«Жәнібеков кеселден емес, құсадан кетті...»

Басшылардың өздері баракта тұрды

– Мұхтархан аға, мен алдымен еңбегі сіңген өнер адамы бізде аз болмаса да, солардың ішінен неге сізді таңдағаныма тоқтала кетейін. Сіздің өмір жолыңызда менің назарымды еріксіз өзіне аудартқан үш нәрсе болды.
Біріншісі, сіздің мектеп бітірген уақытыңыз бен оқуға түскен уақытыңыздың арасы үлкен екен. Демек, сіз актерлікке  бармасаңыз болмайтын болғаннан кейін барғансыз...
Екіншісі, сіз оқу бітіріп келгенде бір топ жас маман Арқалыққа, аты аңызға айналған Өзағаңның, Өзбекәлі Жәнібековтің өзінің қолына түсіп, оның теңдессіз тәрбиесін көру бақытына ие болған, ұстазға жарыған жандардың бірісіз...
Үшіншіден, сіз ірі актер ғана емес, театрға білікті басшы да бола білдіңіз. Яғни көргеніңіз көп адамсыз. Сол көргеніңізден не түйдіңіз, бөлісе отырыңыз. 
– Оқуға есейіп баруымның негізгі себебі, менің «халық жауының» баласы болғандығымда жатыр. Екі жасар кезімде әкем атылып кеткен екен, содан анам мені туған жерім Семейдегі атақты Қарауылдан Өскеменге, өзінің төркініне – Күршімге, өзімнен үлкен әпкемді нағашы әжем Алматыға алып кетеді. Менің туған жылымды да, фамилиямды да өзгертеді. Мен төртке келгенде анам күнкөріс үшін екінші рет тұрмысқа шығуға мәжбүр болыпты. Обалы не керек, бағымызға қарай 1938 жылы туған бір қызымен қалған бозан азамат адал адам болып кездесті, ол кісі мен анасы екеуі маған туған бала, немересінен артық қарады. Мен өзім сол Бәтима әжемнің бауырында өстім. Мектепке алты жасымда бардым, ал, әжем мені жеті жасыма дейін арқалап апарып жүрді... Екінші әкем қонаққа барса, атының алдына мені мінгізіп алатын. «Менің атымды осы Мұхтархан балам шығарады» деп отыратын... Өзі жауырыны жерге тимеген, «Манап балуан» атанған кісі еді. Мен негізінен ол кісінің әкесі Сәдуақас атамның қолында өстім. «Кімнің баласысың?» дейді, «Сәдуақастың баласымын» деймін. Өстіп жүріп метіркеге, паспортқа да солай жазылып кетті...
– Екінші Нұртас Оңдасынов болыпсыз ғой, ол кісінің де әкесі Оңдасын, атасы Дәндібай ғой...
– Анам екінші әкемізден үш ұл, бір қыз тапты. Мен он үшке келгенде әкем өмірден өтті-дағы, сегізінші сыныптан соң, ауыр заман, мен жұмыс істеп кеттім. Қойшы, сушы, құрылысшы, кейінірек тракторист, комбайнер, шофер, не керек, колхозда қандай қара жұмыс бар, соның бәрін меңгерген бесаспап болдым. 
Ол кезде әскер мерзімі үш жыл, ол борышымды да атқардым. Содан соң ғана менен кейінгі інілерім есейді-ау деген кезде барып, өзім аңсаған өнер оқуына баруға бел будым ғой. Ауылда «әнші Мұхтар» деген атағым бар, ауданда, облыста көркемөнерпаздар байқауларында жеңіске жетіп жүрмін, өзім шофермін...
– Туу, «Қара жол шұбырған ізбенен, күніне сендерге жүз келем!» деген елуінші жылдардағы «Шофер жырын» да, «Жұлдыз қандай, ай қандай? Шофер сүйген қыз қандай?!» деп алпысыншы жылдардағы «Шофер сүйген қыз қандай?» әнін де армансыз шырқаған екенсіз ғой!..
– Ол рас... Жасым жиырма беске келгенде анамнан рұқсат сұрадым. Батасын берді. Аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, өзі ақын, өзі композитор Қабдолда Тұраров ағамыз мені жақсы көруші еді, «сен оқуың керек, бір жерден шығуың керек» дейтін. Алматыға консерваторияға тарттым. Келдім, атақты Жамал Омарова апайға кез болдым. «Шырағым-ау, кешігіп қалдың ғой» деді. Сонда да маған өлең айтқызып көрді. Концертмейстер бір еврей кемпірді шақырып алды. Ол менен «тональносың қандай?» дейді. Оның не екенін білем бе мен?.. Мен Ермек Серкебаев айтатын әндерді жақсы көремін, «Сұрша қызды», Абайдың ариясын, «Мариям Жагорқызын»  айттым. «Музыкалық мектепте оқыдың ба?» «Жоқ». «Апырай, ә? Жоғарғы нотаны алуды қайдан үйрендің?» «Апай, мен «жоғарғы, төменгі нота» дегенді білмеймін, Ермек Серкебаев қалай айтады, мен де солай айтуға тырысамын». 
Сол жерде бір жігіттер М.Әуезов драма театры жанындағы екі жылдық студияға барсайшы деді. Барсам Әзірбайжан Мәмбетовтің өзі отыр екен. «Қандай тақпақ айтасың?» деді. «Тақпақ білмеймін» деймін. Тақпақ оқу, проза оқу дегеннен емтихан алатынын  есітпегенмін. «Не білесің?». «Өлең айтуды білемін». Ол кісі де концертмейстер шақырды. Ол да тональность сұрады. Жамал апайдың кемпірінен «реминор» деген сөзді естіп алғанмын, «реминор» деп жауап бердім. Бес-алты өлең айттым. Мәмбетов: «Қабылдандың!» деді.
Ал, менің көңілім көншімей жүр...
– Неге көншімейді? Мәмбетов студияға қабылдапты ғой?
– Ол екі жылдық қана оқу ғой! Ал, менің жоғары білім алғым келеді. Жасым болса жиырма бестен асты... Содан университеттің заң факультетіне құжат тапсырдым.
