Мақсатқа жеткізетін бес бастама

Қыркүйек айының алғашқы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, еліміздің алдағы даму стратегиясын айқындап берді. Мемлекет басшысы пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыруға, жас өскіндерді сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады. Жолдаудың негізгі басымдықтарын айқындап, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтіп, бұл мақсатқа жеткізетін негізгі бес бастама жөнінде айтты.  
Бірінші – 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті. Бұл шара бір миллиондай адамды тікелей қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға жанама түрде әсер етеді. 
Екінші – соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Осы орайда Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Жұмысшыларының жалақыларын өсірген жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдіктер қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық берілетін болады. 
Үшінші – Мемлекет басшысы микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнес өкілдерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді. 
Төртінші – Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқа да мамандық иелерінің жалақысын жыл сайын орта есеппен 
20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда 600 мыңдай қазақстандық көрмек. 
Бесінші – зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп санайтынын жеткізді. Президенттің айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді. 
Президент бірлескен отырысқа қатысқан Парламент депутаттарын әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындауға шақырды. Ел мүддесін қорғау жолында депутаттардың әрдайым табандылық танытуы тиіс екеніне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ, мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі қажет екенін еске салды. «Мемлекет басшысының саясатына күмәнмен қарайтындар, жұмысын атқара алмайтындар, уақыт өткізіп босқа отыратындар мен Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар болса, қызмет орындарын босатулары керек. Біз қазір дамуымыздың шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып жұмыс істеуге міндетті. Тек сонда ғана біз мақсатымызға жете аламыз»  деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Жолдауда еліміздің әскері мен қорғаныс күштеріне де жан-жақты тоқталды. Әскерге шақырылушыларды белгілі бір мамандықтарға машықтандыру, әскерді кәсібилендіру мақсатында бірыңғай жүйе жасау бойынша тапсырмалар берді. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың экономикадағы нақты сектор үшін қажетті мамандықтарды игеру мәселесін пысықтаған жөн екенін айтты.
 Жалпы, Жолдауда көзбен көріп, естіп-біліп жүрген түйткілді мәселелер қамтылғаны қуантты. Нақты іске кірісіп, проблемаларды шешу жолдары бойынша әрекет ету – біздің кәсіби міндетіміз.    

Жандос КҮЛДЕРБАЕВ, 
Түркістан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, майор.
Пікір қалдырыңыз