Сіз жатқа оқуға тиіс бір өлең...

Мұқағали Мақатаев

Күндестік құрысын!


Қандай рақат!

Жүрейік, достар, күнде өстіп.

Ренжу деген,

Ренжу деген – білместік.

Бауырларым-ау!

Бәріміз қиын күн кештік,

Арамызға біздің

Қай жақтан келді күндестік?!

Жүруші едік қой

Мұңымыз бірге, арман да,

Армандан жүріп,

Келдік қой осы орманға,

Көзімізді ашып,

Қарайық атар таңдарға,

Күндестік құрысын!

Күндестік құрысын жалғанда!

Тағдырымызға

Тамаша күндер тап келіп,

Отырмыз, міне,

Елуге жетпей бақ көріп.

Күндестік құрысын!

Күндестік деген – жат көрік,

Тастайық оны, нақ ортасынан қақ бөліп!

Елдер мен елдер,

Материктер мен материк

Достасып жатыр,

Татулық туын көтеріп.

Бауырластықтың жалауын біз де көтеріп.

Жарқын өмірден

Жауласпай жүріп өтелік!

Қарасаңдаршы,

Қаншама достан айрылдық...

Біріміз нағыз,

Біріміз жалған қайғырдық...

Тазалайықшы

Ынтымақ деген айдынды,

Қалыпқа түспей тұрғанымызда 

маймылдық!

Ойлаңдар, достар!

Өнерде «жарыс» болмайды!

Өресі жетпей,

Күндестік қылған оңбайды.

Өнерің жетіп,

Өсе алмай қалсаң, сол қайғы...

Күндес таласқан

Өнерің өнер болмайды!!!

Пікір қалдырыңыз