Даусымыз аз болғанымен, көп нәрсе айтамыз

Анарбек ОРМАН, 
Түркістан облыстық мәслихатына 
«Ақ жол» партиясынан сайланған депутат: 

– Сіз – Түркістан облыстық мәслихатына «Ақ жол» партиясы атынан сайланған депутатсыз, мәслихаттың кәсіпкерлік, құрылыс және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасысыз. Комиссия отырыстарында қандай мәселелер көтеріліп жүр?
– Тұрақты комиссияда 9 айдың ішінде төрт отырыс өтті. Осы отырыстарда кәсіпкерлікті дамытуға қатысты көптеген мәселе көтерілді. Соның бірі – кәсіпкерлікке салынатын салықтың санын азайту және бірыңғай салық жүйесін құру. Қазір салықтың 20 шақты түрі бар. 
Екінші мәселе –  несиені жеңілдету. Бүгінгі таңда жеңілдетілген несие беріліп жатқанмен, кәсіпкерлерге соған қол жеткізу оңай емес. Қаншама құжат дайындау керек, кепілдік сұрайды. Біздің ойымыз: кәсіпкер жеңілдетілген несие алуға өтініш берсе, жергілікті атқарушы билік ұсынылған бизнес-идеяны толық зерттеп, келешегі болса қолдап, келешегі жоқ болса, түсіндіруі керек. Кепілдікті мемлекет өз мойнына алуы тиіс. 
Жалпы, кәсіпкерлік саласын тексерушілер көп. Кемшілік болса, бірден айыппұл салады. Керісінше, кәсіпкерлерге жол көрсетіп, көмектессе, кемшілік тапса, түзетуге уақыт берсе... Тексеруші органдардан кәсіпкер қорықпауы керек,  тығыз байланыста бір-бірін қолдап жұмыс істегені жөн. Осы мәселелер бойынша ұсыныс айтып жатырмыз. 
Мемлекет басшысы ауылдарды 2025 жылға дейін таза ауыз сумен толық қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл бағытқа қыруар қаржы бөлініп жатыр. Алайда,  соншама ақша жұмсалған су жүйелерін күтіп ұстамайтын жағдайлар көп кездеседі. Осының салдарынан тәулігіне 2-3 сағат қана су берілетін немесе екі-үш күнде бір-ақ рет су берілетін ауылдар бар. Мұның бір себебі – су саласы мамандарының жоқтығы. Тиісті басқармаларға су жүйелерін күтіп ұстау бойынша депутаттық сауал жолдадық. 
– Білуімізше, Түркістан облысының шағын қалалары мен аудандарында кәріз жүйесіне қатысты проблема көп. Көп қабатты үйлердің өзінде кәріз жүйесі жоқ...
– Жақында Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Индустрия және экономика министрліктері бірлесе жиналыс өткізіп, оған еліміздегі барлық сумен қамтамасыз етуші компаниялар мен құрылыс компаниялары басшылары қатысты. Мұнда Қазақстан халқын ауыз сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйесін реттеу тақырыбы талқыланды.  Қазір ауыз су және кәріз жүйесін дамыту мәселесі бойынша ұлттық бағдарлама жасалып жатыр екен, ол жыл соңына шейін Үкіметтің қаулысымен бекітілмек. 
Бұрын тек мемлекет тарапынан ғана қаржы бөлініп, ол біріне жетсе, біріне жетпейтін. Енді ұлттық бағдарламаға сәйкес ауыз су және кәріз жүйесін дамытуға инвесторлар да қатыса алады. Мемлекеттің қаржысына қарамай, екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттарының мүмкіндіктерін де пайдалану жолдары қарастырылған. Инвестор алған несиенің 
70 пайызын мемлекет республикалық бюджет арқылы субсидиялайды, 15 пайызын инвестор өзі төлейді, 15 пайызын жергілікті билік береді. Бұл  –  үлкен жаңалық. Мұны су және канализация саласын дамытудағы эволюция деуге болады. Осы шешілсе, аудан, қалалардағы сіз айтып отырған мәселелер шешілер еді.
Қазір бұл салаға неге инвестиция салынбайды? Өйткені, ақша шығарған соң инвестордың да пайда көргісі келеді. Амал жоқ, тарифті қымбаттатуға тура келеді. Олай етсе, халық наразы. Егер жоғарыдағы ұлттық бағдарлама іске асса, тариф көтерілмейді, инвестор табыс табады, мемлекетте  ауыз су және кәріз жүйесі мәселесі оң шешімін табады. 
Бір мәселені айта кетейін, бүгінгі таңда ауыз су және кәріз жүйесі саласына ғана емес, барлық сала кәсіптік мамандарға зәру. Кірпіш қалаушы, сырлаушы, бетоншы, дәнекерлеуші, токарь, слесарь, кран, эксковатор жүргізушісі секілді мамандар жетіспейді. Бұрын біздегі құрылыс жұмыстарына Өзбекстан азаматтарын тартатынбыз, қазір шекара жабық, құрылыста істейтін адам жоқ. Мектеп бітірген жастар жоғары оқу орнына түсе алмаса, кәсіптік-техникалық колледждерге барып, осы мамандықтарды игерсе екен. Жатын орны, үш мезгіл тамағы тегін. Стипендия алады. Бизнес осындай кәсіптік мамандықты игерген адамдардың арқасында жүреді. Келешекте елді көтеретін –  осы жастар. Ата-ана да, бала да осыны түсінсе екен. 
Сонымен қатар, бізде кәсіпорындар мен ғалымдардың арасында мүлде байланыс жоқ. Мен де үлкен кәсіпорынның басшысымын. Маған бір ғалым жаңалығымен келген емес. «Су және кәріз саласына қатысты мынадай жаңалығымыз бар, бұл технологияның шығыны аз, пайдасы мынадай» деп, студенттерін қоса жұмылдырса, өзіне де, бізге де пайдалы емес пе?! 1995 жылы Америкаға білім жетілдіруге бардым. Ол жақта ғалыми жаңалық өндіріске енгізілсе, табыстың 51 пайызы – ғалымға, 49 пайызы кәсіпорынға бөлінеді екен. Осы жүйе бізге де керек.     
–  «Ақ жол» партиясы құрылған сәттен бастап «Алаш» ұлттық идеясын ұстанады. Алаш қайраткерлерінің «Жеріміздің әрбір түйір тасы қазақтың кеудесіне түйме боп тағылып, әрбір уыс жүні иығына тоқыма болып киілуі тиіс» деген ұранын партия кәсіпкерлерінің өзі қаншалықты орындап жүр? 
–  «Ақ жол» партиясының негізгі ұстанымы – «Алаш» идеясын әрі қарай дамыту. Тек партия мүшелері емес, еліміздің барлық кәсіпкерлерін осы идеяны жүзеге асыруға шақырамыз. Қазақстанның жер асты, жер үсті байлығы қазақ халқының игілігіне жұмсалуы тиіс. Алайда, сол байлықты игеру үшін қаржы салу керек. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласын алайық.  Мемлекет тарапынан бұл салаға қолдау көрсетілудей көрсетіліп жатыр. Субсидия беріледі. Бірақ ауылдағы шаруаның бәрінің субсидияға қолы жетіп жатыр ма? Жоқ. Субсидияға ауыл шаруашылығы саласындағы ең ірі кәсіпкерлердің ғана қолы жетеді. Қарапайым шаруа субсидиядан бір тиын да алмайды. Біз субсидия ауылдағы бір сиыр ұстайтынға да, мың сиыр ұстайтынға да берілуі тиіс деп жатырмыз.  
Қытайға іссапарға барғанда қазақ тілді телеарнасынан керемет жағдайды естідім. Билік төрт-бес ауылға мемлекет есебінен бір агроном ұстайды екен. Ол күз-қыста жұмыс саябырсыған кезде ауыл адамдарын жинап, оқытады. Жердің құнарлылығы, ауа райы, судың жайына қарай  қандай  көкөніс, егіс егуге болатыны, тұқымды, тыңайтқышты қайдан алуға болатыны туралы кеңес береді. Ал, егін егу басталған кезде агроном шаруашылықтарды аралап, тағы кеңес беріп жүреді. 
Бізде агроном, ветеринардың халыққа кеңес беріп жүргенін көргеніңіз бар ма? Мемлекет осындай нақты-нақты жұмыстармен айналысқанда ғана ауыл шаруашылығы дамиды. 
– Бүгінде ауылдарда малдың жүнін өртеуден басқа амал қалмаған. Алаш қайраткерлері бір ғасыр бұрын армандағандай, әрбір уыс жүннің қазақтың  иығына тоқыма болып киілуіне бүгінде не кедергі?  