– Ойбай-ау, «заңда» неңіз бар, сіз өнер қуып келген адам емессіз бе?
– Енді, емтиханы бірдей екен, тарих, диктант, тағы бір сабақ, ең бастысы, математика жоқ...  Сөйтіп жүргенімде Мәдениет министрлігінде Мәскеудің Щепкин атындағы театр институты екінші курсқа 24 жасқа дейінгі жас талапкерлерді қабылдап жатыр екен деп есіттім. Шауып соған бардым. Мәскеуден келген реңі Карл Маркске ұқсайтын профессор отыр, қасында Әзірбайжан Мәмбетов пен Асқар Тоқпанов. Мен кіріп келгенде Мәмбетов «кірме, кірме!» деді. Ал, профессор менен «не үшін келдіңіз?» деп сұрады. «Институтқа оқуға түскім келеді» дедім. «Онда тыңдайық. Қандай тақпақ айтасыз?» Тақпағы бар болғыр тағы да алдымнан шықты... 
– Студияға тапсырғанда тақпақ керек екенін білдіңіз, дайындалмадыңыз ба?
– Оған уақытым болмады, мен енді заң факультетіне кеттім деп ойлағанмын ғой. Сонымен, тақпағым жоқ, Оспанхан Әубәкіровтің «Қатиматикасы» есіме түсіп, соны оқып, өзім мәз болып күлсем, менен басқа ешкім күлмейді... Профессор «тағы не білесіз?» деп сұрады, мен ән айтамын дедім. Бес-алты ән шырқадым. Сол кезде Мәмбетов мені өзіне алғанын айтты. Профессор  «бара беріңіз» деді-дағы, сәлден соң артымнан шығып, «екінші, үшінші турға қатыспай-ақ қойыңыз, мен сізді қабылдадым, құжатыңызды өзіме әкеліп беріңіз» деді... Мен университеттен құжатымды алып алдым, бірақ, профессорға апарып бермедім. Себебі, сол кезде бірге оқуға түсіп жатқан, қазіргі атақты режиссерлер Нұрқанат Жақыпбаев пен Жанат Хаджиевтің біреуі менің жасым өтіп кеткенін көріп, «құжаттарыңызды ол ұшаққа мініп жатқанда апарып беріңіз» деп ақыл айтты. Дәл солай еттім. Тамыздың 29-ына оқуға барғанымда профессор: «Ах, ты, черт, обманул меня! Ладно, учись!» деді...
Оқуға кірістік. Мені топтың старостасы етіп қойды. Көркемдік жетекшіміз профессор Гладков Михаил Николаевич, графтың тұқымы еді, Юрий Соломин секілді мықтыларды оқытқан, КСРО халық әртісі атағынан, Лениндік сыйлықтан бас тартқан, кеңес өкіметін онша қабылдамаған адам. Сол кісі мені бірден «ақсақал» деп атады, оқу біткенше солай атанып кеттім. Бірге оқығандардың бәрі «ағалап» тұрды. Жасым үлкендігіне қоса өмір көргендігім бар, телі-тентегін өзім-ақ тыйып аламын. Бокспен айналысқанмын, денем ірі. Жетімдік адамды шыңдайды ғой. Балаларға ақылымды айтамын, «мына заманда оқу керек қой» деймін. Мен өзім Ленин кітапханасынан керек кітаптың бәрін үйіп әкеліп аламын. Садовская атындағы жоғарғы стипендия алып тұрдым. Қызыл диплом алайын деп тұрғанымда биден беретін оқытушы әйел Замберг «төрт» қойып, оған іліге алмадым. Гладковтың шәкірті, ұстазымыз Смирнов Владимир Константинович,  ҰОС ардагері, «қызыл диплом алатын едің ғой, маған неге айтпадың?» деді. «Айтқым келмеді» дедім.
1970 жылы Мәдениет министрі Ілияс Омаров қайтыс болып, оның орнына Мүсілім Базарбаев келді. Біздің курс, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 17 адам, 6 қыз, 11 жігіт, мақтанғаным емес, ерекше талантты болып шықты. Оны КСРО Мәдениет министрлігінен келген өкіл де «кейінгі 15 жылдағы ең талантты курс» деп атап өтті. 1967 жылы Щепкин институтына оқуға түсуге 1 орынға 30 талапкер келген екен, 1968 жылы, біз түскенде 15 адамнан келді. Мүсілім Базарбаев біз оқуды бітіретін жылы қыста институтқа келді, ректорға жолықты. «Талдықорғанда театр ашамыз, бәрің соған барасыңдар» деді. Сол қыста Қазақстанның халық әртісі Қанабек Байсейітов те келіп кетті. Маған «іштеріңде жасы үлкені де, серкесі де сен екенсің, бәрі өзіңді сыйлайды екен, көріп отырмын, бас жағында өзім көмектесемін» деді. Ал, бұл идеяны айтып, Қонаевқа хат жазған Гладковтың өзі екен...
– Театр ашылмай қалды ма, қалай сіздер Арқалыққа тап болдыңыздар?
– Талдықорған облыстық  атқару комитетінің төрағасы Курганский деген театрға ақша жоқ депті... Оны, ол да жаңадан ашылған Торғай обкомының хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз есітіп, «театрды бізге неге бермейсіздер, Аманкелді Иманов пен Әліби Жангелдиннің туған жеріне? Дайын жастарды бізге жіберіңіздер» деген. 
– Сіздердің болса да «жер жәннаты Жетісудан» айдаладағы Арқалыққа барғыларыңыз келмейді ғой?
– Дәл сондай болды! Мәскеуге Өзекеңнің өзі ұшып келді. «Айналайындар, Торғайға келіңдер, барлық жағдайларыңды жасаймыз». Обкомның бірінші хатшысы Сақан Құсайынов, облаткомның төрағасы Трофимов болғанмен, облысты негізі Өзекең өзі басқаратындай көрінетін. Абыройы асқақ. Көзі күлімдеп, нұр шашып отыратын адам еді ғой... 
