Қылқалам ұшындағы кеңістік

Жақында Түркістан қаласындағы Конгресс-холда Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Бақыт Сраиловтың «Кеңістік» атты сурет көрмесі өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған шараға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Кеш иесінің иығына зерлі шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. 

Мұнан кейін Қазақстан Суретшілер одағы Түркістан облысы бойынша филиалының төрағасы Нұрлан Шилибаев пен «Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Түркістан облысы бойынша филиалының төрағасы, мәдениет қайраткері, театр ардагері Бастарбек Пірімбетов суретшінің қылқаламынан туған туындылары жайлы ой қозғады. Олардың бүгінгі заманмен үндесетініне, ойлылығына тоқталды. 
Көрмеге келген қала тұрғындары мен қонақтар да шын таланттың шеберлігін көргендей болды. Жалпы, Бақыт Сраиловтың шығармашылықта қол жеткізген табысын, жеткен жетістігін айтып тауыса алмаспыз. Шара барысында ізденімпаз суретші жайында жазылған «Кеңістік» атты кітаптың тұсауы кесіліп, көпшілікке таныстырылды. Кітаптың авторы – ҚР Журналистер одағының мүшесі Ә.Тілеубеков. 
Айта кетейік, Бақыт Бекмырзаұлы Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет училищесінде суретші-безендіруші мамандығында оқыған. Одан кейін Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтына түсіп, қоюшы-суретші мамандығы бойынша білімін жетілдіре түскен екен. 1978–1979 жылдар аралығында Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрда суретші-көркемдеуші, 1983–1990 жылдар аралығында суретші-қоюшы, 1990–2008 жылдары бас суретші болып жұмыс істеді. 2008 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Сценография» кафедрасының аға оқытушысы, 2009–2012 жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бас суретшісі болды. Ал, 2012 жылдан бері Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының көркемдік жетекшісі және директоры қызметін атқарып келеді.
Суретшінің осы күнге дейін халықаралық, республикалық көрмелерге және театр фестивальдеріне ұсынылған туындылары лайықты бағаланып, әділ бағасын алған. Бүгінде Бақыт Сраилов Қазақстан Театр қайраткерлері одағының «Жылдың үздік суретшісі» номинациясының және Қазақстан театрлары ассоциациясының «Сахнагер-2018» Ұлттық театр сыйлығының иегері. «Еңлікгүл-2014» сыйлығының лауреаты. Сонымен қатар, ол Жетісай мен Мақтаарал аудандарының құрметті азаматы. 

Өсімхан ПІСТЕБЕК, 
Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі.
Пікір қалдырыңыз