Нұржан – кітапханашы

Мақала тақырыбын бұлай қоюымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені, қазір кітапханашы мамандығын меңгерген ер азаматты табу өте қиын. Біле білсеңіздер, ең әуелгі кітапханашылар ер азаматтар болған екен. Олар тасқа қашап жазылған дүниелерді көтеріп жүру, айтылған орынға жеткізіп беру қызметін атқарыпты.

Нұржан Жолдыбалиновтың бірінші мамандығы – теміржолшы. Алайда, шойын жолда жұмыс істеу оның жүрек қалауы болмады. Сондықтан асқақ арманына қол жеткізу үшін ол екінші мамандығын асқан ыждағаттылықпен, ынтамен меңгерді. Және одан нәтиже шығара алды. Кейіпкеріміз Нұржан Жолдыбалинов бүгінде еліміздегі ұлттық электронды кітапхананы әзірлеуге үлес қосқан ең жас ІТ маманы. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы.  
Ол еңбек жолын Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханада бастаған екен. Бүгінде аталмыш кітапханада ақпараттық ресурстар бойынша жетекшінің орынбасары болып қызмет атқарады.    
– Кітапхана мамандығының және кітапханашылардың беделін биік деңгейге жеткізу керек. Өйткені, қазір кітапханашылардың міндеті мүлдем өзгерген. Олар оқырманға қажетті кітаптарды тауып беру қызметін ғана атқарады деп ойласаңыздар, қателесесіздер.
Заман ағымына қарай кітапхана қызметін пайдаланушылардың сұраныстары жоғарылады. Соған сай кітапханашылар да менеджер, бағдарламашы қызметтерін қатар атқара бастады. Кітапхана ісінің алға қарай жылжуына, дамуына үлес қосу үшін білімін әрқашан жетілдіріп отыратын білікті мамандарға айналуда. Осыдан-ақ қоғамымызда кітапханашы мамандығының мәртебесі жоғарылай бастағанын көруге болады. 
Қазіргі таңда елiмiзде 11 мыңнан астам кітапхана бар. Технология қанша дамыса да, бірде-бір компьютерлік бағдарлама кітапханашының орнын баса алмайды, – дейді кейіпкеріміз. 

Д. ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.
Пікір қалдырыңыз