Диқанның көңілінде үміт басым

Мақтаарал, Жетісай аудандарында мақта терімі басталды. Шитті мақтаның бір тоннасы 250 мың теңгеден қабылдануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың теңгеге қымбат. Өңірде 18 мақта өңдеу зауытының 206 мақта қабылдау бекеті жұмыс істейді. 

Биыл облыста 110 мың гектар алқапқа мақта дақылы егілген. Жоспар бойынша 250 мың тонна шитті мақта жиналуы керек. Мақтаарал, Жетісай аудандарына жасаған жұмыс сапарында ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев шаруалармен кездесті. Жаңа техникалардың жұмысымен танысып, жастық шағын еске түсіріп, мақта терді.
Биылғы қуаңшылыққа қарамастан  мақталы аудандардың шаруалары ағын суды артығымен алды. Тыңайтқыш пен тұқымдық шиттен де таршылық көрмеді, жеңілдетілген бағадағы жанар-жағармай да жеткілікті болды. 
«Осының барлығы Елбасының қолдауымен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқанын біліп отырмыз. Көрші Өзбекстан елімен келісімге келіп, ағын суды артығымен алдық. Соның арқасында ағын судан таршылық көрмедік. Мемлекет қолдауымен тыңайтқыш пен дизель отыны да жеткілікті болды. 
Осындай халыққа қызмет етіп жатқан ел ағаларының жұмысына халық риза. Диқандардың барлығы қуанышты, табыстары жақсы» деді шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Құрбанов. 
Шаруалар әр гектардан орта есеппен 30 центнерден өніп алып, 500 мың теңгеге дейін пайда табады. Егіс алқабында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов өңірдің саладағы жетістіктер жайлы айтты. 
«Мемлекет басшыларының екіжақты ынтымақтастық туралы келісімінің арқасында осындай мол өнім алып, тауар өндірушілердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге мүмкіндік туды. Өйткені, бұл екі аудан да трансшекаралық Достық каналы арқылы су ішеді. Жұмыстың дұрыс ұйымдастырылуы нәтижесінде биылғы қуаңшылыққа қарамастан Мақтаарал мен Жетісай аудандары тиісті деңгейде ағын сумен қамтамасыз етіліп отыр» деді ол. 
Сонымен бірге облыс әкімі ағын су көлемін көбейту мақсатында қолға алынған су арналарын механикалық тазалау жұмыстарымен танысты. Облыстық бюджет есебінен Жетісай ауданындағы барлығы 241 шақырымды құрайтын 121 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде суармалы жерлердің ағын сумен қамтамасыз етілуін жақсартады. Жер асты суын төмендетіп, егістіктің тұздануының алдын алып, мақта дақылының өнімділігін 
арттырады.
Сонымен қатар, шаруаларды сапалы тыңайтқыштармен, тұқыммен қамтамасыз етіп, өнімділікті арттыру мақсатында Өзбекстан Республикасының «RASAYANA» ЖШС-мен жұмыстар жүргізілуде. Бұл компания ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өнімділігі жоғары «AMINOSID» тыңайтқыштары мен мақтаның «Сұлтан» элиталық тұқымдарын жеткізумен айналысады. Бұл тәжірибе мақтаның түсімділігін 40-60 центнерге жеткізуге болатындығын көрсетіп отыр.
Осыған орай, ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде Мақтаарал, Жетісай аудандарында агроқұрылымдар қызметкерлерінің қатысуымен жоғарыда аталған тыңайтқыштар мен мақта тұқымының тиімділігі жөнінде семинар өткізіліп, мақта өнімділігін арттырудың нақты шаралары қабылданды. 
Бүгінде облыста күзгі жиын-терім науқаны жүріп жатыр. Қазіргі таңда 1,1 млн. тонна көкөніс, 1,7 млн. тонна бақша өнімдері, 290 мың тонна картоп және  61 мың тонна жеміс-жидек жиналды. Жыл соңына дейін 3,5 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 842,4 мың гектарға егілді.
Пікір қалдырыңыз