Кездесу

1904 жылдың көкек айы. Жерде әлі қар бар. Осы бір жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында Қызылжар базарында мұсылмандардың рамазан мейрамы өтетін. Бұл той-думанды ұйымдастырушылар негізінен қала татарлары еді. Той үстінде палуандар күресі болып, жиналған қауым бір жасап қалатын. Сондықтан да мұсылман жұртшылығы той жақындаған кезде палуан іздеп сабылып жатушы еді.
Татар жігіті Абдолла Мұқанның қос ат тарта алмаған шананы сүйрегенін көрді де, тістей қатып айрылмады. Міне, олар Қызылжардың базарында жүр. Базарға халық жан-жақтан ағылып келіп жатыр. Көктемгі базарда жөнді сауда дейтін сауда да жоқ. Әр жер-әр жерде шамалы картоп пен пияз үйіліп жатыр. Базар ауласынан алты қанат үйдің орнындай жер қазылып, үстіне ағаш ұнтағы себіліп, киіз төселіпті.
Атқа мінген жаршы базарды аралап жүріп, палуандар белдесуінің өтетінін хабарлады. Соның артынша гармон ойналып, татар әндері шырқалды. Жуан мойны күжірейген жирен мұртты орыс жігіті шешініп, палуандар белдесер алаңға шыға келді. Ол әрлі-берлі жүгіріп, денесін қыздырды. Бір пұт, екі пұт гірлерді лақтырып қағып, бұлшық еттерін біраз ойнатып алды. Бұдан кейін аренадан шығып, үлкен қара тасқа барып отырды. Сол-ақ екен, үстіне желбегей ақ бешпет киген татар жігіті аренаға шыға келді де:
 – Жарандар, орталарыңда атақты орыс палуаны Злобинмен белдесетін кісі бар ма? Мұсылман жұртшылығы жеңген палуанға мың сом бәйге тігеді. Ал, Злобин мырза өзімен бес минут күресуге шыдаған палуанға «бес жүз сом беремін» деп уәде етіп отыр, – деді дауыстап. Базар іші құлаққа ұрған танадай жым-жырт бола қалды.
Сонымен белдесіп күресетін палуан бар ма? – деді ол тағы да қайталап.
Мұқанның қасындағы серігі Абдолла қара тас үстінде отырған қара нардай Злобинді көріп қорқып кетті. Әлі күш-қайраты толысып, кемеліне келе қоймаған жас жігітті мына бура санды палуанмен белдестіріп, меселін қайтарып аламын ба деп қауіптенді.
Ол тіпті Мұқанды күрестірмей-ақ кері алып қайтқысы келді. Ал, Злобинді көрген Мұқанның жүрегі атша тулап, кеудесіне сыймай бара жатты. Оған өмір бойы аңсаған күрес майданына шығатын мезгіл жеткендей көрінді.
Осы кезде жар салып жүрген кісі:
– Ал, кімнің күреске шыққысы келеді жарандар? – деп тағы да айқайлады.
– Мен күресемін. 
– Мұқан бұл сөзінің аузынан қалай шығып кеткенін байқамай да қалды. Иін тіресіп тұрған жұрт дауыс шыққан жаққа аңтарыла қарасты. Бұл жағдайды күтпеген хабарлаушының өзі ә дегенде абыржып қалды. Ол бойын тіктеп өз-өзіне келді де, күресем деген жігіттің аренаға шығуын сұрады. Үстіне қазақша шапан киген, дене бітімі келісті жігітке анталаған жұрт екі жарылып жол берді. Жігіт қақпақтай жауырынды, денелі екен. Жаршы сыбырлап сөйлеп, одан аты-жөнін сұрап алды да:
– Сібір жұлдызы Злобин мен қазақ палуаны Мұқан Мұңайтпасұлы күреске түседі, – деді елге жариялап.
Мұқанды көрген Злобиннің де қуанышы қойнына сыймады. Ол жақында ғана досы Иван Владимирович Лебедевтен хат алған-ды. Хатында ол:
«Злобин мырза, қыр қазағынан көзіңізге палуан көріне қалса, маған жібергейсіз, өйткені, кілең орыс палуаны күресетін циркке жанкүйерлердің келуі де сирекси бастады» деп жазған еді. Ал енді мына жігіт жас көрінеді, оның үстіне әлсіз де болмас. Сонда бұл досының тілегін орындап, өз циркінде палуандар біріншілігін өткізіп тұруға қолы жетері хақ.
Мұқан аренаға шығып, дереу шапанын шешті, жұрт оның сом болаттай шымыр тұлғасын көріп сүйсінді. Палуанның денесін көрген Злобин де іштей қуанды.
Төреші татар жігіті қолындағы үскірігін шалып қалды да, күресті бастады. Злобин Мұқанды байқағысы келді. Ол аяғын беріп, менсінбеген сыңай танытты. Қазақша күреспен көзін ашқан Мұқан оңтайлы сәтті қапы жібермей, Злобинді іштен шалып жіберді де, етпетінен түсірді. Бірақ, ол орнынан тез тұрып кетті. Жұрт ду ете қалды. Кейбіреулер «Мұқан жықты» деп аренаға шығып та кетті. Бірақ, оларды кейін қайтарған төреші:
 – Палуандар бір-бірінің жауырынын жерге тигізулері шарт, – деді.
Көпті көріп, көйлекті ерте тоздырған Злобин алып денелі қазақ жігітін жығудың оңай еместігін енді түсінді. Ол сылбыр қимылды қойып, шабуылға көшті. Әйтсе де, оның шабуылы тегеурінді тойтарысқа ұшырай берді. Ақыры он бес минуттық күрес нәтижесіз бітіп, Злобин бес жүз сом ақша ұтқызды. Бұдан кейін де күрес жалғаса берді.
Кездесу аяқталғанда, Злобин Мұқанды құшақтап бетінен сүйді. Мұсылмандар бәйгеге тіккен мың сомды Мұқан мен Злобинге тең бөліп берді.
Сол жерде Злобин палуандар «Ваня ағай» деп атайтын Иван Лебедевке хат жазды:
«Ваня ағай, мен сізге қыр қазағының арасынан шыққан жас палуан жігітті жібергелі отырмын. Мұның табиғат берген күші орасан. Қабыл алатыныңызға кәміл сенемін.
Сәлем жолдаушы өзіңіздің Злобин».

* * *
Мұқан Қызылжарда тұратын досы Абдоллаға келіп осында өтіп жатқан цирк палуандарының жарысына қатысып, біраз қаражат жиып алды. Сөйтіп Мұқан мен Абдолла Петербургқа жолға даярлана бастады.

Петербургқа сапар


Сол 1904 жылы жазға салым Мұқан Абдоллаға ілесіп Петербургқа келді. Бұлар мінген күйме теңізді жағалай жүрді. Қала көшелерінде сапырылысқан халық жоқ. Күйме төрт қабатты үйдің алдына келіп тоқтады. Мұқан өмірінде алғаш рет көп қабатты үйдің баспалдағымен жоғары көтерілді. Абдолла келген пәтерінің есігін қақты. Іштен шүйкедей кемпір есік ашып, Абдолла мен Мұқанды ішке кіргізді. Үй іші өте жұпыны, үш-төрт орындықтан өзге көзге ештеңе көрінбейді. Кемпір екеуіне тақтай еденге төсек салып берді.
Ертеңінде бұлар көшеге шыққан. Мұндай әрі үлкен, әрі әсем қаланы Мұқанның алғаш көруі. Қаланың адамдары, үйлері мен қора-жайлары оған оғаштау көрінді. Тіпті, шаһар тұрғындарының әдет-ғұрыптары да өзгеше сияқты. Ол ауылда Петербург жөнінде көп әңгіме естіген. Сонда: «Олар ақ патшаның ордасы тігілген қала» деп жиі айтушы еді. Сол әңгіме есіне түсіп ол: «Шынында, ақ патшаның ордасы тігілсе тігілген болар, өйткені, шаһарлықтар сәндене киінеді екен, ал, шаһар көркі де ертектегідей» деп іштей күбірледі. О баста жолда келе жатып, ол неге екенін қайдам, қаланы өз ауылына ойша ұқсата берген. Сонда мұндай ел көп мекендейтін қалада бұл қалай күнелтпекші.
«Қой палуан, мына ығы-жығы халықтың арасына жабайы қыр қазағы сіңіп кете алмас» деп ойлады ол. Бұл ойын ол қасындағы серігінен бүкпеді.
– Абдолла, – деді ол, – мен сенімен бірге елге қайтқым бар. 
– Мұқанның мына шешімінен шошынған Абдолла:
– Саған не болды? Мұқан, сен палуандықты үйренуге келген жоқ па едің? – деді.
– Оның рас. Бірақ, бейтаныс жат ортада бір түрлі жүре алмайтын сияқтымын.
Абдолла Мұқанның кешелі бері иіні түсіп, көңілсіз жүргенін байқаған еді. Енді мұның намысына тие сөйледі.
– Сені «батыр» деп ертіп шықсам, қояндай қорқақ екенсің ғой, – деді. Мұндай жауап күтпеген Мұқан бір орнында сілейіп тұрып қалды.
Бұдан кейін екеуі де үнсіз келе жатты. Ойы – онға, санасы санға бөлінген Мұқан қасындағы серігіне не айтарын білмей абыржыды. Не болса да тәуекелге бел буып, палуандық өнерді үйренгісі де келді. Оның ойын Абдолла бөліп жіберді.
 – Мұқан, сені бүкіл ел күрес үйренуге жіберіп отыр. Сен болсаң көлеңкеңнен қорқып елге қайтпақсың. Онда саған не бар? Масликовқа қайта малай болғың келе ме? Есіктегі басыңды төрге сүйресе, сен тырбаңдап кейін қашасың, – деп Абдолла оған батыра-батыра сөйледі. Шымбайына сөз батып кеткен Мұқан:
– Жарайды, енді көндім. Әлгі апарам деген жеріңе тезірек апаршы, – деді ол әлденеге бекінгендей сыңай танытып. Бұл әңгімеден кейін олар жүрісін жылдамдата түсті. Бұлар іздеп келе жатқан Ваня ағайдың мектебі Эртелеев көшесінің бойына орналасқан еді. Қиналмай тапты.
Мектептің ауласына кіруі мұң екен, темірдің шаң-шұң жаңғырығы, адамдардың «әуп, ап» деп бірдеңені көтеріскен дауыстары құлаққа келді. Мектептің қабырғасына нешетүрлі палуандардың суреттері ілініп тасталған екен. Бұларды көріп Мұқанның есі кетті. Абдолла ол суреттерге зер салмай, атлеттер жаттығу жасап жатқан бөлмеге өтті.
Кең жауырынды, жирен мұртты кісі Абдоллаға қарсы жолықты. Абдолла онымен сәлемдесті де:
– Ваня ағайға қалай жолығуға болар екен? – деді.
– Іздеген Ваня ағайыңыз мен боламын, – деді әлгі кісі. Ол бұған тіксіне қарады. Сасып қалған Абдолла:
– Мұқан, бері кел! – деді оны шақырып. Жауырынды, құйған шойындай нығыз қара жігітті көрген Ваня ағай:
– Мынау Саракикиден де денелі екен, – деп еріксіз дауыстап жіберді. Абдолла бұл сөзге түсінбеді.
– Не сұрадыңыз, түсінбедім? – деді ол.
– Сен ертіп келген жігітті жапонның мықты палуанымен салыстырып тұрмын, – деді Ваня ағай.
– Ваня ағай, сізге палуан Злобиннен хат әкелдік, – деді Абдолла хатты оның қолына ұстатып жатып.
Ол хатқа көз жүгіртіп шықты да:
– Андрей Николаевичтің дені сау ма? – деп сұрады.
– Иә, біздің Мұқан ол кісімен рамазан мейрамында күрескен еді, – деді Абдолла.
– Ал, жігіттер, менің бөлмеме баралық. – Екеуі Ваня ағайдың соңынан ерді.
Зал ішінде палуандар жаттығу жасап жатыр екен. Кейбіреулері темір көтерсе, базбіреулері күресіп жатыр. Ваня ағайдың екі көзі алдында келе жатқан Мұқанда. Ол өзін іздеп келген жігітке дән риза. Іштей қуанған кездегі әдетінше ол кісі жирен мұртын бір ширатып қойды. Бөлмеге келген соң ол Мұқанмен ұзақ сөйлесті де, қауырсынды қолына алып шұқшиып қағаз бетіне бірдеңе түсірді.
 – Ал, Мұқан, мына қағазды жатақханадағы әйелге апарып орын ал. Ертең сағат бесте жаттығуға келесің, – деді. Мұқан Ваня ағай берген қағазды қолына алды. Осы кезде Абдолла:
– Ваня ағай, Мұқан екеумізге палуандардың жаттығуын көруге бола ма? – деді өтініп.
– Онда тіпті жақсы. Жаттығу аяқталған соң Мұқанды палуандарға таныстырамын. Жатақханаға солармен бірге барасыздар.
Мұқан мен Абдолла Ваня ағайға ілесіп жаттығу жасап жатқан бөлмеге келді. Олар жайласып отырды да, палуандарға көз салды.
Ваня ағай әр палуанды жеке шақырып, әрқайсысына тапсырма беріп жүрді.
Әлден соң ол кісі:
– Медведев, бері кел, – деді. Шомбал денелі, үсті-басын жүн басқан палуан Ваня ағайдың қасына келді. Бұдан соң ол Осипов деген палуанды шақырды. Бұл екі палуанға бірдей тапсырма берді білем, олар кір көтерумен шұғылдана бастады.
Демалыстан кейін олар күрес әдісін үйренуге көшті. Кілем үстінде палуандардың бірі құдды қап секілді қимылсыз тұрды да, екіншісі әртүрлі әдіс-айла қолданып, оны оңға-солға лақтыра бастады. Осылай палуандар кезекпе-кезек ауысып, нешетүрлі күрес әдістерін қолданумен болды.
Арада көп өтпей Ваня ағай енді палуандарды жұп-жұбымен кілемге шақырды.
Енді бірде кілемге Осипов пен Медведев шықты. Олар бір-бірімен аңдысып бақты. Шомбал денелі Медведев небір қилы-қилы әдісті қолданып, қарсыласын кілемге бірнеше рет лақтырды, бірақ Осипов әркез амалын асырып, жауырынын жерге тигізбей кетіп жүрді. Сол бір оңтайлы сәтті пайдаланған Осипов Медведевті іштен қапсыра құшақтап, жоғары тік көтеріп әкетті. Ол әп-сәтте оң жаққа бұра тартып, лақтырып жібергенде Медведев жерге бір иығымен шаншыла түсті.
– Никола азамат, бірақ Алексейдің жауырыны жер иіскеген жоқ, – деді Ваня ағай. Бар ынтасы күресте болып отырған Мұқан сол мезетте орнынан түрегеліп 
кетті.
– Ваня ағай, рұқсат етіңізші, мен де күресейін, – деді ол өтініп.
– Жоқ, әуре болма, саған күресуге әлі ерте, – деді Ваня ағай.
Мұқан бір орнында тыпыршып отыра алмады. Кілемдегі палуандар айлалы әдіс қолданғанда, ол дегбірсіздене берді. Жан-тәнімен күресті сүйетін жас жігіттің шыдамы таусылып отырғанын білген палуандар, мұны күрестіріп қызыққа батқылары келді білем:
– Ваня ағай, мына жігітті күрестіріп көрелікші, – деп өтінді. Сұраушылар көбейіп бара жатқан соң Ваня ағай:
– Мұқан, шешіне ғой, – деп рұқсат 
берді.
Ол қобдишасын жалма-жан ашып, ішінен шапанын алып киді де, кілемге шықты. Ваня ағай:
– Медведев, бері кел! – деді. Одан соң ол кісі Медведевтің құлағына сыбырлап бірнәрсе айтты.
Мұқан мен Медведев ұстаса кетті. Ауыл арасында талай күрескен ол қарсыласынан жасқанған жоқ. Медведев болса оны менсінбей кеудесін қайқаңдатып аяғын беріп еркін жүр. Мұқанға керегі де сол еді, бір оңтайлы сәті келгенде Медведевті іштен шалды. Ол екі рет аунап түсті. Мұны көріп тұрған палуандар қарқылдап, күліп жіберді.
