұлы Балабековпен бірнеше жыл жұмыс істеу бақыты бұйырды. 1963 жылы Мәскеудің химиялық машина жасау институтының механика факультетін, 
1969 жылы Ленинград технологиялық институтының аспирантурасын бітірген дарынды ғалымның негізгі ғылыми қызметі Қазақстанда химиялық технология және өнеркәсіптік экология процестері мен аппараттарының теориялық негіздерін әзірлеуге арналды. 

Оның ғылыми жаңалықтары құйынның түзілу синфазалылығына және ағындардың құйын тәрізді қозғалыс заңдылықтарына арналды. Оларды табиғи құбылыстардың (боран, цунами, су тасқыны және т.б.) механизмін түсіндіру және қарқынды процестер мен аппараттарды құру үшін, сондай-ақ, экологиялық құрылыста қолдануға болады. Академиктің ғылыми мақалалары АҚШ, Канада, Аргентина, Бельгия, Италия, Испания, Чехия, Ресей, Украина, Өзбекстан және Қырғызстанның рейтингтік журналдарында жарияланды.
Академиктің соңғы жылдары қолға алған геосфера мен қала жол көлігі экологиясындағы ағындардың құйынды өзара әрекеттестігі заңдылықтарын зерттеу жұмыстары еліміз үшін жемісті болды. Оның қажырлы еңбегінің арқасында КСРО Химия өнеркәсібі министрлігінің және КСРО Минералды тыңайтқыштар өндіру министрлігінің фосфор және минералды тыңайтқыштар өндірісінің өнеркәсіптік қалдықтарын тазарту және кәдеге жарату бойынша салалық ғылыми-зерттеу зертханасы, жылу мен масса алмасуын, ерекше таза заттарды интенсификациялау бойынша 2 проблемалық зертхана ұйымдастырылып, олардың негізінде химиялық технология және өнеркәсіптік экология ғылыми-зерттеу институты құрылды.
1992 жылы ғалымның бастамасымен ҚР ҰҒА-ның Оңтүстік Қазақстан бөлімшесі құрылып, онда алдымен төрағаның орынбасары, 1994-2004 жылдары академик-хатшы болып жұмыс істеді. Оңтүстік Қазақстан облысында бірінші академиялық институт - Аймақтық экономика проблемалары институты, сондай-ақ Инновациялық қор мен Кеңес ашылды. 
Оразалы Сәтімбекұлы «ҚазҒЗИХимжоба» («КазНИИХимпроект») АҚ президенті қызметінде жүргенде институттың Қазақстан өнеркәсібінің химия және тау-кен-химия салаларында іргелі институт болуына мүмкіндік берген ірі ғылыми-өндірістік міндеттердің шешілуіне жол ашып, өнімнің жоғары сапасы үшін  ұжымға 1996 жылы Копенгагенде Алтын кубок тапсырылды. Ол әзірлеген инновациялық технологиялар, процестер мен конструкциялар Қазақстан, Ресей, Украина және Өзбекстанның әртүрлі кәсіпорындарында 87 қондырғы мен желілерді құру және қайта құру кезінде өнеркәсіптік қолдауға ие болды. Параметрлері бойынша әлемдік аналогтардан жоғары деп танылған газ тазалау аппараттарының үш сыныбы қалыпқа келтіріліп, сериялық өндіріске жіберілді. Оның басшылығымен басталып, бүгінде жалғасын тапқан Шымкент қаласының инду­-
стриялық аймағында (фосфор зауытының бұрынғы алаңы) агроөнеркәсіптік кешен мен құрылыс индустриясына арналған жаңа өнімдердің кең спектрін алу үшін икемді технологиямен инновациялық өндірістер құру жұмыстары аяқталуда.
 Ғалым ағамыздың ғылыми еңбектері мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет Белгісі» орденімен, «Жұмыстағы үздік табыстары үшін» КСРО МВ және ССО төсбелгісімен, «КСРО өнертапқышы»  белгісімен, Қазақ КСР «Алтын кітабына» енгізілгені жөнінде дипломмен марапатталды. Ол КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО-ның «Құрметті химигі». Оның іргелі зерттеулері мен ғылыми жаңалықтары халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып, оған Нобель сыйлығының лауреаты П. Л. Капица атындағы күміс медаль және «Ғылыми жаңалықтың авторы» дипломы, Нобель сыйлығының лауреаты В.Рентген атындағы Еуропалық күміс медаль  және URKUNDEU дипломы (Ганновер қ.), «GOLDEN EAGLE» ордені (Германия), өнеркәсіптік технологиялар процестері мен техникасы қауымдастығының Алтын медалі (Ресей, Мәскеу) табысталды. 2011 жылы инновациялық жетістіктері үшін ұжымдарды марапаттау мақсатында академик Оразалы Балабеков атындағы кубок құрылды. Термодинамика саласындағы жаңалықтары үшін Леонардо Да Винчидің «Халық алдындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған ол КСРО-ның Құрметті химигі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының, Халықаралық инженерлік академияның және басқа да бірқатар шетел академияларының академигі, бірқатар шетел университеттерінің құрметті профессоры атанды.
Оразалы Сәтімбекұлы  2011 жылы қайта құрылған бүгінгі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің өркендеуіне де айтарлықтай үлес қосты. Оқу орнының атауы әр жылдары ХҚТУ ШФ, ХҚТУ ШИ, АИУ деп өзгертілгенде, алдағы тағдырына аса қатты алаңдағандардың бірі Оразалы ағамыз еді. Сол кездері ол Президент аппаратына, Министрлер Кабинетіне, Түркиядағы өкілетті сенатқа, ҚР Білім және ғылым министрлігіне үндеу тастап, соның нәтижесінде Оңтүстік Қазақстандағы педагогикалық қара шаңырақ өз орнын сақтап қалды.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми жұмыстар  жөніндегі проректоры қызметінде жүргенде, оның жетекшілігімен дайындалған «Уран өндіруші кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін зерттеу» тақырыбындағы ғылыми жұмысы ҚР БҒМ ғылыми грантына ие болды. Осы жұмыстың нәтижесінде монография және бірқатар оқу-әдістемелік, электронды және көрнекі құралдар жарық көрді. Бұл ғылыми еңбектер облыстағы уран кенін өндіретін аудандарда тұратын халықтың экологиялық білімін көтеруге бағытталды. 
Үлкен жетістіктерге ие болғанына және ғылым әлемінде қаншалықты танымал болғанына қарамастан, Оразалы Сәтімбекұлы өмірде өте қарапайым, кішіпейіл, реті келгенде әзілдің көрігін қыздыратын, кез келген жағдайда қолдау көрсетуге дайын тұратын абзал азамат еді. 
Жан-жақты, терең білімді, қарапайым ауыл мектебінің түлегі, таланты мен еңбекқорлығының арқасында академик дәрежесіне көтерілген Оразалы Балабековтің химиялық технология саласында қалыптастырған ғылыми мектебі, ғылымдағы ғибратты ғұмыры жалғаса бермек.

Халима САРТАЕВА,
ОҚМПУ-нің биология кафедрасының профессоры міндетін атқарушы, 
биология ғылымдарының кандидаты, БҰҰ Экология және тіршілік қауіпсіздігі  Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі.
Пікір қалдырыңыз