Онлайн санақта облыс алда келеді

Түркістан облысының 912 087 тұрғыны жалпыұлттық халық санағынан онлайн режимде өтті. Осылайша бүгінде санаққа қатысқан халық үлесі 44,2%-ды құрады.

Онлайн санақтан өткендер саны бойынша Түркістан облысы алда келеді. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте айтылды.

Облыс басшысы Ұлттық халық санағының аса маңызды саяси науқан екенін айтып, жауапты тұлғаларға бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырды. 1 қазаннан бастап санақтың дәстүрлі жаппай аралау әдісімен жүргізілетін кезеңі басталды. Онлайн санақтан өту уақыты 15 қазанға дейін болады. 

Апталық мәжілісте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуінің алдын алу шаралары мен тұрақтандыру жұмыстары туралы баяндалды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Бүгінгі таңда облыстағы тұрақтандыру қорында құны 544,1 млн. теңгені құрайтын 5 791,5 тонна тауар бар. Жыл басында тұрақтандыру қорын толықтыру мақсатында 595,8 тонна азық-түлік тауарлары (макарон өнімдері – 55 тн, ұн – 87 тн, қырыққабат – 142 тн., күріш – 243,8 тн, күнбағыс майы – 20 тн, құмшекер – 48 тн.) сатып алынды.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері Түркістан қаласында жаңадан ашылған «Эко базар» аумағында 10 рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда 367,8 млн. теңге сомасына 732 тонна тауарлар нарық бағасынан 15-20 %-ға төмен бағамен сатылымға шығарылды. 

Әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауардың 16 түрі өңірде өндіріледі. Тұтыну нормасына сәйкес, бұл өнімдермен облыс халқы артығымен қамтамасыз етіледі. 

Пікір қалдырыңыз