– Мұқан күрес үйренсе, әлі бәріңді жайратады, – деді Ваня ағай күлкісін әзер тыйып. Жас жігіт қайта шабуылға шықпақ болып алға ұмтылғанда, Медведевтің тұзақ әдісіне түсіп қалды. Мына көріністі тамашалап тұрған палуандар күлкісін тыйып, жас жігіттің ерен күшіне риза болды. Жолдастарының мазағына шыдай алмаған Медведев ашуға булықты, жауар бұлттай түнеріп Мұқанды жамбасқа салды да, жерге алып ұрды. Қас-қағым сәтте жауырынымен жерге гүрс еткен Мұқан орнынан ұшып тұрып қарсыласына қайта жабысты.
– Жә, жетеді, Мұқан, бүгінгі күрес осымен аяқталды, – деді Ваня ағай. Мұқанның қимылына дән разы болған Абдолла оны құшақтап, бетінен шөпілдетіп сүйіп жатты. Ваня ағай палуандарды қаз-қатар тұрғызды да:
 – Ал, мырзалар, жаңа ғана жас жігіттің күресін көрдіңдер. Сол жігітті қатарымызға қабылдаймыз ғой деймін? – деді.
– Қабылдаймыз! – десті палуандар бір ауыздан.

* * *
Мұқан Петербургтағы мектепте оқып жүргенде «Фарс» бағында өткен халық­-
ара­лық палуандар біріншілігін әлденеше рет барып көрді. Мұндай жарыстардың жас талапкерге берері мол еді. Ол осындағы атақты палуандардың әдіс-айласын көкейіне түйіп, жаттығу кезінде ерінбей-жалықпай қайталаушы еді.
Сөйтіп жүргенде атақты француз жаттықтырушысы Эжен де Пари Петербургқа келді. Дүние жүзінің екі дүркін чемпионы Поль Понс пен Қара Ахметті даярлап шығарған Эжен де Паридың жұлдызы жанып тұрған кезі еді бұл.
Россияның баспасөзі «Эжен де Паридің «Санкт-Петербург атлеттер қоғамындағы» французша күрес үйірмесіне жаттықтырушы болып келгенін жариялады да, артынша оның Франциядағы көп жылғы жемісті еңбегін бөстіре-бөстіре жазды.
Эжен де Пари басқаратын үйірмеге талапкерлер шамадан тыс көп жиналды. Әркім өз бағын сынамақ. Мұқан да үйірмеге жазылды. Бірде Эжен де Пари Мұқанға сұқтана қарап шықты да:
– Мырза, сіздің дене бітіміңіз Қара Ахметтен кем соқпайды екен, – деді. Сол мезетте бұлар отырған бөлмеге кірген граф Рибопьер қазақ палуанын көріп:
– Де Пари мырза, мына бұратанаңыз кім? – деп жақтырмайтынын анық 
байқатты.
– Ә, мына мырзаны айтасыз ба, ол да французша күрестің әдіс-айласын үйренуге құмар жан көрінеді.
– Не деген білместік! Россия өз халқының өкілдерімен-ақ дүние жүзілік аренада көріне алады. Ал, жапон мен негр орыстың намысын жыртпай-ақ қойсын!
Бұл сөзді естіген Мұқан:
– Мырза, сіз, қателесесіз, мен жапон емеспін, – деді.
– Жапон болмасаң қытай, моңғол шығарсыз, әйтеуір өз еліңіз бар емес пе?
– Мен Россия құзырындағы қазақ деген елдің өкілімін.
– Мейлі, мырза, қазақ тұрмақ, басқа болсаңыз да, сізге біздің ұйымға мүше болуға рұқсат жоқ. Сіз тек циркке ғана 
керексіз.
Рибопьер ашық айтпаса да, Мұқан оның ойын түсінді. Ол қара нәсілдің өкілін бұл қоғамның мүшелігіне алуға рұқсат жоқ екенін палуандардан бұрын естіген еді. Міне, сол естіген сөзі расқа айналып отыр.
Бұдан кейін ол әлгі ұйымның есігін қайта ашпады. Өкпелегенде бұл не бітірмек. Мұқан күн-түн демей жаттығуын жасай берді. Ол даңқ ерінбей-жалықпай жасаған адамға ғана келетінін түсінді.
Алайда, сайын далада еркін жүріп қалған оған қала тұрмысына үйрену оңай болмады. Жаттығудан әбден шаршап құр сүлдесі келеді. Шаһардың у-шу тіршілігі бұған жат. Көшеге шыға қалса, сеңдей соқтығысқан халықтан өзін еркін сезінбейді. Осындай кезде ол ауылын аңсайды. Ойы бұзылып, бәріне қолын бір сілтеп, елге кеткісі де келеді, бірақ тәк-тәкпен ғана шыдап жүр.
Ол жатақханада Мурзук деген палуанмен бірге тұрды. Шомбал денелі, іске тыңғылықты, момын Мурзук Мұқанның айтқанынан шықпайтын. Бұларға жеңілтек өмір мүлде жат еді. Мурзук те Мұқан сияқты жоқшылықтың тақсыретін көп тартқан жігіт екен. Ол 1896 жылы Туниске барған орыс матростарына еріп, Россияға келеді. Сол кезде ол небәрі он үш жаста екен. Цирк делдалдары оның Краевскийдің мектебіне түсуіне көмектеседі. Палуандық өмірге жолдама алған ол күн-түн демей жаттығуға беріле кіріседі. Бірақ, ол кәсіпқой палуандардың арасында көзге бірден түсе қоймады. Қаншама қиындықты басынан кешірсе де, Мурзук алған бетінен қайтпады, жаттығуын жалғастыра берді.
Екі-үш жыл бойы төккен тер босқа кетпеді, арада көп өтпей ол атақты палуандардың сапына келіп қосылды.
Цирк делдалдары үшін ол табылмас олжа еді. «Африка құрлығының чемпионы» деп жарнамалап, көше-көшеге іліп қойған қағаздарды оқып, таңсық жұрт циркке ағылатын. Мурзук те қожайындарының сенімінен шығып, жақсы күресіп жүрді.
Мұқан да Петербургтағы «Фарс» бағындағы цирк аренасына шықты. Россияның белгілі кәсіпқой палуандары сапқа тұрды. Саптың алдында тұрған кеуделі, жауырынды, жирен мұртты кісі «Парад алле» деп әмір берді. Тынбай ойнап тұрған оркестр жым болды. Палуандардың аты-жөндері бірінен соң бірі атала бастады. Әр палуанның аты аталған сайын салтанатты марш ойналды. Егер атақты палуан болса, оркестр марш әуенін асықпай ойнайды, қатардағы палуанға тары қуырғандай бытыр-бытыр еткізіп қоя салады. Бір кезде кезек Мұқанға да келді.
 – Шығыс халықтарының жұлдызы, жауырыны жерге тимеген «Батрак Акмолинский», – деді Ваня ағай Мұқанды цирк тола жанкүйерлермен таныстырып жатып. Бұл ат Мұқанға былай қойылған еді. Жарыс басталардан бір күн бұрын кешкісін жаттығу жүріп жатқанда ентігіп жүгіріп келген ол:
– Мұқан, сені Ваня ағай шақырып жатыр, – деді.
Мұқан досының жақсы хабар әкелгенін іштей сезді, енді Ваня ағайдың бөлмесіне жеткенше асықты. Асығып-үсігіп жетіп барған одан Ваня ағай:
– Мұқан, халің қалай, күресуге даярсыз ба? – деп сұрады.
– Қай палуан өзін даяр емеспін десін. Әсіресе, Мұқан сияқты жас палуандар мұндайда сасқалақтап қалатын.
– Сенім артсаңыз күресуге даярмын, – деді ол.
– Онда даярлан, ертең басталатын халықаралық біріншілікке сен де қатысасың.
– Рахмет, Ваня ағай, сеніміңізді 
ақтармын.
– Ал онда, Мұқан, саған айтар өтінішім бар.
– Айтыңыз, – деді Мұқан тағатсызданып.
– Онда былай, сен бізді дұрыс түсін. Сен қазақсың, бұған біз шек келтіріп тұрғанымыз жоқ. Бірақ, «қазақ» деген халықты ешкім білмейді. Сені халыққа таныстырғанда «Шығыс халықтарының чемпионы» десек елдің циркке көп жиналары хақ. Сондықтан да сенің есіміңді өзгертуді жөн көріп отырмыз, – деді.
Мұқан Ваня ағайдан мұндай сөз естимін деп ойламаған еді. Ол сол мезетте «жоқ, өз атыммен күресемін» деп тайталаса кетуді жөн көрмеді.
– Жарайды, мен келістім, – деді ол біраз үнсіздіктен кейін.
– Ал, онда өзің қандай атты жөн 
көресің?
Ойланып қалған Мұқан:
– Білмеймін, – деді.
– Өзіңе өзің ат қоя алмадың. «Батрак Акмолинский» деп қойсақ қалай көресің?
Мұқан ләм-мим деп тіл қатпады, құр басын изеп, келіскендігін байқатты.
Соның алдына Петербургта өткен палуандар біріншілігінде атақты орыс палуаны Осиповтың бет-аузын қара бояумен бояп, «Құрып бітуге айналған үндістердің көсемі» деп жиналғандарға 
таныстырған-ды.
Табиғатынан артистік өнерге бейім Осипов ешкімге күдік туғызбады. Кілемге шығарда ол үндістердің соғысқа аттанардағы ұранын айтқан болып, айқайлап аузына түскен сөзін сөйлей берді. Циркте отырған жанкүйерлер оған қол соғып, күресте табыс тіледі. Осипов қарсыласын таза ұтып, жеңіске жетті. Осы кезде оны көрмек болған жанкүйерлер аренаға лап қойды. Цирк қожалары күні бұрын палуандардан жасақшылар даярлап қойған еді. Олар аренаға тірі жан жібермеді. Бірақ, елдің у-шуы көпке шейін басылмады. Бұл кездесуден соң да циркке ағылған ел көп болды, үндістердің көсемімен сөйлесіп, ғылыми жұмысқа пайдаланбақшы болған ғалымдар мен журналистер цирк қожаларын есінен тандырды.
Ақырында цирк қожалары:
 – «Үндістердің көсемін» жерлестері еліне ертіп кетті, – деп есік алдына жарнама жазып, тірі жанды қабылдамай әзер құтылды.
Мұқан осы Осиповпен күреске түсті. Алма-кезек шабуылмен өткен бұл кездесудің жиырмасыншы минутында Мұқан қарсыласын тізе бүктірді.
Мұқан французша күрестің әдіс-айласын әлі меңгере қойған жоқ еді. Ол өзінің табиғат берген қара күшіне сенетін. Сондықтан ұзақ уақытқа күресуге шыдамай тез болдырып қалатын. Оның осындай қателігін Иван Корень шебер пайдаланып кетті.
Ол шапшаң әрі алғыр палуан еді. Қарсыласын ұршықша үйіріп, тез шаршататын. Корень жас кезінде бес жыл бойы акробатикамен шұғылданған. Оның белдесу үстінде ылғи ауыр салмақты палуандардың желке тұсына лып етіп өтіп кеткеніне көз ілеспей қалатын.
Алғашқы кезде Мұқан басымдылық байқатты. Ол Кореньді екі-үш рет лақтырып та жіберді. Бірақ, сілеусіндей сақ әрі шапшаң Корень алдыра қоймады. Қайта Мұқанның арт жағына өтіп кетіп, бір-екі рет партерге түсірді. Бұған қазақ палуаны бұлқан-талқан болып ашуланды. Осы кезде Мұқан аяғының сіңірі тартылып, бір-екі рет еріксіз отыра қалды. Мұндай оңтайлы сәтті шебер пайдаланған Корень Мұқанның жауырынын оп-оңай кілемге тигізді.
Ол бұл белдесуден кейін қабағы жауар бұлттай түнеріп жүрді. Бірақ, ол күнбе-күнгі дайындықты тастамады. Тіпті, палуандар залдан кетіп қалғанда да ол біраз сағат сонда аялдап, французша күрестің әдіс-айласын үйренуден жалықпады.

(Әлімқұл БҮРКІТБАЕВТЫҢ «Қажымұқан» атты кітабынан).
Пікір қалдырыңыз