– Өркендеген елдерде малдың жүні ғана емес, тұяғына шейін өңдейді. Бізде жүнді өңдесе, жіп иіретін, киім тоқитын кәсіпорын жоқ. Осы істі қолға алғысы келетіндер бар, бірақ қалталары көтермейді. Ол үшін малды өсіретін қойшы-малшыдан бастап, жүнді өңдеп, жіп иіріп, одан киім тігіп шығаратын тұтас кешен бір-бірімен тығыз байланыста болуы керек. Сонда ғана бұл бизнес жүреді.  
– Парламентте де, жергілікті мәслихаттарда да «Ақ жол» партиясы мүшелерінің саны аз, Сіздер көтерген мәселелер билік тарапынан қаншалықты ескеріліп жатады?
– Даусымыз аз болғанымен, көп нәрсе айтамыз. Айтқандарымыз ертелі-кеш билік тарапынан назарға алынып жатыр.  Салықтан босату және тексеруге мораторийді өркендеген елдердің төңірегіндегі жағдайға сәйкес 5 жылдан 3 жылға төмендетуді ең бірінші «Ақ жол» партиясы көтерген. Несие алу жолдарын жеңілдету, несиені субсидиялауды да біздің партия ұсынған. Билік биснеске бастық емес, қолдаушы бола білгенде ғана кәсіпкерлік дамиды. Қазір, мәселен, дүкен салмақ болып, құжат жинау үшін бірнеше мекеменің  табалдырығын тоздырасыз.  Біздің партия мұндай жағдайда биліктің кәсіпкерге жер беріп, нысанның жобасын ұсынып,  су, жылу, жарық секілді мәселелерін шешіп, көмектесуі керек деген ұстанымда. 
– Депутаттық мандатқа ие болғаннан бергі аралықта Сіз көтерген қай мәселе нақты шешімін тапты? 
– Қазақстанда су мәселесі өте күрделі. Су ресурстарының 40 пайызы  Ресей, Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан келеді. Келешекте судың мәселесі үлкен дауға айналуы мүмкін. Қазір басқа мемлекеттер бізге жіберіп жатқан суын өздерінде қалдыруға тырысады. Су қоймаларын салып, егін алқаптарының көлемін ұлғайтуда. Енді бізге өз ресурстарымызды пайдалануға тура келеді. Бәйдібек ауданында Сарқырама деген ауыл бар. Су саласындағы жобалау институты  басшыларымен ақылдаса отырып, Сарқырама ауылынан  50 млн. текше метрлік су қоймасын салу үшін зерттеу жүргізуге келістік. Бұл аудандағы егіс алқабы көлемін 5000 гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сол судан 30 млн. текше метрін бұрып,  Түркістан қаласына дейін жеткізуге болады екен. Облыс әкімінің назарына осы мәселені ұсынып едік, Өмірзақ Естайұлы сол жерді өзі көріп, қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Алла қаласа, 2023 жылы су қоймасының құрылысы басталады. 
Сарқырама ауылындағы орта мектеп дизельмен жылытылады, ал, 200 метр жерден газ құбыры өтеді. Дизельмен жылыту газбен жылытуға қарағанда үш есе қымбатқа түседі екен. Мәселе шешіліп жатыр. 
Сайрам ауданындағы Ақсу өзенінің бойында ондаған карьер тас қазып алып, сатумен айналысып келген. Бұл өзеннің суының тартылып, арнасының бұзылуына, су тасқынының орын алуына, экологиялық апатқа ұшырауына апарып соғуы мүмкін еді.  Мәселе көтердік, облыс әкімі комиссия жіберіп, нәтижесінде карьерлердің бәрі жабылды. Қазылған жерлерді қалпына келтіру үшін сметалық-жобалық құжат жасалып, 2023 жылы табиғатты қалпына келтіру жұмыстары басталады. 
Бәйдібек ауданының Шалдар елді мекенінен Сарқырама ауылына баратын тас жол әбден тозған, көлік жүруі қиын. Төрт-бес ауылға апаратын бұл жол келесі жылы асфальтталатын болды. 
Сарыағаш ауданында №52 және №6 мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары былтыр басталып, аяқталмай тоқтап қалған екен. Қазір осы мәселені шешумен айналысып жатырмыз. 
– Анарбек мырза, сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін көп рахмет!

Сұхбаттасқан Гүлжамал МҰСАЕВА, 
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз