Талабы зорға несібе көп

Істегісі келген адамға ауылда да жұмыс көп. Тек көзін таба біл. Көзін таппаған соң да жұмыстың жоқтығын сылтауратқан талай жас ауылдан қалаға ағылады. Ал, ауылда қалғандар немен айналысып жүр, олар жұмыспен қаншалықты қамтылған? Біз осы және басқа сұрақтарымызды Мақтаарал аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Әділ Жұмаділлаевқа қойдық.

– Ауыл азаматтарын жұмыспен қамту мәселесі – бүгінгі таңда ең өзекті мәселе. Жұмыссыздықты жоюда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ықпалы зор. Осы бағдарламалар аясында арнайы оқытудан өтіп, қайта даярлаудың нәтижесінде жұмысқа орналасып жатқандар бар. Бүгінгі таңда бағдарлама өз нәтижесін берді. Осы бағдарламалар жүзеге аса бастағалы 1701 азамат жұмыспен қамтылды, олардың 1388-і жұмыссыз ретінде тіркелгендер болатын. Жұмыспен қамтылған азаматтардың 273-і тұрмысы төмен отбасы мүшелері саналады. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар саны 95-ке жетті. Орталықта жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны – дәл қазір 313. 

– Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыспен қамтылуы қалай? 

– Біздің орталыққа тіркеліп, жұмыс істеуге ниет білдірген мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру жағы қарастырылуда. Бағдарлама аясында 20-ға жуық мүмкіндігі шектеулі жас жұмыспен қамтылды. Атап айтар болсақ, әлеуметтік жұмыс орнына – 1, «Жастар практикасы» бойынша – 3, ақылы қоғамдық жұмысқа – 9, деректер қорындағы бос жұмыс орындарына 4 азамат тартылды. Өз кәсібін дамытуға ниетті бір азамат мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алды. «Бизнес-бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқуға 103 жас жолданып, олар курсты толық аяқтады. Ал, 130 азаматқа мемлекеттік грант берілді.

– Ауыл жастарының орталық тарапынан ұсынылған жұмыстарға көңілі тола ма? Жалпы, жастар қай салаға көп баруда?

– Олар жан-жақты. Дегенмен, әлеуметтік жұмыстарға сұраныс қашан да жоғары. Сол себепті жұмыспен қамту, еңбек ресурстарын арттыру бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 273 жас жолданды. Оның 26-сы қызметін мерзімінен бұрын аяқтады. Екеуі тұрақты жұмысқа орналасқан. «Жастар практикасы» аясында 132 жұмыс беруші мекемемен келісімшарт жасалып, оларға 424 жас жолданған. Оның 14-і тұрақты кәсіп тапты. 

Жалпы, деректер қорындағы бос жұмыс орындарына 310 адам орналасты. Қоғамдық жұмысқа 691 азамат жіберіліп, 97 жас қызметін аяқтады. Биыл пилоттық жоба ретінде «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 7 жұмыс беруші мекемемен келісімшарт түзіліп, NEET санатындағы 15 жас жұмысқа жолданды. NEET (NotinEmployment, EducationorTraining) деп отырғанымыз – жұмыс істемейтін, оқымайтын, жұмыс іздеуге ұмтылмайтын жастар дегенді білдіреді. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Ысқақ САДЫҚ, «Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз