Олар «өмірдің мәні – еңбек» деп түсінеді немесе қазақтардың Оңтүстік Кореядағы тыныс-тіршілігі туралы бірер сөз

Өмір адамдарды сан түрлі соқпаққа салады. Адамдардың бірсыпырасы нәпақасын туған жерден тапса, енді біразы тұрмысымды жеңілдетемін деп шекара асып кетіп жатады. «У ішсең – руыңмен» дейтін бұрынғы заман емес, бәріне түсіністікпен қарау керек. Сосын қазіргі заманда өзге елге барып, жұмыс істеудің еш қиындығы жоқ. Тек еңбек етуге деген құлшыныс болса жеткілікті. Жұмыс істеп, нәпақа табу үшін шекара асқан сондай жандардың бірі – жерлесіміз Ерлан Отарбаев. Жақында шетте жүрген бауырымызбен тілдесудің сәті түсіп еді. 

– Ерлан, Оңтүстік Кореяда өзіңіз ойлаған ісіңізбен айналысып жүрсіз бе? 
– Мен еліміздегі бірқатар БАҚ-та қызмет еттім. Жасыратыны жоқ, ол кезде алатын жалақымның басым бөлігі отбасымыздың күнделікті тамағына, түрлі керек-жарағына ғана жететін. Отбасы болғасын қыдырғың келеді, ағайын-туысың қызықшылығына шақырады. Сол кезде кәдімгідей қиналып қалатынбыз. Одан бөлек, үй құрылысын бастағанмын. Оны бітіру үшін де қыруар қаржы керек болды. Қысқасы, қажеттіліктерді өтеудің жалғыз жолы – Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істеу еді. Содан осы елге келіп, қазір автобөлшек өндіретін зауытта жұмыс істеп жатырмын. Менімен бірге жұмыс істейтін тағы бір шымкенттік азамат бар. Соның көлігімен жұмысқа барып келеміз. Айта кету керек, бұл – мұндағы ең жеңіл жұмыс. Әйтпесе, алғашқы кезде небір қиын жұмыстарды істедік қой. Ал, кәрістер жұмысыңды ұнатпаса, «енді келмей-ақ қой» деп шығарып салады. Қазір үйренісіп, тіл біліп, жұмыстың ауыр-жеңілін ажырататын деңгейге жеттік. Ең бастысы, тіл біліп, ортаға тез сіңісу ғой. Негізінен Кореяда жалақы сағатқа қарап төленеді. Тағы бір жақсы тұсы – зауыттардың барлығында жалақы бірдей, біреуінде айлық көтерілсе, барлығында көбейеді. 
– Ол жақта жүргеніңізге біраз уақыт болып қалыпты. Жалпы, Оңтүстік Корея мен Қазақстанның арасынан қандай айырмашылықтар байқадыңыз?
– Әрине, екі елдің айырмашылығы өте көп. Мысалы, Корея – өндіріске ден қойып, әлемдік нарықтың есігін айқара ашқан ел. Мысалы, көлік жасау саласын айтсақ болады. Тіпті, барлық саласы бізге қарағанда көш ілгері. Кейде «әттеген-ай, біздің елде де осындай болса екен» деп армандап кетеміз. Олай болуы да заңды ғой. Өйткені, Қазақстан 1990-2000 жылдары экономикасын бір ізге түсірсе, Корея бұл процесті өткен ғасырдың  елуінші жылдары бастап кеткен. Бұл елде мынадай бір тәмсіл бар. Ертеректе корей билігі тұрғындарға «кәріс халқы мықты ма, әлде тауық мықты ма?» деген сауалнама жолдап, ел азаматтары «кәріс халқы мықты» деген нұсқаны таңдайды. Сондағысы «егер кәріс халқы мықты болса, тауықтардан ерте тұрып, еңбек етсін» дегені екен. Содан кейін кәрістер таңмен таласа оянып, қызу тіршілікке кірісетін болған дейді. Анығын Алла білер, бірақ, бәрібір көпшілікті еңбекқор болуға үндейтін-ақ тәмсіл емес пе?! 
– Кей адамдар жат жерде өзін ыңғайсыз сезінеді ғой. Өзге елдің өмір сүру салтына үйрену қиынға соқпады ма? 