1972 жылы тамыз айында түгел келдік. Қонақүйге орналастырды. Көп қабатты үй атымен жоқ. Арқалық – бұрынғы аудан орталығы. Театрға деп «Құрылысшылар сарайы» аталатын ескі ғимарат бөлініпті. Бес қабатты үй салынды.  4 кіреберістің  екеуін бізге, екеуін пединститут мұғалімдеріне берді. Ал, басшылардың өздері баракта тұрып жатты, қараңызшы! Өзекең ана кісілерді соған көндіріп отыр ғой... Нағыз ер еді ғой, азамат...
Режиссер табылмады. Министрліктің өкілі «сіздерге режиссер таба алмай жатырмыз, келуге бәрі сіздерден қорқады» дейді. Мектебіміз мықты болып тұр ғой біздің...  Ақыры МХАТ-та үш жылдан бері М.Ефремовте стажировкадан өтіп жүрген Жамбылбек Есенбеков, марқұм болып кетті, сол бас режиссер болып келді. Театрды «Айман – Шолпанмен» керемет етіп аштық. Маған Көтібар батырдың рөлін берді. Өзекең риза!.. 

«Қайран да менің, Өзағам!..»

– Осы жерде «Жәнібеков феноменіне» кеңірек тоқталып кетпесек болмайды, Мұха...
– Ол кісі жайлы таңды таңға ұрып айта беруге болады... Мен өз басым Қазақстан тарихында екі ғана Мәдениет министрі болған деп есептеймін. Олар Ілияс Омаров пен Өзбекәлі Жәнібеков. Және Мәдениет министрін театрда не актер, не режиссер болғандардың арасынан таңдаған дұрыс деп білемін. Өйткені, театр өнерінің табиғаты бөлек, орны бөлек, ол ерекше өнер. Сондықтан министр ең бірінші театрды түсінуі, соған жаны ашуы тиіс. Ілекең мен Өзекеңдер біртуар адамдар ғой.
Мен жаратылысым қызба адаммын. Өзекеңнің көп тәрбиесін көрдім. Істі айқаймен емес, жай сөйлеп шеш дейді. Туған інісінен артық көрмесе, кем көрмеді. Бір қызық айтайын. 1974 жылы Якутиядан институтта бірге оқыған әртістер қонаққа келетін болды. Қаланың ішінде автобус жүрмейді. Такси түске кірмейтін нәрсе. Өзекеңнің машинасы кетіп бара жатыр екен, шоферіне жармастым. «Ағай Жангелдин ауданына партконференцияға жүреді қазір» деді. Ол 400 шақырым жер. Тыңдамай, мініп алдым. Қырсыққанда ұшақ жарты сағат кешігіп келе жатыр екен. Шофер кетем дейді. «Әй, он шақырым жерге арқалап апарамын ба?!» Машинаны көріп, қонақтарым таңғалды: «Жағдайларың жаман емес екен ғой» дейді. Бір аптадан кейін Жәнібековтің шоферіне жолықтым: «Не болды, ұрысты ма?». «Обком хатшысы Жәнібеков пе, Манапов па?» деп айқайлады. Негізі, дауыс көтермейтін кісі ғой. «Біраздан кейін «барғаның дұрыс болыпты, әйтпесе Мұхтар айналайын ренжитін еді ғой» деді». Қараңызшы, а?..  
Өзекеңнің Торғайға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қаншама музей ашты. Бір күні «әртістер неге үйлеріне мебель алмай жүр? Демек, тұрақтанып қалам деген ой жоқ. Бәріне мебель әперу керек» депті. Ал, мебельді керек қып жүрген біз жоқ... Үйіне қонақ келсе, Өзекең мені шақырады. Етті өзі турайды, сусынды өзі құяды, әнді өзі бастайды. Мені жатып мақтайды, талантты дейді. Қарапайым, кішіпейіл. Театрға келсе, іске кірісіп кетеді. Шоферін де шақырып алады. Барған жерінен киім алып келеді. Менің атымды атамайды, Батыр дейді. Жангелдин ауданының хатшысына «Мына Батырға саптама етік тіктіріп бер, өзім тексерем» деді. Уақыт өтіп бара жатқан соң хабарласып едім, «алдым деп айтшы, ертең беріп жіберем» деді. Ертеңіне театрға Өзекең келді. Етікті сұрады. «Келе жатыр» дедім. Кешке тағы тексерді. Ғажап адам еді ғой...
Театрдан шықпайтын. Мен әзілдеп «жарты ставкаға бізге админстратор болып келсеңізші» деймін... Бір күні шақырып алып, «партияға өт» деді. «Өтпеймін, – дедім. – «халық жауының» баласына коммунист болып не керек?» «Өт! Әкең ақталады әлі. Оның да, сенің де жазығың жоқ». Партияға өту жайлы ұсыныс хатты өзі жазып берді. Сондай ұсыныс хатты өзінен басқа облатком төрағасының орынбасары Дүйсенов, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Сәрсенов берді. Өзекең тапсырма берген ғой... «Парткомиссияда өңкей зейнеткерлер отырады, партияның Бағдарламасы мен Жарғысын сұрайды, «білмеймін» десең өткізбей тастайды» деді біреу. Айтқаны айнымай келді – бірінші сұрақ сол екеуі туралы болды, оқысам да «оқыған жоқпын» дедім. Бәрі «кімді әкелгенсің?!»  дегендей мені алып барған мәдениет басқармасы бастығының орынбасары орыс әйелдің бетіне қарады. Ол ұсыныс бергендердің атын атап шығып еді, бәрі енді «жас қой, оқып алар, қабылдансын» десті.... Партбюроға бардық. Обкомның бірінші хатшысы Барлық Садықов Жәйремдегі тау-кен байыту комбинатын басқарған тәжірибелі, білімді, академик адам еді. Театрға жиі келіп тұратын. Сол кісі анкетам оқыла бастағанда «Мұхтарханды білеміз ғой, адал коммунист болатынына сенеміз, жақсы рөлдері көбейе берсін» деп тілек айтты, ешқандай сұрақ қойылған жоқ...
– Өзіңіз сондай пір тұтатын Өзбекәлі ағаңыз театрға директор бол дегенде айтқанын істемеуіңізге не себеп болды?
