Алаяқ 57 миллион теңгеге бар болғаны үш-ақ күн шалқып өмір сүрді

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».

Сарыағаш ауданында аса ірі мөлшердегі қаржыны алаяқтық жолмен жымқырған 24 жастағы күдіктіге сот үкімі шықты. 
Еске сала кетейік, атышулы оқиға былтыр қараша айында орын алған болатын. Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, өзінің жеке кәсіпкерлігін ашып, ісін ілгерілетуді көздеген сарыағаштық тұрғын Нұр-Сұлтан қаласында арзан бағада пісте сататын адам барын естіп, телефон арқылы бірден 500 тоннаға тапсырыс береді. Тіпті, кәсіпкердің оған сенгені соншалық, сол мезетте-ақ 57 миллион теңгені есепшотына аударып жібереді. Әрине, «Адам аласы ішінде» дегендей, жұмыс бабында серіктес болғысы келген азаматтың алаяқ екенін кәсіпкер бастапқыда білген жоқ. Алайда, арада 20 күн өтсе де не келісілген өнімді ала алмай, не ақшасын қайтара алмай, сарсаңға түскен кәсіпкер мәселенің мән-жайын анықтап, ақ-қарасын айыруға көшкенде ғана оның алаяқ екеніне көзі жетеді. Осыдан кейін оның құқық қорғау органдарына арыз жазып, шағымданудан басқа амалы қалмайды. 
Істі жан-жақты тергеп, сотқа жеткізген Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі, полиция майоры Файзулла Абдикаримовтың айтуынша, олар күдіктіні үш күн ішінде қолға түсіріп, Нұр-Сұлтан қаласынан Сарыағашқа жеткізген.
– Аталған іс бес томды құрады. Әрине, тергеу барысында біршама қиындықтар кездесті. Даулы оқиға болғандықтан, жалтару, мойындамау секілді жағдайлардың орын алатыны белгілі. Дегенмен, қызмет барысында алған тәжірибеміздің арқасында 
бұлтартпас дәлелдемелерді жинақтадық, – дейді Файзулла Маханбетұлы.
Бір қызығы, кәсіпкер сатушымен тікелей кездеспеген. Бар мәселе телефон арқылы шешіліп отырған. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, миллиондаған қаржыны әп-сәтте есепшотына түсірген жас жігіттің лезде ойы өзгеріп, жеңіл жолмен пайда тапқысы келеді. Сөйтіп, жәбірленушінің ақшасын оңды-солды жаратуға көшеді. Ә дегенде, «Сhevrolet Malibu», «Chevrolet Tracker» сынды шетелдің қымбат көліктерін тақымына басып, «iPhone 11 Pro», «Samsung» сияқты соңғы үлгідегі ұялы телефондарды сатып алады. Қарыз сұрап келгендерге мейірі түсіп, бума-бума ақшаны қолдарына ұстата салады. Осылайша миллиондаған ақшаға үш күн шалқып өмір сүреді. Бірақ, «мың асқанға бір тосқан» демекші, алаяқтың бақытты өмірі ұзаққа созылмады.
Сарыағаш аудандық соты 24 жастағы жігітті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен кінәлі деп тауып, оны 4 жыл мерзімге бас бостандығын айырды. Осылайша кәсіпкерліктің атын жамылып, алаяқтық жолмен пайда тапқысы келген қылмыскер заң алдында жазасын алды. Бұл ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп, оңай олжаға кенелгісі келген өзге жандарға ащы сабақ болса керек.  
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Пікір қалдырыңыз