Елдің көкейіндегісін дөп басты

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оқып таныстық.
Мемлекет басшысы Жолдауында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында алдағы уақытқа межеленген бағыт-бағдарларды айтты, бастамаларымен таныстырды. Халықтың басты ұстанымы берекелі бірлік пен еселі еңбек болуы, тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыздың қажеттігін атады.

 Жолдауда негізінен пандемиядан кейінгі кезеңдегі ел экономикасының даму жолдары, денсаулық саласының тиімділігін арттыру, сапалы білім беру, өмірлік саясатты жетілдіру, еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру, саяси жаңару және адам құқығын қорғау, ұлттың ұйысу мәселелері бойынша сараланған материалдарды келтіре отырып, оның орындалу мерзімдері белгіленді. Жауапты құзырлы министрліктерге, Үкіметке арнайы тапсырмалар берілді.
Басым бағыттардың бірі – саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау бөлігінде ел Президенті жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жаңғыртудың маңызды факторы – азаматтық мәдениетті дамыту екендігіне тоқталды. Президент Әкімшілігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тәсілдерін әзірлеуі керектігін, гранттық қаржыландыру жүйесін ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың сұранысына қарай бейімдеп, оны алудың жеңілдетілген режимін енгізу қажеттігін және де бұл ауылдық жердегі әлеуметтік белсенділікке тың серпін беретінін айтты. 
Ел Президенті сонымен қатар, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар бастамаларды атады. Соның ішіндегі 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 
20 пайызға өсіретіні, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленіп, «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленетіні, зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат берілетіні халықтың көптен көкейінде жүрген мәселелер деп ойлаймын.
Бірлікті бекемдеп, ел үшін еңбек ету баршамыздың міндетіміз! Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандарды іске асыруға үлес қосуда әрбіріміздің жақсы ісіміз бен адал қызметіміз, ауызбіршілігіміз қажет. 

Г.ТАЙТЕЛИЕВА,
«Ордабасы аудандық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.
Пікір қалдырыңыз