– Өзекең бір күні шақырып алды.  Оқуды 1958 жылы Ыдырыс Ноғайбаевтармен бірге бітірген, көп жыл «Әкемтеатрда» актер болған Сайын Дарбасов есімді директорымыздың отбасы Алматыдан келмейтін болып, кетемін деп жүрген. Өзекең «Сайынның орнына директор бол, театрды қабылда» деді. «Өзеке, мен неге директор болуым керек? Менің жазығым не?» «Сені бәрі сыйлайды, қолыңнан жұмыс келеді, басшы керек». «Жоқ, болмаймын. Ойнаған рөлдерім ұнамаса айтыңыз». «Ұнайды. Бірақ, бір адам театрға ие болуы керек». 
– Ал, сіз неге сонша қашып отырсыз? Директор болған адам рөл ойнамасын деген тәртіп немесе шектеу жоқ қой, солай емес пе?
 – Иә, директор да ойнай береді. Бірақ... Біз оқып жүргенде Мәскеудегі басқа институттардың студенттерімен жақсы араластық, өзіміз де аз емеспіз, «бешір» дегенге жиі барамыз, ертесіне сабақта ұйқымыз қанбай, басымыз ауырып отырады. Сондайда ұстазымыз Гладков: «Сіздерді республика жіберіп отыр, біз оқытамыз, диплом береміз, бұл біздің міндетіміз. Ал, сендер барғаннан директор боласыңдар. Одан да жаманы – министр боласыңдар. Бірақ, ешқашан художник болмайсыңдар» дейтін. Сол сөз санама сіңіп қалған ғой. Әрі  театрда кәсіподақтың жергілікті ұйымының төрағалығы қызметім бар...
Иә, сөйтіп көнбей отырғанымда Өзекең: «Сен партияның солдатысың, партия қайда жібереді, сонда барасың!» дегені. 
– Қап, Өзекең мүлт кетіпті-ау!.. Жастай жастардың жетекшісі болған, партияға әбден берілген адамның солай сөйлеуі де заңдылық қой, бірақ.
– «А-а, онда партияға өзіңіз кіргізіп едіңіз, билетті де өзіңіз алып қалыңыз» дедім де, партбилетті үстелінің үстіне қойып, шығып кеттім. 
– Өзекең не істеді?
– Артымнан қуа шығып, қолымнан ұстап, кабинетіне алып кірді. «Өй, тентек неме! Мен сені ақылды жігіт деп жүрсем, ақымақсың ба деймін. Партбилетті лақтырма, бекерге сотталып кетесің! Мә, көзіме көрінбе!».
Есіктің аузына барғанда артыма бұрылып, «мен алпыстан асқан соң ғана директор боламын» дедім. Періште «әумин» деген екен, шынында да алпысымда директор болдым ғой... Қанша қашқаныммен ол мансап мені құтқармады...

Жағымсыз кейіпкерлердің өзін жақсы жағынан көрсетуге тырыстым

– Театр – барынша шартты өнер. Кино – барынша шынайы өнер. Бүкіл экранға сіздің бет-жүзіңіз шығады, қан тамырыңыздың қалай білеуленіп ісінгеніне дейін көрініп тұрады. Меніңше, актерге керағар екі дүниенің екеуін де көрген ауадай қажет секілді...
– Әрине, көрген жақсы. Тек екеуінің айырмашылығы – кинода өлі сурет сөйлейді, ал, спектакльде сен әріптесіңнің тыныс алысына дейін сезіп отырасың.  Әрі рөліңді әр ойнаған сайын жетілдіре бересің, кеңейте бересің, кемелдендіре бересің.
– Өз ғұмырыңызда жүздің үстінде рөл ойнапсыз. Соның сексеннен астамы басты рөл болған екен. Небір хандардың, билердің, батырлар мен байлардың бейнесін шығару несібеңізге бұйырыпты. «Жағымды кейіпкер, жағымсыз кейіпкер» болатыны белгілі. Әсіресе, кеңес кезеңінде қазақтың байы «жағымсыз жандардың» қатарында еді, олардың рөлін қалай ойнап жүрдіңіз?
– Бірақ, сол басты рөлде көп ойнағанымнан киноға бара алмадым. Ауыстыратын адам болмады. «Мосфильм», Довженко атындағы, «Өзбекфильм», «Қырғызфильм» шақырды. Бір қызығы – «Қазақфильм» шақырған жоқ. 1991 жылы Павлодарда жүргенде «Батыр Баянға» түстім тек қана. Қабанбай батырдың рөлін ойнадым. 
Төртінші курста жүргенімде «Өзбекфильм» екі сериялы киноға шақырды. «Бізде де ГИТИС бар, диплом береміз» деді. Михаил Николаевичке бардым. Ол кісі «өзің біл, бірақ, онда «Гладковтың мектебінде» оқыдым деп айта алмайсың» деді...
Менің алғашқы ойнағаным Көтібар батырдың рөлі дедім ғой. Оны ойнағанда ауылдағы үш ақсақалды көз алдыма елестетіп отырдым. Біреуі аңқау, біреуі еңбекқор дегендей. Иә, мен «жағымсыз кейіпкерлерді» көп ойнадым. Алайда, олардың жақсы жағын көрсетуге тырыстым. Өйткені, Станиславский сөйтіп үйретеді. Елге күлкілі жанның трагедиясын көрсет дейді. Режиссермен келіспесем, бас тартамын. Мысалы, Қодарды ойнамаймын дедім. Менің білімім, өз ой-пікірім бар ғой. Мысалы, маған «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» Қарабайдың рөлі тиді. Журналистер менен «сіз неге Қозының маңдайынан сипайсыз?» деп сұрайды. Соншама малы бар қазақтың байы. Жұрт оны «сараң» дейді. Жоқ, ол сараң емес, ол қазақтың даласын жылқыға толтыра алмай жүр. Ол сиыр мен қой-ешкіні мал екен демейді. Ол қазақтың жерін байытайын деген адам. Қодарды ұстап әкелген Қозының маңдайынан сипаса, ол «осындай елге ие болатын ұлым болса екен» деген әкелік тілек-арманнан туған қимыл ғой... Сәлден кейін кім екені есіне түсіп, Қозыға «алып кет, мынаны!» дейді...
Неге Қодарды ойнамадым? Бәрі оны ақымақ көреді. Ол ақымақ емес! Мысалы, Жантық: «Қарабай қызын беріп отыр ғой, әкетсейші қызын!» дейді. Қодар сонда не деп жауап береді? «Баянның өзінің «сүйем» деген сөзін күтіп жүрмін ғой...» дейді. Мен неге оны ұрдажық, ақылы жоқ етіп ойнауым керек? «Еңлік Кебектегі» Есен батыр да сондай... 
Қалтай Мұхамеджановтың «Біз періштеміз бе?» деген пьесасында Асқар Тоханов деген жас жазушы Сәкен Сейфуллиндердің үстінен арыз жазып береді. Режиссерге «мен мына жігітті ақтаймын, біз ол кездегі жағдайдың қандай болғанын толық білмейміз ғой» дедім. Режиссер «өзіңіз біліңіз, – деді. – Бірақ, ақтай алмайсыз»... Асқар милицияның бастығына арызды алып келеді. Анау: «Жаздың ба? Әкел бері!» дейді. Асқар бермей тұр. Бастық тағы бұйырады. Бермейді. Үшінші ретте бастық пистолетін суырып алады, сол кезде барып береді. «Қолыңды қой!» дейді милицияның бастығы. Қоймайды. Екінші рет бұйырады, қоймайды. Үшінші ретте «иттің баласы, атамын!» деп тағы да пистолетін кезенгенде, амал жоқ қолын қояды. «Бүгін батырсыңдар, – деймін, – сол Асқардың орнында болсаңдар не істер едіңдер? «Ата бер!» дейсіңдер ме? Жоқ, сатасыңдар... Кез келгенің сатасың. Оның жазығы жоқ. Өмір солай болды...» деймін. Режиссер таңғалды... 
Адамның жаманы жоқ. Алла жаратқан соң, әрқайсысы бір-бір тұлға ғой. Өзекең адамдарға солай қарайтын. Мен не нәрсе болғанда да сол кісіні есіме аламын. Ашуланса да күлімсіреп отыратын. «Мені неге жақсы көресіз?» деймін. «Жақсы жігіт шығарсың» деп күледі. «Жоқ, мен емес, сіз жақсы адамсыз!» деймін. Өзекең, Еркін Әуелбеков сияқты кісілер қазір істеп тұрғанда, өміріміз мүлдем басқа болар еді ғой...
– Арқалықта қай жылға дейін жұмыс істедіңіздер?
– 1988 жылдың шілдесіне дейін – облыс жабылғанға дейін. Облыс 1971 жылы ашылды, біз 1972 жылы келіп, желтоқсанда театр аштық.
– Арқалықта театр ғимараты салынды ма?
– Жоқ. Бізге боксит шығаратын металлургтерге арнап салынған «Горняк» деген үлкен мәдениет сарайын берді. Сонда ғой Өзекеңнің маған «батырым, сахнаға атыңмен шық» дейтіні...
– Таратыңқырап айтыңызшы, қызық екен.
– 1973 жылы астықтан рекордтық өнім берген Торғай облысының туына Ленин ордені, облыс басшысы Сақан Құсайыновтың омырауына «Алтын Жұлдыз» қадалды. Қуанышпен құттықтауға Д.Қонаевтың өзі келетін болды. Өзекең режиссерге «Мұхтархан спектакльде сахнаға атпен шықсын» депті. Ал, Станиславский «сахнаға жан-жануарды, жас балаларды шығару көрерменнің ойын аударып жібереді» деп үйреткен, «болмайды» дедім. «Арқалық ауданының хатшысына екі арғымақты дайындатып қойдым» деп Өзекең көнбей отырып алды. Жақсы көретін ағам ғой, сосын мен көндім...
Атшыға аттың ішін босаттырып алдым. Рөлдегі сөзімді айтып, сахнаны бір айналып келіп, оркестр отыратын шұңқырға жақындаған кезде қос қолдап тізгінін тарттым, арғымағым тіп-тік болып көкке атылды!  Қонаев бастаған қалың көрермен орнынан тұрып кеткен, аямай қол соғып жатыр!.. Сахнадан шығып, атымнан түсіп жатқанымда Өзекең келді. Маңдайымнан сүйіп, алғысын айтты... «Оркестрдің орына құлап кете ме деп қорықтым» деді. «Аға-ау, аттың бауырында өскен ауыл баласымын, жылқының жарық жерден қараңғыға баспайтынын білем ғой» деп жатырмын. Содан кейін Мәскеуден біреу келетін болса, «Айман-Шолпанды» қойып жүрдік. 
Павлодарда да осы көріністі қойдық. Белгілі мемлекет қайраткері Болатхан Тайжан, Баянауылдың тумасы ғой, Мәскеуде қатар оқыған кезден таныспыз, КСРО-ның Мысырдағы елшісі болатын. Ол біздің режиссеріміз, курстасым Ерсайын Тәпеновке «гастрольге келіңдер, өзім ұйымдастырамын» депті. Ерсайын «Болатханға  арабтың сұлу арғымағын дайындатайық та» деді. Болатхан күлді: «Бразилиялықтар төсек дайындаттырып еді, сендердікі тіпті ерекше екен...» Есесіне арабтар тәнті болды! Тіпті, бір газеті «Он жеті жыл Мысырды билеген Бейбарыстың бүгінгі ұрпақтары  жеті жүз жылдан соң бабалары секілді  ақ боз атпен келді» деп жазды... 
Сол кезде Торғай облыстық театрын түгел Жезқазғанға көшіру туралы Үкіметтің қаулысы шықты. Үш автобуспен көштік. Жезқазғандықтар облыстың шекарасында түнде бізді күтіп алды. Дастарқан жайылған... Сол керемет кешкі отырыстың үстінде бәрімізге Жезқазғаннан пәтердің кілті ұсынылды. Жаңа жобадағы, бөлмелері кең-кең пәтер бәрі де. Жезқазған облаткомының төрағасы Қамза Жұмабековтің еңбегі ерен болды. Сол 1989 жылы театрды аштық. Ашылу салтанатына Орталық Комитеттің хатшысы Өзекең келді. Мен жасы үлкен актер ретінде сөз сөйлеп, алғысымды айттым. Өзекеңнің әкеміздей болып кеткен адам екенін айттым. Бірақ, ол кісі содан көп ұзамай аурудан кетіп қалды ғой. Ауырып жатқанда бір рет келіп қайттым. Сыр білдірмейді, «жақсымын» деп қояды. Меніңше, ол кісі кеселден емес, құсадан кетті... «Кеңсайға емес, Арыстанбабқа апарып жерлеңдер» деген ғой өзі. Тіпті, өлімімен де үлгі-өнеге көрсетіп кетті кейінгіге...
– Торғай облысы 1990 жылы қайта ашылып, 1997 жылы қайта жабылып қалғаны белгілі. Ал, театрдың кейінгі тағдыры не болды?
– Сол кездегі облыс әкімі Кенжебек Үкиннің тікелей қамқорлығының арқасында 1992 жылы театр қайта ашылды. Ол жақын жолдасым болғандықтан, театрдың қайта ашылуына менің қатысым болған. Театр ұжымы Алматыдағы Өнер академиясының түлектері мен жергілікті өнерпаздардан құралған еді. Бірақ, облыс жабылғаннан кейін, 2000 жылы Қостанай облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев театрды Қостанайға көшіріп алды. Қостанайлықтар 2010 жылы «театрдың 10 жылдығын тойлаймыз, келіңіз» деп шақырғанда, «алдындағы сегіз жылды қалай жеп қойдыңдар?» деп өкпелеп, мен ол тойға бармай қалдым.
Біз Жезқазғанға келгенде де осындай әңгіме көтерілген. Бірақ, біз «Торғайда 16 жыл істеген, 12 өнерпазымыз «еңбек сіңірген әртіс» атағын алған тарихымызды өшіртпейміз» деп көнбей тұрып алғанбыз. Құдай қаласа, келесі жылы Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған театрының 50 жылдық мерейтойы күтіп тұр бізді...
–  Жезқазған керемет жақсы қарсы алды деп отырсыз. Сондай жерден Павлодарға кеттіңіз. Оқырманда «неге тұрақтап қалмады екен?» деген заңды сұрақ туады ғой... 
– Үш жыл жұмыс істедім. Курстасымыз Жанат Хаджиев – бас режиссер, көркемдік жетекші. Фестивальдерден Гран-при ала бастадық. Павлодардағы театрда әрі директор, әрі көркемдік жетекші болып отырған Ерсайын Тәпенов «келіңіз, театр ашуға көмектесіңіз» деп жүргеніне біраз болған. Бір күні кешке үйге келіп отырған актриса әріптесім «ертең обком хатшысы келеді, сені директор сайлаймыз. Арқалықта да қашып едің, енді құтылмайсың» дегені. Ол кеткеннен кейін, тура кинодағыдай, Павлодардан Тәпеновтің қоңырау соқпасы бар ма! «Мұха, келетін болдыңыз ба?» деді. «Ертең директор сайлаймыз» деген сөз белді бууыма түрткі болды, сол жерде шалт шешім қабылдап, «екі күннен кейін ұшып барамын» дедім. 
Ертесіне Қожамсейітов пен идеология жөніндегі обком хатшысы Сырым Сапарғалиев келіп жиналыс ашты. «Директорға жарымадық. Біреуі сотталды, біреуі бірнәрсе болды. Енді өздеріңіздің іштеріңізден сайлап алыңыздар». Мен қолымды көтердім. «Иә, аға, не айтасыз?»  «Өте дұрыс. Ішімізден сайлайық. Мен мынау 1978 жылы оқу бітіріп келген Жомарт Әбілтаевты ұсынамын. Сегіз жыл шамам келгенін үйреттім. Театрды осы жігіт көгертеді. Ал, мен Павлодарға кетіп барамын. Орыстың ортасында театр аша алмай жүр екен, енді соларға көмектесейін. Ал, қош сау болыңыздар!». 
Сахнадан түстім де шығып кеттім. Бәрінің ауыздары ашылып, отырды да қалды... Әйелім «түрің бұзылып кетіпті ғой, не болды?» деді. «Павлодарға кетемін деп айта алмай жүр едім, соны айттым». Жарты сағаттан кейін театрдағылар үйге келді. «Осылай да осылай, бармасам болмайды».  Он сегіз жылда бәрі туған ағаларындай көріп, бауыр басып қалған ғой. Бір мәселе туса, директорға немесе режиссерға емес, маған келетін. Торғайлық Өзбек деген жігіт тіпті «театрдың алтын діңгегі» деген ода жазып жіберіпті... 
Ертесіне Жанат Хаджиев «Сапарғалиевке барыңызшы» деп қоймады. Бардым. Обком хатшысы «өкпелеп жүрсіз бе, неге кететін болдыңыз?» деді. Ешкімге өкпем жоғын айттым. Сырым: «Міне, Ежиков-Бабаханов Алматымен келісіп қойды, – деп марапат парағын көрсетті. –  Халық әртісі атағын алып, үш айдан кейін барыңыз». «Оқу бітірген соң бес жылдан кейін «еңбек сіңірген әртіс» атағын алдым. Одан шыққан мүйіз жоқ. Бұйырса «халық әртісін» Павлодардан алармын, алмасам қалармын. Маған халықтың өзі «халық әртісі» деп санаса, сол жетеді» дедім. Шынында да, Жезқазғаннан кетпес те едім, директор қоятын болған соң кетпесіме болмады...
– «Ер кезегі үшке дейін» – үшінші театрға келдіңіз. Енді Мұхтархан Манап өмірінің  «Павлодар дәуіріне» тоқталайық. 
– Мен 1990 жылдың 1 қарашасы күні келдім. Келсем бұл жақтағылар 7 желтоқсанда театрды ашамыз деп жоспарлап қойыпты. Бірақ, ешнәрсе дайын емес!.. Әртістер қонақүйде тұрып жатыр, репетиция жасайтын жер құйттай. Қалалық атқару комитетінің төрағасына, қалалық партия комитетінің хатшысына, облатком төрағасына, ең соңында обкомның бірінші хатшысы Юрий Алексеевич Мещеряковтың өзіне кірдім. Таныды. «Біз сізбен театр Арқалықтан Жезқазғанға көшетін тұста Өзбекәлі Жәнібековтің алдында, сізді Жезқазғанға  келуге үгіттегеніміз есімде» деді. 
– Қалай сонда, сіздің Жезқазғанға келгіңіз жоқ па еді?..
– Иә, сондай сәт болған – мен Семейге, еліме кетем дегенмін. Мен бармайтын болған соң басқалары да айныған. Содан Өзекең мені Орталық Комитетке шақырып алып, мына ұжымды сақтайық, бармасаң болмайды деп көндірген. Мещеряков сол жерде істейді екен, әңгімеге қатысқан болатын.  «Есіңізге түссе тіпті жақсы, – дедім. – Театр ашамын деген екенсіздер, ол үшін сіздің өзіңіз ұйымдастыру комитетінің төрағасы болуға тиіссіз, әйтпесе нәтиже шықпайды. Әртістерге үй керек, театрға көлік керек, декорация керек, костюм керек, керек, керек...» 
Сосын барып іс жүріп берді ғой. Табан астынан бәрі табылып жатты... Жоспарланған күні театрды дүркіретіп аштық қой. Тек Өзекең болмады. Білмедім, шақырылмады ма, басқа себебі болды ма, білмедім. Мен оған араласқан жоқпын.
Содан тапжылмай 26 жыл жұмыс істеппін. Қызық болғанда, 9 жыл директор болдым,  оған қоса 6 жыл көркемдік жетекші де болдым. Павлодарда жетпіске келгенімше қолымнан келгеннің бәрін істедім, ғимаратты 5 жыл күрделі жөндеуден өткіздім, театрдың алдына Жүсіпбек Аймауытовтың ескерткішін қойдырдым, сосын енді басшы болмаймын дедім.
Гладков бізге «өз халықтарыңа адал болыңдар» деп үйретті
– «Өнер – бәсекенің ортасы» дейміз. Ал, сіз болсаңыз мансаптан қашасыз, атақтан бас тартасыз.
– Мен сол сөлкебайға, атаққа еш қызықпадым. Екі рет орденге ұсынды, қасымдағыларға бергіздім. Одан бір жерім кеміп қалған жоқ.  Павлодарда «Құрмет» орденін облыс әкімі Ерлан Арын кеудеме тақты. Мәдениет басқармасына хабарласып, «мені орденге ұсынғандарыңды айтпапсыңдар ғой» десем, біз білмейміз дейді, Ерлан Арынның өзінің бастамасы екен... Ол кісі әкім болғанға дейін  Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры болып жұмыс істеді. Көшенің қарсы бетінде  – Жүсіпбек Аймауытов атындағы біздің театр. Екеуміз екі ортаға «алтын көпір» салдық – университет студенттер спектакльге келіп тұрсын деп театрға ақша аударады. Сол кезде ол кісі облыстық мәслихаттың депутаты, көп көшенің атын қазақшалауға мұрындық болды.  Бір күні облыстық телеарнадан бір орыс «Ерлан Арын елді мекендердің бәрінің атауын қазақша етпекші» деп сөйлеп жатыр... 
Өзекең 1975 жылы-ақ атаққа ұсынған екен, министрліктегілер «театрдың ашылғанына үш жыл енді толды, жоғарғы жақ бекітпейді» депті. «Арқалық қаласының құрметті азаматы» атандым. Кейбіреулер атаққа ұзақ жүріп, қиналып жетеді, мүмкін содан кейін бағалы болатын шығар. Пәтер жалдап немесе жатақханада тұрып көргенім жоқ, өмір бойы тегін үйде тұрып келемін. Алланың берген несібесі шығар...
– Менің еркімде болса Сәуірбек Бақбергеновтің «Найзабас» атты қысқа әңгімесін мектептің әдебиет оқулығына енгізер едім. Онда жасөспірім баланың әкеден мұраға не алып қалары айтылады. Адам баласы үшін Ұстаздың орны бөлек екені және белгілі. «Өмір» атты ең қатал, ең әділ ұстаз тағы бар. Осылар сізге не берді, сіз не алып қалдыңыз?
– Ата-анам жайлы айттым. Атам мен Манап әкем өмірден өткен соң шеттететін болды мені. Жетімге қоқаңдаған қожа көп. Өзімді өзім қорғай алу үшін спортпен айналыстым. Бауырларымды өсіру үшін ауыр жұмысты көп істедім. Және сол кезде-ақ жинақ кассасына ақша салуды дағдыға айналдырдым.  Сырмінез досымның қарындасына үйлендім.
Институтта бар ынта-ықыласымды оқуға салдым. Бізге Мәскеу театрларына тегін  кіретін  рұқсаттама берілетін, мен солардан қалмайтынмын.
Профессор Гладков  бізге үнемі «өз халқыңды сүйіңдер, оған адал болыңдар» деп отыратын. Оған адал болу үшін алдымен «бір-біріңе адал болыңдар, бір-біріңді сатпаңдар, өздеріңді өздерің құрметтеп, көмектесіп, қолтықтан демеп жүріңдер» деуші еді.
– Ай, азамат-ай, айтудай-ақ айтқан екен ғой!.. Осы жерде қуғын-сүргін кезінде әріптестерінің үстінен ең аз арыз жазғандар театр әртістері болғандығы менің есіме түсіп отыр. Күн сайын бет көрісіп, көз түйістіріп жүргеннен кейін жамандыққа қию қиын болыпты ғой...
– «Арыз жазу» дейтін біздің қанымызда жоқ алапат бәлені орыс отаршылдары алып келген, соны айта кету керек.
– Дұрыс сіздікі! Патша өкіметі хандық жүйені жойып, аға сұлтандық, әсіресе, үш жылдық болыстық сайлау жүйесін енгізді-дағы, соны қазақтың басын біріктірмеуге керемет пайдаланды ғой...
Ғылымға аузына су тамызғанға ғана жететін қаржы бөліп отырғанымыз болмаса, әлемдік даму жолына түскенді қойдық. Өнеріміз қайтсе дамиды?..
– Ұлттық өнеріміз ұлттық тамырымызға қайта оралсақ қана дамиды. Біздің өнеріміз өзгелерге сонда ғана қызық болады. Және ол алдымен өзімізге керек.
Білім, денсаулық, мәдениет салалары дамуы үшін осы үшеуіне оқу тегін болуы тиіс. Ақы төлеген бала сабаққа бармайды. Бұл оқу орындарына бала өз күшімен түсетін болуы керек. Оны іске асыру соншама қиын да емес.
Павлодарда бес облыс әкімімен жұмыс істедім. Олар театрға келгенде vip-залда шай беретінмін. Оларға Өзбекәлі Жәнібеков, Еркінбек Әуелбеков деген кісілер болғандығын, олардың театрдан шықпайтын басшы болғандығын, басшылар театрды жақсы көрсе ғана оның өмір сүре алатындығын айтатынмын. 
Театрдың құны төмендеп барады, әншісымақтардың бағасы аспандап барады. Нұрқанат астанадағы осы «Жастар» театрына бұрыннан шақырып жүрген. Келдім. Директордың кеңесшісімін. Бұлар басқа театрларға ұқсамайды. Бұларда бәрі бар. Кішкентай нәрседен үлкен түйін жасай алады. Балалар шетінен талантты, шетінен еңбекқор. Арақ ішпейді. Бір үйдің балалары сияқты бәрі. Жалақылары да көп емес. Таңертең тоғызда келсе, кешкі тоғыз-онға дейін осында. Музыканттар бірнеше жерде жұмыс істей алады, театрда ондай мүмкіндік жоқ. Театрға қолдау көрсету керек, менің министр актерден шығу керек дейтінім содан.  Ал, қазір кім министр болмай жатыр... Театрдың көбін жергілікті билікке қаратып қойды. Бүгінгі  облыстық театрлардың жағдайына қарап, ішім удай ашиды. Театрға қарамайтын Мәдениет министрлігі кімге керек?.. Мәдениетке спорттың қандай қатысы бар?..
Өткенде  бір журналистер сұрақ қойды: «Өзекең тірі болса не істер еді?». «Өзекең тірі болса қазақ театры әлемді жаулап алар еді» дедім. Өйткені, ол кісінің заманында біздің билігіміз Мәскеудің қолында болды ғой, сыртқа шыға алмадық. 
Мұхтар Әуезов театрында гастрольдеміз. «Мына сөзді айтпай-ақ қойыңыз, жұрт түсінбейді» дейді. Неге айтпаймыз? Біздің мақсатымыз, өнердің, театрдың міндеті – түсінбегенді түсіндіру, елдің алдында жүру емес пе?! Өз жолымызбен жүрудің орнына, жаһанданудың ыңғайына қарай жығылып барамыз. Батыстың «мәдениетінің» керегі жоқ бізге, мыңдаған жылдар бойы құралған өз мәдениетіміз ешкімнен кем емес. 
– Өкінішіңіз бар ма?
– Өз басыма қатысты өкінішім жоқ, елге қатысты – бар... Институтта философиядан профессор Бычков Илья Михайлович деген кісі сабақ берді. Кеңес өкіметін мойындамағандардың бірі еді. Біздің басшыларымыз сауатсыз дейтін. Ол кісі жалақы алған күні бір бөтелке коньяк пен бір шоколад алып, менің бөлмеме келеді. Бір-екі рюмкадан кейін мен «Қазақстан бөлініп кетсе өз күнін өзі көріп кете ала ма?» деп сұраймын. «Әрине, күнін көріп кете алады, бірақ, СССР-дің жарты байлығы – Менделеев кестесіндегі элементтің бәрі бар Қазақстанда, сендерді кім жіберейін деп тұр, шырағым-ау?» дейді. «Инвестор» деген сөзді ең алғаш мен сол кісіден естідім, бірақ, түсінбедім. Бөлінсеңдер, сендерге инвесторлар келеді. Мысалы, сен қазір менен кейде тамаққа деп 3 сом сұрап аласың, ал, ол кезде көмек сұрап мен саған баратын боламын, сен маған үш жүз мың доллар беретін боласың. Алғашқы бес жылда түскен табыс 50 де 50 болып бөлінеді, бес жылдан соң пайданың 
20 пайызы инвестордікі, 80 пайызы сендердікі болады. Бірақ, ол үшін сендердің басшыларың сауатты, елін сүйетін болуы керек, ашкөз болмауы шарт! Ал, сауатсыз, елін сүймейтін, оның үстіне ашкөз болатын болса, онда бүгінгі күндеріңе зар боласыңдар...» дейтін. 
Бұл – 1968 жыл! Араб әмірлігінің иісі де жоқ заман!. Ал, біздің астананың маңындағы «Родина» деген кеңшардың директоры Иван Сауэр деген біреу «Шымкенттің қазағы бұл жаққа не үшін көшіп келуі керек?!.» дейді. 
– Біз болсақ сондайларды  төбемізге көтеріп, құрметтеп, сыйлап әлекпіз...
– «Оңтайландырамыз» деген желеумен Жезқазған, Торғай, Семей, Талдықорған облыстарының, көптеген аудандардың жойылғаны қандай өкінішті. Шекаралық ауылдар қаңырап бос қалды. Мысалы, Торғайда боксит өндіріледі, бидайдың қатты сорты егіледі. Ол өзі негізінен экспортқа шығарылады екен. Кеңшарлардың арасы 100-150 шақырым. Ұшы-қиыры жоқ, теп-тегіс жазық  жазира! Осы дала малға толы еді! Халқы деген тіпті керемет! Нағыз бұрынғы қазақ! Келген адамның кім екенін сұрамайды, алдымен малын сояды. Торғайдан көп нәрсе үйрендім. Рухани жағынан ерекше бай, қазақылығы теңдессіз облысты жапты ғой, не дейсің... 
– «Қазан аузы – жоғары». Аман болсақ, бұдан да өтерміз...

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ,
«Ońtústik Qazaqstan».
Пікір қалдырыңыз