Сені үдерте көшірткен тәліптердің тепкіні...

Жақында Қазақстанға Ауғанстаннан 35 қандасымыз жеткізілді. Бірден айталық, олардың ешбірі біздің өңірімізге келмейді. Өйткені, ұсынылып отырған аймақтар арасында Түркістан облысы көрсетілмеген. Жалпы, Ауғанстаннан келген бауырларымыздың ендігі жағдайы қалай болады? Оларға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі? Осы және өзге де мәселелер төңірегінде аз-кем әңгімелесек... 

Әр отбасына – 204 мың теңге

Ауғанстандағы саяси ахуалдың күрделілене түсуіне байланысты, ондағы қандастарымыздың алғашқы легі Алматыға келді. Денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін олардан ПТР сынамасы алынды. Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының мәлімдеуінше, бауырларымыздың ешқайсысынан коронавирус індеті анықталған жоқ. Алматыдағы қонақүйлердің біріне орналасқан олар 24 қыркүйекке дейін сонда болады. Осы уақыт аралығында олар қай өңірге барып қоныстанатынын шешуі керек. 

Ауғанстаннан эвакуацияланғандарға 5 өңірдің, яғни Павлодар, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының бірін таңдау ұсынылды. Егер де Ауғанстаннан келген қандастарымыз аталған облыстарда тұруға келісім білдіретін болса, ондай жағдайда әр отбасына мемлекет тарапынан 204 мың теңге беріледі. Бір жыл бойы ай сайын 87 мың 500 теңге қаржылай көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, Үкімет қандастарымыздың еңбекпен қамтылып, өз күндерін өздері көріп кетуіне барынша жағдай жасамақ. Дипломы барларын тұрақты жұмысқа орналастырмақ. Ал, жоғары білімі жоқ азаматтарды арнайы оқу курстарынан өткізбек ниетте. Әрине, бұл үшін алдымен олардың азаматтығын рәсімдеу керек. Қазір Үкімет осы шаралармен айналысуда. 

Алайда, қиын жағдайға тап болып, телеарналар және әлеуметтік желілер арқылы Қазақстаннан көмек сұраған этникалық қазақтарға қатысты мәселе мұнымен аяқталған жоқ. Ел ішінде олардың тілі мен сыртқы кескін-келбетіне байланысты екіұшты пікір айтыла бастады.

Қандас екенін қалай анықтаймыз?

Не десек те, ел Үкіметі Ауғанстандағы саяси ахуалдың күрделілене түскеніне қарамастан, Кабулдағы әуежайдан отандастарымызды елге алып ұшты. Бұл онда қалған өзге де бауырларымызды елге жеткізуге әлі де мүмкіндігіміздің барын көрсетеді. Қазір атажұртына оралатын күнді тағатсыздана күтіп жүрген қандастарымыз қаншама?! Қазақстанда да туыстарын көшіріп алу үшін ҚР Сыртқы істер министрлігіне, Үкіметке хат жолдап, өтініш білдіріп жатқандар аз емес. ҚР Сыртқы істер министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, Ауғанстанда 15-ке жуық қазақ отбасы, 200-ге тарта этникалық қазақ тіршілік етеді. Осы жолы соның 35-і келсе, ол жақта әлі қаншама қандасымыздың күн кешіп жатқанын есептей беріңіз. 

Сондықтан жоғарыда айтып өткендей, алдағы уақытта да этникалық қазақтардың тілі мен ұлтына қатысты мәселе туындамауы үшін не істеуіміз керек? 

Мәселен, алғашқы лекке ілінген 35 қандасымыз елімізге қандай тәртіппен әкелінді? «Мүмкін, олардың құжаттары толық, ұлтының қазақ екені анық болғандықтан виза беріліп, әкелінген шығар. Және олар Кабул қаласында немесе қалаға жақын жерде орналасқан азаматтар болуы да мүмкін. Демек, бұлар – бақытты қазақтар. Ал, «бақытсыз» қазақтар туралы әңгіме тіптен бөлек және күрделі. Ауған қазағын елге әкелу жұмысы барысында туындаған проблемаларды негізге ала отырып, оларды Қазақстанға түгел әкелу үшін мына мәселелерді тездетіп шешуіміз керек, -- дейді осы мәселеге етене араласып жүрген ақын Ауыт Мұқибек. – Бірінші, бізге тәжірибе көрсеткендей, шеттегі қандастарымыздың басына осындай қиын жағдай туындағанда, олардың мүддесін қорғайтын заңдық негіз бен мәртебесі заңмен бекітілген бір органның қажет екені белгілі болды. Сондықтан «Шетелдегі қандастарымызды қолдау туралы» арнайы заң қабылдап, этникалық қазақтармен арнайы жұмыс істейтін «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамына мәртебе беру керек.

Екінші, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасын дайындап, қатысты заңнамаларға құжатына ұлтының кім екені жазылмаған қандастарымыздың ұлтын комиссия арқылы анықтайтын норма енгізу керек. Егер ұлтын комиссия арқылы анықтайтын норма заңдастырылса, тәуелсіздік жылдары атажұртына көшіп келген қандастарымызға сүйене отырып, олардың ұлтын анықтап, тұрақтандыру жеңіл, тиімді және сенімді болмақ». 

Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені, жақында ғана Ауғанстаннан келген 35 азаматтың ұлтының «қазақ» екеніне күмән келтіріп отырғандар көп. Құжатында ұлты көрсетілмеген олардың қазақтығы қандай тәртіппен анықталғанын білмейміз. «Олардың ұлтының кім екенін Кабулдағы Қазақстан елшілігі жанындағы комиссия анықтады деп жатыр. Ал, заңда ондай комиссия туралы тетік жоқ. Ол комиссияны кім қандай тәртіппен құрды? Егер заңда дайын норма болмаған жағдайда, төтенше жағдайларды негізге ала отырып, Президент комиссия құру туралы Жарлық шығаруы керек еді. Ондай Жарлық шықты дегенді естіген де, көрген де жоқпыз. Ендеше, «заңдық негізі жоқ комиссияға қандастарымыздың ұлтының қазақ немесе қазақ емес екенін анықтайтын ондай құқықты кім берді?!» деген сұрақ туындайды. Демек, заңдық негізі жоқ комиссияның шығарған шешімі де заңсыз болып табылады. Қазақстан құқықтық мемлекет болған соң, мәселенің бұл жағын да ойластырған жөн» дейді Ауыт Мұқибек. 

Қазір Ауғанстандағы ғана емес, Пәкістан, Иран және Сауд Арабиясы мемлекеттеріндегі қазақтар да атажұртына оралғысы келетіндіктерін айтуда. Олардың барлығы ауғанстандық қазақтар екен. Кезінде түрлі жағдайларға байланысты аталған елдерге көшіп кетуге мәжбүр болған. Бір қызығы, осы аталған үш мемлекетте де тұрғындардың өзге елдерге шығуына рұқсат берілмейді. Сондықтан олар Ауғанстанға ғана бара алатындықтарын айтуда. Ал, Ауғанстанға қайта баруға жүрексінеді. Мейлі, бұл басқа мәселе бола қойсын. Айтайық дегеніміз, ертеңгі күні оларды елге әкелетіндей мүмкіндік туа қалса, бәрінің бірдей қазақ екенін қандай нормаға сүйеніп анықтаймыз? Міне, отандастарымызды осы мәселе көбірек алаңдатады. 

Сыртқы келбет 100 жылда да өзгере қоймайды

Әрине, олардың ата-бабалары да кезінде коммунистік жүйенің қысымына көнбей, туған жерінен ауа көшуге мәжбүр болды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Елбасының тапсырмасына сәйкес, шетелдердегі қандастарымыз Отанына қайта оралуға мүмкіндік алды. Бірақ, бәрі бірдей келді дей алмаймыз. Жағдайы келмей, әртүрлі себептермен қалып қойғандар да жоқ емес. Енді олар да атажұртына оралуды армандайды. 

Өзге елде өмір сүріп жатқан бауырларымыздың ұлтын анықтауда бірінші кезекте олардың қазақ тілін білу деңгейіне басымдық беріледі. Бұл айтпаса да түсінікті жәйт. Сосын шығу тегі, жеті атасы, руы, жүзі сұралады. Тіпті, сыртқы келбеті, пішіні де қаралуы керек. Бұл жайлы қазір көбірек айтылуда. Күні кеше елге оралғандардың арасында сыртқы келбеті қазаққа мүлдем ұқсамайтындар да кездеседі деседі жұрт. «Отандастар» қорының басқарушы директоры Нұрхан Жәлиев: «Мұны анықтау оңай шаруа емес. Ол – мұқияттылықты, жауапкершілікті талап етеді. Елімізге ораламын деген азаматтардың ана тілін, жеті атасын білуі және сыртқы пішінінің сәйкес келуі өте маңызды. Мысалы, осыдан 90-100 жыл бұрын Ауғанстанға қоныс аударған қазақтардың антропологиялық пішіні содан бергі уақытта қатты өзгере қоюы мүмкін емес. Антропологиялық тип өзгеруі үшін бірнеше ғасыр керек. Бірақ, елімізден көмек сұрағандардың ішінде келбеті қазаққа мүлдем келмейтін адамдар да кездесуде. Тілі мен шығу тегін білмейтіндерді, сыртқы келбеті мен пішіні келмейтіндерді қалайша қазақ деуге болады?», – дейді. 

Мына мәселеге де көңіл бөлген дұрыс шығар. Айталық, Ауғанстандағы қазақ диаспорасы, білуімізше, коммунистік идеология мен кеңестік режимнің қыспағына көнбеген 1920-1930 жылдарда негізінен Қызылорда облысы мен Ақтөбе облысынан қоныс аударған адамдардан құралған. Олар негізінен Ауғанстанның солтүстік бөлігінде қоныстанған. Яғни Мазари–Шариф, Құндыз, Бағлан секілді провинцияларда шоғырланған. 

Жалпы, ел Үкіметі Ауғанстандағы қандастарымызды отанына әкелу туралы мәселені тәліптер билікке келген кезде-ақ көтерген-ді. Араға үш апта салып, 35 бауырымызды ата-бабасының туған жеріне жеткізді. Бұл шара Ауғанстанда қалып қойған өзге де қандастарымыздың үміт отын жаға түскендей болды. Олар телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы Қазақстаннан көмек сұрауды күн сайын күшейте түсуде. Атамекенімен қауышатын сәттің алыс емес екеніне сенеді... ҚР Сыртқы істер министрлігі қандастарымызды қайтару шараларының әлі жалғасын табатынын мәлімдеуде. Не десек те, қиын жағдайға тап болған бауырларымыздың Қазақстанға жеткізілгені біздің де, олардың да мемлекетімізге деген сенімін нығайта түседі. 

Дилара БИМЕНОВА.

Пікір қалдырыңыз