«Жақсы кітаптың жарнамасын да ұмытпағанымыз абзал»

Кейде мен балалық шағымның ұялы телефон, интернет жоқ уақытқа тап келгеніне қуанамын. Бос уақытымызда әйтеуір аз-кем болса да кітап оқыдық. Қазір балалардың қолына сол кітаптарды ұстата алмайсыз. Олардың ұстанымдары да, талғамдары да, таным-түсініктері де өкінішке қарай, өзгеше қалыптасты. Оларды эстетикалық әлемге жақындату оңай болмайын деп тұр.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен биыл «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланды. Қарап отырсаңыз, тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болды. Осы уақыт аралығында балалар әдебиеті дамудың орнына кенжелеп қалды десек қателеспейміз. Енді айналдырған бір жылда соншалықты кенжелеп қалған саланы ғарыштық жылдамдықпен дамытып жібере алмасымыз тағы анық. Сондықтан балалар әдебиетін дамыту ісіне бір емес, кем дегенде бес жыл арнаса да артықтық етпейді. Тіпті, ұлттық тәрбиеміздің қайнар көзі әдебиетте екенін ескерсек, мұны үнемі назарымызда жүруі тиіс шаруа деуге болады. 

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұдан былай елімізде жыл сайын шығарылатын кітаптардың 50 пайыздан астамын балаларға арналған кітаптар құрайтынын айтады. Биыл жеткіншектерге арналған кітаптар 40 атау бойынша 120 000 таралыммен шығып, кітапханаларға тегін таратылады. Жазушылардың кітаптарының көптеп шығарылуына да жағдай жасалмақ. 
«Балалар әдебиеті жылына» орай ҚР Ұлттық академиялық кітапхана жанынан «Балалар әдебиетін қолдау» кеңесі құрылған болатын. Кеңес мүшелерінің мәлімдеуінше, елімізде балалар әдебиетіне қалам тербеп, осы салада үн-түнсіз еңбек етіп жүрген 150-ге жуық қаламгер бар екен. Айтайын дегеніміз, шынында да бұл жыл жазушыларымыз үшін олжалы бола ала ма екен? Қазіргі таңда мәселе олардың қаламынан туған туындыны жарыққа шығаруда ғана емес. Бастысы, ол дүниелердің балалардың талғамынан шығып, көңілдеріне қонуында. Одан әрі оны заман ағымына сай әлеуметтік желіде жарнамалау және насихаттау жұмыстарына да айрықша ден қою дейтін мәселе бар. Біз бүгінгі балаларды осылай ғана әдебиетке тарта алмақпыз. 
Осы орайда ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық поэзия академиясының академигі, Балалар әдебиетін қолдау кеңесінің төрағасы, «QUNDAQ» ҚҚ директоры Ербол Бейілханды әңгімеге тартқан едік. 
– Балалар  әдебиетін қолдау жылы аясында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы жанынан 19 наурыз күні «Балалар әдебиетін қолдау кеңесі» құрылды. Ұлттық академиялық кітапхана ішінде балалар кітапханасы бар. Балалар кітапханасы мен кеңес мүшелері бірлесе отырып осы күнге дейін қыруар шаруа атқарды. Біз ең алдымен балалар жазушылары, баспагер, иллюстраторлардың басын қосып, чат аштық. Қазір бұл топта жүзге тарта қаламгер отыр. Қуыршақ театрлары мен Қазақ радиосының балаларға арналған бағдарлама жүргізушілерімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Балалар жазушыларының шығармаларын оқырманға жеткізу барысында ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатып, насихат шараларына баса назар аударудамыз. Сонымен қатар аптасына екі жазушымен онлайн сұхбат жасауды дағдыға айналдырдық. Онлайн сұхбатымыздың жазбаша нұсқасы «Әдебиет», «Қаламгер» порталдарында жарияланып келеді. Жазушыны көпке танытудың, оның шығармасын насихаттаудың бір жолы осы деп ойлаймын.
Дәл қазіргі уақытта насихатсыз туынды көп оқыла бермейді. Бүгінге дейін балалар жазушылары: Сәуле Досжан, Нұрдәулет Ақыш, Зира Наурызбаева, Ақылбек Шаяхмет, Рүстем Сауытбай, Аңса Сәбит, Қуат Адис, Ернат Мэлсұлы, Алтыншаш Жақиянова, Айман Кәрібай, Талап Таймасұлы, Шәмшия Жұбатова, Лунара Хамидоллақызы секілді бірқатар қаламгерлермен сұхбат өтті. Қаламгерлердің шығармалары көпшілікке таныстырылып, оқырманға ұсынылды. Үндеу тастағанымыздың арқасында баспалар балаларға арналған шығармаларға баса назар аударып, тіпті кейбірі балаларға арналған шығармаларды жарыққа шығарып жатыр. Белгілі ақын Саят Қамшыгер басқаратын «Алтын сақа» баспасы бірнеше кітапты оқырмандар қолына тигізіп те үлгерді. Қызығушылық танытып отырғандарға біраз жазушының шығармаларын оқуға бердік. Балалар әдебиетін насихаттау, балаларға кітап оқыту бағытында біздің кітапханада апталық, айлық шаралар толастаған емес. Белгілі медиа жұлдыздармен бірлесіп отбасында баламен кітап оқу челенджі қолға алынды. Жас буын танымал тұлғаларға еліктеп, кітап оқуға қызығушылығы артса, нұр үстіне нұр. Жалпы, биыл балалар жазушылары шығармаларын насихаттауға ерекше көңіл бөлінді. Бұл бір жылдың дүниесі емес, алдағы жылдарда да балаларға арналған кітаптар көбейеді деген сенім бар. 
Жалпы «Балалар  әдебиетін қолдау кеңесі» жанынан «Көркемдік кеңестің» құрылғаны дұрыс. Қазір балаларға арналған көптеген шығармалар, анимациялық фильмдер, комикстер жарық көріп жатыр. Өкінішке қарай, олардың кейбірінде біздің танымымызға жат жаргон сөздер мен көше тілі орын алуда. Балаларға арнап жазылған, шығарылатын барлық дүниелерді осы көркемдік кеңестің талқысына салсақ, сараптамасынан өткізсек ондай олқылықтар болмас еді.
Қазір балалар жазушыларымен тығыз байланыста жұмыс істеудеміз. Бізде бүгінгі жеткіншектердің танымын дөп басатын, олар қызығып оқитын шығармалар аз емес. Өкінішке қарай, көп дүниеміз жас оқырмандарға жетпейді. Әсіресе, кітапханада балаларға арналған база тым жұтаң. Мектеп кітапханаларының жағдайын ел басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да өткір сынға алған болатын. Баспалардан шыққан балалар кітаптары кітапханаларға міндетті түрде жеткізілсе дейміз. Сол үшін қазақстандық баспалар ұсынатын балалар кітаптарының үлкен көрмесін жасауды ұсынып отырмыз. Сонымен қатар балаларға арналған 100 кітап шығарылса. Аталмыш 100 кітап жоғарыда айтқандай көркемдік кеңестің қарауына беріліп, оларға ғылыми тұрғыда рецензиялар жазылса және әдебиет сыншыларының талқысынан өткізілсе дейміз, – дейді.
Бүгінгі баланың талғамынан шығатын дүниені қаламгерге алдын-ала қаламақы төлеп, келісімшарт жасау арқылы жаздыруға болады. Мұндай тәжірибе әлемде бұрыннан бар. Мәселен, шетелдерде әдеби агенттер сұранысқа ие жанрдағы кітаптың жазылып шығуы үшін талантты жазушыларға алдын-ала қаламақы төлеп, тапсырыс береді. Ербол Бейілхан біз де елімізде осы тәсілді іске асырып, нәтижеге жетуімізге болатынын айтады. 
– Талантты жазушыларымызды шығармашылық гранттар беру арқылы ынталандыра аламыз. Елімізде тапсырыспен жақсы дүние жазуға дайын қаламгерлер жетерлік. Сол сияқты дайын шығарманы кемеліне жеткізіп беретін мықты редакторларды да ынталандыруымыз керек. Осы ретте айта кетейік, баспадан шығатын балаларға арналған шығармаларды талдап, оқырманға ұсыну үшін бізге әдебиет сыншылары да қажет. Онсыз жарыққа шыққан кітаптардың сапасын айқындау мүмкін емес. Әр шыққан кітапқа рецензиялар жазылуы керек.
Авторлар мен олардың кітаптарының насихатын өз деңгейінде жасау – оқырмандардың назарын жақсы кітапқа аудару дегенді білдіреді. Жарнама – заманның аса маңызды тетігі болғандықтан, жақсы кітап жарнамасын да ұмытпағанымыз абзал, – дейді Ербол Бейілхан. 
Ал, енді «қарадомалақтарымызға қандай жанрлардағы дүниелерді көбірек ұсынған дұрыс?» деген сауалға тоқталсақ. Жас ақын Олжас Қасым балаларға арналған қиял-ғажайып әңгімелер, комикстар, романдар жазылуы керек екенін айтады. 
– Ол үшін авторларға көбірек қаламақы төлеу жағын ойластыру қажет. Әдебиеттің бұл жанрларын жүйелейтін әдістемелік құралдар жазылуы тиіс деп ойлаймын. Жаңа есімдерді насихаттауды ұмытпаған жөн. Баспалар классиктердің ғана еңбектерін дәріптейді. Оның себебі де бар. Біріншіден, есімдері қалыптасқан, екіншіден, қаламақы төлемейді. Жапония, Германия, Корея сияқты елдерде шығарманың тақырыбы талқыланбайды. Фокус группалар құрылған. Мұндай топтар баланың қызығушылығын ескеріп, заманауи кейіпкерлерді зерттейді. Кішкентай оқырмандарға бағышталып жазылған кітаптарды қатаң сүзгіден өткізетін кез бізге де әлдеқашан келген. Мәселен, 2007 жылы шыққан Мұзафар Әлімбаевтың «Балдәурен шақ – балалық» кітабында, Қадыр Мырза Әлінің таңдамалы жинағында «күн көсем», «колхоз – совхоз», «пионер», т.б. деген сияқты ескірген ұғымдар әлі жүр. 
Кенже қалған жанрларды – мысал, баллада, скетч, қойылым, шарадалар, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, комикс жанрларын дамыту керек. Сондай-ақ, балалар әдебиетіне үлес қосып жүрген жас ақын-жазушылардың антологиясы жасалып, шет тілдерге аударылса. Зәуре Төреханова қазақ-мажар жазушыларының балаларға арналған антологиясын құрастырды. Алайда, ол жеткілікті дәрежеде насихатталмай келеді. Сосын балаларға арналған ютуб арналарды көбейту кезек күттірмейтін мәселе. Жалпылай алғанда балалар әдебиеті жылы соншалықты олжалы бола қойған жоқ. Мен өзімнің бір кітабымды дайындап қойғанмын. Ол да кезегін күтіп тұр. Қаржы жоқ, – дейді Олжас Қасым.
Расында да бүлдіршіндер әдебиетін дамытуға қомақты қаржы бөлінбей бір нәрсе айту қиын. Жалпы түйгеніміз, «Балалар әдебиетін қолдау» кеңесі бүгінде Ұлттық кітапханада балалар тақырыбына қалам тербейтін жазушылар мен қазақстандық баспагерлердің басын біріктіріп, ортақ бір мүддеге жұмылып жұмыс істей бастады. Міне, енді қаламгер кітабын жазады, баспагерлер ол дүниені басып шығаруға дайын делік. Ал, сол туындыларды қалың оқырманның қолына қалай жеткізбекпіз? Сондықтан кітап дүкендеріне, кітапханаларға кітаптарды бір орталықтан тарату ісін жүргізетін дистрибьюторлық орталықтың да қажет екенін тілге тиек ете кетелік.

Дилара БИМЕНОВА.
Пікір қалдырыңыз