Олар қоғамға ең керекті маман иелері

Замира Садырбаева Шымкент жоғары медицина колледжінде кітапхана меңгерушісі болып жұмыс істейді. Ол бүгінгі заман ағымына қарай кітапхана ісіне қойылатын талаптың күрделене түскенін айтады. Яғни қазір кітапханашыларға бұрынғыдай оқырманға қажетті оқулықты тауып беріп қана отыру жеткіліксіз. Сала мамандары жаңа технологиялардың көмегімен кітаптардың электронды нұсқасын жасап, оларды электронды каталогқа енгізу қызметін де қоса атқарады. Көпшілік елей бермейтін осындай сан шаруаның бел ортасында жүріп, дүйім оқырманның көңілінен шыға білген Замира Қалиқызы жайлы біз тектен-текке жазып отырған жоқпыз. Оның кітапхана ісін дамытуға қосып жүрген үлесі орасан зор.  

Айталық, ол аталмыш оқу орнында электронды оқу залының ашылуына және кітапхана қорындағы кітаптардың электронды нұсқасының «SmartNation» порталына қойылуына бірден-бір мұрындық болған маман. Елде эпидемиологиялық ахуал күшейіп, білім ошақтары онлайн жүйе бойынша оқытуға көшкен уақытта студенттер мұның көмегін көп көріпті. Қазір колледжде екі оқу залы бар. Бірі – дәстүрлі, екіншісі – электронды. Дәстүрлі оқу залында оқырмандар өздеріне қажетті кітаптарды қолдарына алып оқитын болса, электронды оқу залында олар сирек кездесетін оқулықтарды тез арада тауып, керекті мәліметтермен таныса алады.   
Замира апай бүгінде кітапхана қорында саны тым аз болған кітаптарды PDF форматына көшіру шараларының да қолға алынып жатқанын жеткізді. Кітапханада бір меңгеруші, екі кітапханашы, бір бағдарламашы жұмыс істейді. 
– Колледж оқытушылары өздерінің лекциялары мен тәжірибелік сабақтарының дискілерін бізге әкеп өткізеді. Оларды да базаға енгізіп отырамыз. Мұны белгілі бір себептермен сабаққа қатыса алмай қалған студенттер пайдаланады.
Жастар, әрине, кітапты қолға алып оқығанға ештеңенің жетпейтінін айтады. Дегенмен, қазіргі заман ағымына қарай олар да электронды оқулықтардың көптеп жинақтала бастағанына қуанышты. Өйткені, мұндай дүниелер студенттерге уақыттарын үнемдеуге көмектеседі.     
Колледж кітапханасының жалпы қоры 76069-ды құрайды. Оның ішінде барлық пән бойынша оқу әдебиеттері – 37245, оқу-әдістемелік әдебиеттер – 23162. Сонымен қатар, 255 электронды оқулық бар, – дейді кейіпкеріміз.  
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, бүгінгі кітапханашылар – қоғамға ең керекті маман иелері. Осы жолда аянбай қызмет атқарып келе жатқан кітапханашылардың еңбегі қашан да бағалауға тұрарлық емес пе?! Замира Қалиқызы кітапханада көпшілік шараларды да ұйымдастырып отырады. Осы жағынан алғанда кітапханашылардың білім мен ғылымның ғана емес, мәдениетіміз бен өнеріміздің де өркендеуіне үлес қосып жүрген жандар екенін айта кеткіміз келеді. 
Замира апайды эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін әр кез шыңдап отыратын нағыз маман иесі десек артық айтқандық болмас. Осы салада 26 жылдан бері еңбек етіп келе жатса да әліге дейін семинарларға, курстарға қатысып, білімін толықтырады екен. Ол халықаралық кітапханашылар байқауында әріптестері арасынан үздік деп танылып, «Үздік кітапханашы – 2017»  аталымымен марапатталған. 
Кітапхана саласы қазір ақпаратты беру мен табудан ғана тұрмайды. Сондықтан кітапханашылар да үнемі ізденісте жүруі керек. Біздің кейіпкеріміз Замира Қалиқызы сондай жан.
Пікір қалдырыңыз