Түйе балуанға автокөлік мінгізген Анар еді

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».

2007 жылдың басы. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына жаңадан келген кезім... Қалам ұстап жүрген ағайындар санатында жүргендіктен атағынан ат үркетін Анар Аспанды (Бәкірова) бұрыннан сырттай білуші едім. Қызметке өзі шақырған соң, танымал журналистің басқаруындағы ұжымда онымен бірге жұмыс істеу бақыты маған да бұйырды. Бөтен орта, көпшілігімен әлі араласа қоймағанмын. Газетте сайдың тасындай «сен тұр, мен атайын» дейтін есімдері елге мәлім, жазуы жорға тілшілер жұмыс істейді екен.  Бағалай білгенге қаламгерлер үшін «қара шаңырақ» үлкен мектеп.

Білемін дегенім әшейін екен, бұрын «сіз-біз» деп сыйласып жүрген Анарды бас редактор ретінде жаңа қырынан тани түскендей едім. Күнделікті планерка мен аптасына бір өтетін лездемеде қызметкерлердің кемшілігін көзге шұқып айтып, қазанға түскен тарыдай «қуырып» алады. Қызметте қатал, талабы қатаң. Тілі өткір, кесек-кесек сөйлейді. Ешкімнен қаймықпайды. Кейде: «Мен өзі қандай ортаға түстім?» деп ойланып қоямын. Жұрттан естимін ғой, жастайынан жетімдікпен өскен соң тағдыр оны тасбауыр еткен де шығар. Ес біліп қалғанда әкесінен тірідей айырылып, нағашы жұртында тәрбиеленген қаршадай қыз өміріне өкпелі  болуы да әбден мүмкін. Он жасында анасы қайтыс болып, соңынан ерген інісін жетелеп өсіру ол бейбаққа оңай деймісің?! Әйтсе де қиындыққа мойымай, қайратын үнемі жанумен жүрген намысшыл қыз болыпты. Еңбекке ерте араласқан, совхоздың жұмысына шығыпты. Өзі туып-өскен Келес ауданы, «Жүзімдік» кеңшарында Кәмшат, Жадыра әпкелері сияқты «темір тұлпарды» тізгіндеген. Жеті жылдан соң Алматы қаласындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түседі. Өжет қыз жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Келес аудандық «Мақташы», кейін Сарыағаш аудандық «Қызыл Ту» газетінде тілші болып жұмыс істейді. Бертін келе «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінің редакциясына ауысады. Егемендіктің таңы атқанда «Ақиқат-Истина» тәуелсіз газетін шығарып, демократияның алғашқы қарлығашы атанды. Батыл редактордың іскерлігін әділ бағалаған қала басшылары оны «Шымкент келбеті — «Панорама Шымкента» газеттерін басқаруды сеніп тапсырды. Арада бірнеше жыл өткенде міне, «қара шаңырақтың» тізгінін ұстап отыр.
Алғашқы әсер алдамшы келеді. Кейін бас редактордың тым қатал емес, ақ көңіл, жүрегі жұмсақ, кішіпейіл әрі мейірімді жан екеніне көзім жетті. Ылғи қабағынан қар жауып жүрмейді, көңілді жүретін кездері де көп. Адамның бәрін өзіне бауыр еткісі бар. Жарлы-жақыбайды, жетім-жесірді есіркегісі келіп тұрады. 
– Жігіттер, қыздар! Таяу күндері «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі үшін өткізілетін қазақша күрестен дәстүрлі жарысы жақындап келе жатыр, — деді Анар Аспан ұжымның кезекті басқосуда. — Соған тыңғылықты дайындалуымыз керек. Өздеріңмен ақылдасқалы отырмын, бас жүлдеге автокөлік тіксек. Қалай қарайсыңдар! Қазақтың ұлттық спорт түрін біз қолдамасақ, кім насихаттайды? Ендеше, киіз де, білек те өзіміздікі!
Бас редактор бәрімізге жағалай қарады. Жұрттың бәрі үнсіз. Бәрінің ойында бір сұрақ: «Автокөлікті сатып алуға қаржы қайда?» Анакең көп күттірмеді, жауабын да өзі айтты: 
– Қазірдің өзінде бір-екі демеуші табылып тұр. Елдің ішіндеміз ғой. Сауап іске қол ұшын созатындар табылып қалар. Тәуекел делік.
Әрине, мұндай бастаманы ұжым қолдады. Анар осындай ұйымдастырғыш еді. Игілікті іске бәрі жұмылды. Басшымыз жауапты адамдарға өзі тапсырма беріп, орындалуын қадағалап отырды. «Көп түкірсе көл» деген.  Түскен қаржыны құнттап, көп ұзамай көлік базарынан шетелдік  «Пассат Фольксваген» мәшинесі сатып алынды. Әлі есімде, жарыс өтетін күні Шымкент қаласындағы «Мұз сарайының» алдында лента байланып, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас жүлдесі» деген жазу ілінген автокөлік тұғырда тұрды... Оның кілті кейін аламан бәйгеде түйе палуан атанған Сәкен Бөлегеновке бұйырды. Осылайша Анар Аспан алғаш автокөлік тіккен еді.
2007 жылы Қазақстан Президентінің грантын жеңіп алған Анар Аспан 2013 жылы 3 қарашада қайтыс болды.
Пікір қалдырыңыз