Ғасыр жасаған қариялар ұлттық санаққа қатысты

Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Бәйтерек ауылының 101 жастағы тұрғыны Зәбира Смаилова әжейдің әулеті ауылдық округ мамандарының көмегімен Ұлттық халық санағына онлайн тіркелді.

1920 жылы дүниеге келген кейуана ашаршылық пен жоқшылықты басынан өткізіп, екінші дүниежүзілік соғыстың куәгері болды, 

9 перзенттің анасы. Тың игеруге қатысып, тұралаған ауылдарды қалпына келтіру ісіне атсалысқан.

Қолына кетпен алып шабық шауып, масақ терген. Диірменде ұн тартып, мал да баққан. Адал еңбегінің арқасында елдің құрметіне бөленген қарияның өмір жолы көпке үлгі боларлықтай. Ғасыр жасаған қарт ана елде жақсылықтың толастамауын тілейді.

«Осындай тоқшылықта, бейбіт елде өмір сүріп жатқан сендер бақытты ұрпақсыңдар ғой. Оқ пен оттан аулақсыңдар. Сондықтан қолда бар құндылықтарды бағалай білу керек. Кезінде аш та болдық, жәутеңдеп үреймен өмір сүрдік. Бүгін міне, өз еркіміз өзімізде. Тәуелсіз елміз. Барымызға қанағат етіп, болашаққа жақсы үмітпен өмір сүре білейік. Қашан да еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген Зәбира әжей елдегі болып жатқан жағымды жаңалықтардан да хабардар екенін білдіріп, көпті ынтымақ-бірлікке шақырды.

Бүгінде 9 перзенттен тараған 40 немере мен 120 шөберенің үлкен әулетке айналғанын көрудің өзі бір бақыт. Кезінде қолымен канал қазып, жер жыртып, мақта терген, түйекеш те болған әжейдің үлкен ұлы Төлеген Смаиловтың өзі бүгінде 

70-тен асқан. Мемлекеттік есеп – халық санағының жүргізілуін дұрыс деп біледі. Оған өз отбасымен белсене қатысып отыр.

Айта кетейік, бүгінде Жетісай ауданында жасы 100-ден асып, ғасырды ғасырға жалғаған 6 қария тұрады. Маңдай терімен шөл даланы гүлдендірген ұзақ жасаушылар жергілікті жердегі әкімдіктер арқылы жалпымемлекеттік санақтан онлайн өтіп отыр.

Пікір қалдырыңыз