Келешекке нық қадам жасауымыз қажет

Биыл желтоқсан айында ҚР Судьялар одағының құрылғанына 25 жыл толады. Бұл тарихи дата 1996 жылы 19 желтоқсанда Алматы қаласында өткен судьялардың І съезінде бекітілген болатын. Содан бастап одақ судьялардың кәсіби ынтымақтастығын арттырып, отандық сот жүйесін дамытатын ұйымға айналды. Ширек ғасырлық тарихында Судьялар одағының 8 съезі өтіп, әрқайсысында жаңа кезеңдегі бағыт-бағдарлар айшықталып отырды. Тәуелсіз сот жүйесінің даму жолдары мен құрылым координаттары айқындалып, тәжірибенің толысуына сеп болды. Сондай-ақ, әр съезд сот төрелігін іске асыру барысындағы проблемалар мен кедергілерді ашық талқылап, алдағы жылдарға жоспар құратын маңызды мәжіліске айналды. Әр съезден соң проблемаларды шешетін заңнамалық нормалар құру шаралары қабылданып, сот жүйесіне жаңа тетіктер, судьялардың ар-намыс және мінез-құлық кодексінің кәсіби этикасы аясында қағидаттар енгізіледі. Сондықтан бұл ұйымның елімізде және шетелдік судьялар қауымдастығының арасында кәсіби тұрғыдан беделді одақ екенін мойындауымыз қажет. 
Осыдан 26 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата Заңымыз азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын тәуелсіз Қазақстанның бас құжатына айналса, осы Конституция шеңберінде еңбек етіп жүргендердің арасында Судьялар одағының мүшелері де бар. Сол себепті бір-бірімен біте қайнасып жатқан сала мамандарының еңбегі еленуге лайық деп санаймын. Одақтың орталық кеңесі 25 жылдық мерейтойды атап өту туралы қаулы қабылдап, атаулы датаға дейінгі күндер маңызды әрі қызықты іс-шаралармен, әлеуметтік жобалармен ерекшеленеді деген сенім де жоқ емес. Алдыңғы аға буынның еңбегі бүгінгі жас судьяларға серпіліс болатындықтан, мерейтой қарсаңында ардагерлердің ақыл-кеңесін алып, келешекке нық қадам жасауымыз қажет.

Еркебұлан ТӨЛЕШОВ, 
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы.

Пікір қалдырыңыз