– Бастапқыда кәрістердің өмір салтына бейімделу оңай болмады. Алғаш келгенде осы жақтағы қазақ бауырлар күтіп алып, солармен бірге тұрдық. Олар шай үстінде мұндағы жұмыстың ауырлығын, бастықтардың қалай ұрысатынын айтып отыратын. Тіпті, келгеннен кейін үш күн өткесін елге қайтам деген шешім қабылдағанмын. Оның үстіне қайтатын билетім де бар еді. Ол екі күннен кейін күйіп кетеді. Сосын күтіп алған жігіттерге бұл жақта жұмыс істей алмайтынымды, елге қайтатынымды айттым. Бірақ, олар біраз кеңесін айтып, жігерлендіріп, намысымды қайрап, өз сөздеріне тоқтатты. Ең бірінші тәуліктік жұмыс тауып, кешке табысыңның 10 пайызын ұстап қалатын сервис арқылы біраз уақыт жұмыс істедім. Таңғы сағат 5-те тұрып жұмысқа шығатыны қиындау болды. Уақыт өте келе оған да үйреніп, жұмыс барысында түсініспеушілік туындататын тіл үйрену мәселесі де шешілді. Ал, тіл біліп, бәрін түсініп істесеңіз, мұнда ешкім сізге ләм-мим демейді. 
– Көптеген адамдар шетел жайлы теледидар немесе ғаламтордан ғана біледі десек қателеспейтін шығармыз. Өзіңіз жүрген елді көрген, білген адам ретінде айтып беріңізші. Кәрістердің мәдениеті, жалпы тұрмыс-тіршілігі қандай?
– Мен кәріс тілін жетік меңгермесем де, Кореядағы мәдениетті «бұлар не көрсетеді екен» деп пәтерімдегі теледидар арқылы бақылап отырамын. Байқағаным, бұл жақтағы телеарналар психологияға ауыр тиетін жағдайларды, мән-мағынасы жоқ түрлі ток-шоуларды көрсетпейді. Телебағдарламаларға орта жастағы адамдар келіп, өмір сүру, тамақтану секілді тақырыптарды талқылап отырады. Яғни БАҚ арқылы адам өміріне пайдалы дүниелер айтылады. Сонымен қатар, нағыз еңбек адамдарын, олардың тұрмыс-тіршілігін, өмірдің мәні еңбек екенін насихаттайтын бағдарламалар көп. Басты телеарналар өздері түсірген мағыналы, үлгі боларлық адамдардың еңбегіне арналған сериалдарын көрсетеді. Біздегідей қақтығысқа, қулық-сұмдыққа толы, өзге ұлттың мәдениетін насихаттайтын сериалдар көрсетпейді. Мұның барлығы ел мәдениетіне тікелей әсер етеді ғой. Тіпті, бұл жақтағы полицейлердің өзі мәдениетті, адамдарды жөн-жосықсыз мазаламайтынын аңғардым. Мәселен, өткен Рамазан айында 50-ге жуық қандас бауырлармен ауызашар жасап жатқанда екі тәртіп сақшысы келді. Олар біраз сұрақ қойып, біз оларға ауызашар жайын түсіндірген едік, артық әңгіме айтқан жоқ, тіпті бірге суретке де түсті. Сосын «қуыс үйден құр шықпа» дегендей, қазақшылығымызға салып, сарқыт берейік деп қанша тырыссақ та алмады. Одан бөлек, біздің өзге ел азаматтары екенімізді біле тұра, негізсіз құжат сұрап, тексермеді. Ал, бізде қалай болар еді? Сондай-ақ, зауыт басшылары да өте қарапайым. Бізбен амандасып, бірге ас ішіп жүре береді. Осының бәрі мәдениеттің белгісі ғой. Ал, кемшілігі – адамдар 35, 40, 50 жасқа жеткенше үйленуге асықпайды екен. Оның себебін сұрап едім, біразы жағдайын жасап, қор жинап алғасын ғана үйленетінін айтты. Мүмкін отбасы құрудың жауапкершілігін соншалықты ауыр сезінетін шығар. 
– Оңтүстік Корея жайлы тағы не айтуға болады? Жергілікті тұрғындардың менталитеті қандай?
– Бір түсінгенім, олар өлгенше жұмыс істеп кетеді екен ғой. Мұнда біздегідей 5-6 адам жиналып алып карта ойнап отыру деген мүлдем жоқ. Жұмыс уақытында көшеден адам көрмейсіз. 60-70 жастағылардың өзі бізбен жарысып жұмыс істеп жүреді. Мен соған тәнті боламын! Оның да өзіндік себебі бар көрінеді. Себебі, Кореяда қарттардың зейнетақысы аз және олар жинаған ақшасын балаларына қалдырып кетеді. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр! Жалпы, бос жүрген адам көрмейсіз. 
– Қазір қай қалада өмір сүріп жатырсыз? Өзіңізге ұнай ма?
– Қазір Пусан қаласына қарасты Янвун қалашығында тұрамын. Оңтүстік Кореяда кемеге жүк артатын ең ірі порттың екеуі де – Пусан қаласында болса, біреуі – мен тұратын қалашықта. Сондықтан мұнда жұмыс өте көп. Демалыс күндері де портта жұмыс істейтін қазақ жігіттерін танимын. Сосын кеме құрастыратын үлкен зауыт бар. Ол жерде мен де жұмыс істеп көріп, «Титаниктен» де үлкен, 5-6 қабатты тұрғын үйлермен бірдей кемелерді құрастырып, оны теңізге түсіріп жатқанын көргенде таң қалдым. Сөйтсем, кеме жасаудан ең үздік үш елдің қатарына кіретін Оңтүстік Кореяның нағыз стратегиялық аймағында өмір сүріп жүр екенмін ғой. 
– Оңтүстік Корея жайлы біраз мәліметке қанық болдық. Енді айтыңызшы, адамдар айта беретіндей онда қандай таң қаларлық дүниелер бар? 
– Мені тәнті еткен – кәріс технологиясы. Кез келген салада дамыған технология қолданылады. Мысалы, ғимаратты бұзғанда барлық ескі материалдар қайта өңделеді. Яғни ешқайсысын қоқысқа тастамай, әйтеуір бір қажетке жаратады. Тіпті, қоқысты қып-қызыл ақшаға сатып, оны өңдеп жатқан зауыттар мемлекеттен қаржылай қолдауға ие болады екен. Сосын бұл жақта автокөлік жолына ерекше мән береді. Мысалы, күнделікті жұмысқа барып-келетін жол бүгін ескі болса, бір күннен кейін жап-жаңа болып тұруы әбден мүмкін. Сөйтсек, мұнда жолды пәленбай техниканың күшін біріктіріп, түнде жөндейді екен. Оны көзбен көріп те жүрміз. Сосын қоғамдық көліктер, жолаушы тасымалдайтын автобустар ішінде 10 адам бар ма немесе жоқ па, қарамайды. Уақыты келе ме, жүріп кетеді. Біздегідей адам толсын деп, жолаушыларды күттіріп қою атымен жоқ. 
– Отандастарымыз ол жаққа әлі де барып жатыр ма? 
– Жоқ, 2020 жылдың ақпан, наурыз айларынан бастап Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға келушілер тоқтады десек те болады. Оның себебі – коронавирустың таралуы. Бұл жақта жүргендердің көбісі 3-4 жыл бұрын келгендер. Олар қазір Қазақстанға қайтқысы келмейді. «Қазақстанға барғанда қандай жұмыс істейміз?» дейді. Оның үстіне табыс мол, елдегі үйімізге де әжептәуір ақша жібереміз, емін-еркін, алаңсыз өмір сүреміз, жалпы ешқандай проблема жоқ. Барлығы осындай өмірге үйреніп қалған. Тіпті, кәрістердің өзі жігерлі, намысты қазақ азаматтарының еңбекқорлығына сүйсініп, жұмысқа қуана-қуана қабылдайды. Бізде де осындай жағдай болса, неге өз елімізде өмір сүріп, жұмыс істемеске?! 
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

1 пікір

  • Айнұр
    Айнұр

    Қандай әсерлі сұхбат! Аман болыңыздар! Ер жігіттеріміз жігерлі, намысты, қуатты болсын!

Пікір қалдырыңыз