«Бастама өзінің өміршеңдігін дәлелдеді»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Президенттік жастар кадр резервінің негізгі көздеген мақсаты – мемлекеттік аппаратты жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу. Бүгінгі жастар – мемлекеттік басқару жүйесінің болашағы. Әрқайсысыңыздан елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтеміз» деген болатын.
Екінші рет ұйымдастырылып отырған Президенттік жастар кадр резерві бұл бастаманың өміршең екендігін дәлелдеді. Аталмыш жобаның іріктеу кезеңдері мен тәртіп-ережелері туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Әділет Нысанбаевпен арнайы жолығып, сұхбаттасқан едік. 

– Әділет Әділбекұлы, Президенттік жастар кадр резервіне осымен екінші рет іріктеу жүргізілуде. Алғашқы кадр резервіне іріктелген жастардың бүгінде қаншасы жұмысқа орналасты?
– 2019 жылы Қазақстанда алғаш рет Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу ұйымдастырылды. Конкурсқа 7312 қазақстандық қатысып, олардың 300-і ғана резервші атанды. Солардың 185-і жұмысқа орналастырылып, еліміздің игілігі үшін еңбек етуде. 
Қазір резервшілер орталық мемлекеттік органдарда, ұлттық компанияларда және өзге де ұйымдарда жұмыс істеп, әртүрлі қызметтер атқаруда. Олардың арасында әкімдер мен олардың орынбасарлары, комитет төрағалары, мемлекеттік инспекторлар, аппарат басшылары, Мәжіліс пен Сенат депутаттары бар. 
Бүгінде Президенттік жастар кадр резерві іс жүзінде жастарға арналған тиімді әлеуметтік лифт екенін көрсетіп отыр.
– Президенттік жастар кадр резервіне кімдер қатыса алады және аталған жоба жастарға қандай мүмкіндіктер береді?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылдың 1–30 қыркүйегі аралығында Президенттік жастар кадр резервіне өтініштерді қабылдау pkrezerv.gov.kz сайты арқылы жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша мемлекеттік сектор үшін 50 резервші іріктелетін болады. 
Жобаның мақсаты – жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын және қиыннан қиыстырып, тиімді шешім қабылдаудан қорықпайтын, ең бастысы, қоғам мүддесін басшылыққа алатын жас таланттарды анықтап, мемлекеттік қызметке тарту. Сонымен қатар, Президенттік жастар кадр резерві – жас қазақстандықтарға өз білімдері мен дағдыларын ел игілігі үшін қолдануға бірегей мүмкіндік бере отырып, кәсіби әрі мансаптық өсуге жол ашатын болады.
Резервке алынғандар саяси лауазымдарға, «А» корпусының әкімшілік, «Б» корпусының басшы және «Б» корпусының А санаты тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
Іріктеуге Қазақстан Республикасының 35 жастан аспаған азаматтары қатыса алады. Жоғары білімі, кем дегенде 5 жыл еңбек өтілі және мемлекеттік тілді меңгеруі В1 орта деңгейінен төмен болмауы қажет (ҚАЗТЕСТ немесе QAZAQ RESMI TEST сертификаттары болуы шарт).
Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу тәртібі бойынша құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін және үміткерлер талаптарға сәйкес болған жағдайда іріктеу кезеңдеріне жіберіледі.
– Жалпы, жастардың бұл жобаға қызығушылығы қалай? 1 қыркүйектен бастап қанша үміткер өтініш беріп үлгерді?
– Ресми орган мәліметі бойынша, бүгінде резервке мүшелікке өткісі келетін 329 әйел мен 662 ер адамнан – барлығы 991 өтініш келіп түскен. Осының ішінде ағымдағы жылдың 1–14 қыркүйек аралығында Шымкент қаласы бойынша кадр резервіне қатысуға ниет білдігендер саны 24 адамды құрап отыр. Айта кетерлік маңызды ақпарат, АҚШ, Болгария, Грузия және Біріккен Корольдікте (Ұлыбритания) тұратын қазақстандықтар да тіркеуден өткен. 
Президенттік жастар кадр резервіне қатысуға өтініш 30 қыркүйекке дейін қабылданады. Яғни тіркелудің аяқталуына санаулы күндер қалғанын ескере отырып, жастарға өз мүмкіндіктерін жіберіп алмауға шақырамыз. 
– Мемлекеттік тілді меңгеруі В1 орта деңгейінен төмен болмауы қажет деп айтып өттіңіз. Кандидаттар мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификатты қалай алады?
– Мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификат алу үшін кандидат Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ұлттық тестілеу орталығында (қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ) немесе Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының QAZAQ RESMI TEST (ресми-іскерлік қазақ тілін тестілеу жүйесі) қазақ тілін тестілеудің онлайн-сервисінде тестілеуден өтуі қажет.
 Өтінім берген сәтте мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификат болмаған жағдайда кандидатқа «ҚАЗТЕСТ» немесе QAZAQ RESMI TEST жүйесі бойынша тестілеуден өту үшін сілтемелер ұсынылады. 
 Бұл ретте кандидат тиісті сертификат алғаннан кейін іріктеуге қатысу үшін тіркеуді аяқтай алады.
 – Көпшіліктің жиі қоятын сұрақтары QAZAQ RESMI TEST-ті қалай тегін тапсыруға болады?
 – Жұртшылыққа оңай әрі түсінікті болу үшін рет-ретімен жіктеп айтсам:
1-қадам. Президенттік жастар кадр резерві порталына тіркелу. 
2-қадам. Қалауыңызша QAZAQ RESMI TEST-ін тапсыруға дайындалу бойынша онлайн курстан өту.
3-қадам. Мемлекеттік тілді білуге арналған QAZAQ RESMI TEST-ін тегін тапсыру үшін промокод алу.
4-қадам. Промокодты https://qrt.kz сайтына тіркелу кезінде көрсету. 
5-қадам. Тест тапсырғаннан кейін сертификатты https://pkrezerv.gov.kz порталына жүктеу қажет. 
 – Тіркеу рәсімі күрделі емес пе?
 – Тіркеу рәсімі барынша жеңілдетілген. 
Үміткерге іріктеу кезеңдерінен өту үшін аты-жөнін, ЖСН-ін, өзіне қолайлы тілді және ең бастысы, қолданыстағы электрондық адрес пен ұялы телефонын көрсету қажет. Тиісті белгіні қойып, деректерді сақтау мен өңдеуге арналған келісіммен және пайдаланушы келісімімен танысып, оларды қабылдау маңызды. Сондай-ақ, үміткер белгіленген талаптарды қатаң сақтау бойынша міндеттемені қабылдайды, оның ішінде: 
– компьютердің, интернет жылдамдығының кемінде секундына 5 Мб және жұмыс істейтін веб-камераның, құлаққап пен микрофонның болуы туралы; 
– дұрыс емес мәліметтер ұсынылған немесе тапсырмаларды орындауға басқа тұлғаларды тарту фактілері анықталған жағдайда іріктеудің кез келген кезеңінен шығару туралы; 
– іріктеудің барлық кезеңдерінде тест тапсырмаларының, ситуациялық тапсырмалардың және өзге де ақпараттың мазмұнына қатысты деректерді үшінші тұлғаларға таратпау туралы. 
 Осы талаптарды қабылдамай, кандидат 
Президенттік жастар кадр резервіне қатыса 
алмайды.
– Айта кетерлік жақсы жаңалық, бүгінде Президенттік жастар кадр резервіне тіркеу бұрышы ашылған екен. Осы туралы айтып өтсеңіз? 
– Іріктеуге қатысуға тұрғылықты мекенжайы немесе жұмыс орнында тіркелу мүмкіндігі жоқ жастар үшін ҚР Мемлекеттік кызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалы арнайы тіркеу бұрышын ашты.
Үміткерлер тіркеу бұрышы арқылы pkrezerv.gov.kz цифрлық платформасымен іріктеуге құжаттарын тапсыруға мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, аталған бұрышта департамент пен филиалдың арнайы мамандары тарапынан кеңестер мен іріктеудің барлық кезеңдері бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Тіркеу бұрышы Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы 3 А, ғимараттың 2-ші қабатының 11-кабинетінде орналасқан.
Тіркеу бұрышының жұмыс кестесі аптаның дүйсенбі-жұма күндері сағат 9:00-дан 18:30-ға дейін (түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін) 
жүргізіледі. 
– Іріктеу кезеңдерінде үміткерлердің құзыреттіліктері қалай бағаланады?
– Бірінші кезең – күрделі сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Осы екі блоктан өту нәтижелері бойынша үміткерлерді бағалау верификациялауға жіберіледі, яғни нәтижелер расталады. Тестілеуді верификациялауға ең жоғары нәтиже көрсеткен 1000 кандидат жіберіледі. 
Келесі кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу. Ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен 500 үміткер резервке іріктеудің келесі кезеңіне жіберіледі.
«Құзыреттерді бағалау» кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен 250 адам келесі кезеңге өтеді. 
Құзыреттер бойынша сұхбат онлайн форматта жеке сұхбаттасу түрінде Қазақстан Республикасының кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып жүргізілетін болады. Сұхбат үміткерлердің ішкі мотивациясын және құзыреттіліктерін, құндылықтарын анықтауға бағытталатын болады. Бұл кезеңде жоғары біліктілігін танытқан 125 кандидат іріктеудің келесі кезеңі – Сарапшылық комиссияда әңгімелесуге жіберіледі.
Сарапшылық комиссия отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссияның отырысында қарау үшін ұсынылатын 65 кандидаттан аспайтын тізім құрылады.
Қорытынды кезең – Ұлттық комиссияның отырысы болып табылады. Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 2.0 Президенттік жастар кадр резервіне 50-ден аспайтын кандидатты қабылдау туралы шешім қабылданады.
Сөз соңында жастарды Отанымыздың одан әрі дамуы мен гүлденуіне үлес қосу үшін Президенттік жастар кадр резервінің кезекті іріктеуіне қатысуға шақырамын.
– Ел болашағы –жастар үшін маңызды ақпараттарды ортаға салған ашық сұхбатыңызға рахмет!

 Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз