2015 жыл: «Біз ата-баба ізін жалғастырушылармыз»

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрып, қазақ мемлекеттілігінің негізін салды. Бәлкім ол бүгінгі түсініктегі мемлекет болмаған шығар, бірақ ешқандай мемлекет дәл бүгінгі күйінде құрылмады. Басты нәрсе, сол кезде негіз қаланды және біз ата-бабамыздың салған ізінің  жалғастырушысымыз» деп атап өтті. Түптеп келгенде Тәуелсіздіктің төркіні де сол тарихтан, бабалар тарихынан бастау алатыны сөзсіз.

Осы жылы хандықтың мерейтойлық жылы ретінде ел ішінде мәдени-спорттық шаралар көптеп ұйымдастырылды. Қыркүйектің 11-інде Астанада бастау алған той үш күнге ұласты. Тойдың шарықтау шегі қазан айының басында екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласында өзінің мәресіне жетті. Онда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент салтанатты түрде ашылды.
2015 жыл тосын жаңалықтарға толы болды. Соның бірі – жылдың басты саяси оқиғаларының бірегейіне айналған кезектен тыс Президент сайлауы. Президент сайлауына 14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында бастама көтерілді. Ассамблея мүшелері Парламент Мәжілісіндегі депутаттық топтарға, саяси партияларға, үкіметтік емес ұйымдарға және бүкіл Қазақстан халқына президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу жөнінде үндеу жолдады. «Әлемдік экономикалық дағдарыс пен күрделі халықаралық жағдай орын алып отырған тұста сайлау өткізу туралы жалпыхалықтық бастаманың көтерілуі уақыт талабы. Жаһандық сын-қатерлер кезеңінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанды дағдарыстан алып шығуына мүмкіндік беретін жаңа сенім мандаты берілуі қажет» делінді осы Үндеуде. Бұл мәселе жалпыхалықтық қолдауға ие болды. Кезектен тыс Президент сайлауы 26 сәуірде өтті. Президент орынтағы үшін үш үміткер сынға түсіп, нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 97,7 пайыздық даусына қол жеткізіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қайта сайланған Президенттің инаугурациясы 29 сәуір күні елордадағы еңселі ғимараттардың бірі – Тәуелсіздік сарайында өтті. Қазақстан Республикасы Президентiне жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант бергеннен соң, Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, алда тұрған басты мәселелерге тоқталды. Президент сайлау алды тұғырнамада көрсетілген, «Нұрлы жол» бағдарламасынан туындайтын 5 халықтық реформасын жария етіп, оны жүзеге асыратын «100 нақты қадамын» Ұлт жоспары етіп ұсынды. «Ұлт жоспары – бұдан әрі қарайғы мемлекеттік құрылыстың 100 нақты қадамынан тұрады әрі бес институттық реформа бойынша атқарылатын жұмыстар түсіндіріледі. Тұтастай алғанда, бұл жоспар жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап беріп, жаңа тарихи жағдайда 30 дамыған елдің құрамына ену жоспарына айналады» деді Н.Ә.Назарбаев.
2015 жылдың қаңтарынан Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) ресми іске кіріскен болатын. Сол жылдың ішінде оған Армения мен Қырғызстан мүше болып кірді. Жалпы, ЕАЭО-ға әлемнің көптеген елдері мүдделестік танытты. Олардың қатары бірте-бірте ұлғайып келеді. Тұтастай алғанда, жыл ішінде 40-қа жуық ел мен бірлестіктер Одақпен еркін сауда аймағы туралы келісімшарттарды бекітуге мүдделілік танытты. 
9 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Германияның федералдық канцлері Ангела Меркельмен кездесті. Келіссөздер барысында екіжақты экономикалық қарым-қатынасты жандандыру мәселелері талқыланды 6 ақпанда Астанада, еліміздің өзге де өңірлерінде, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына арналған салтанатты рәсім болып өтті.
12 наурызда «Nur Otan» партиясының XVI съезі өтті. Онда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына кандидат болып ұсынылды. Съезде сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Бес институттық реформасын жария етті.
16 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Келіссөздерден кейін Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдемеге және «Жаңа Синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасының Іс-шаралар жоспарының маңызын арттыру туралы хаттамаға қол қойды. 
7 мамырда еліміздің түкпір-түкпірінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Астанада айтулы мерейтойға арналып әскери парад өтті.
10-11 маусымда Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өз жұмысын бастады. Форумға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Финляндия президенті Саули Ниинистё және Иордания королі Абдалла ІІ сияқты жоғары мәртебелі меймандар қатысты. Съезд аясында  Діндер лидерлері кеңесінің екінші отырысы өтті.
23 маусымда Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздердің аяқталуына байланысты Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Үндеуі жарияланды. Үндеуде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайтыны атап көрсетілді.
2 қыркүйекте Қазақстан тарихындағы үшінші ғарышкер Айдын Айымбетов Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМА-18М» кемесімен ғарышқа ұшты. 
11 қыркүйекте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысып, сөз сөйледі.
15 желтоқсанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты. Елбасы жиында «Бабаларымыз ұмтылған аңсарлы мақсат –Тәуелсіздікке біздің ұрпақ қол жеткізді. Сондықтан да бұл күн тұтас ұрпақтардың орындалған арманын білдіретін қуанышты әрі маңызды мереке болып саналады» деп атап көрсетті.
Осы жылы Хакім Абайдың 170 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығы тойланды. 
Әлемге төнген дағдарыс бізді де айналып өткен жоқ. АҚШ долларының бағамы шарықтап, теңге еркін айналымға жіберілді. 20 мыңдық купюра қолданысқа енді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру туралы шешім қабылданды.
       
Саясат бөлімі.
Пікір қалдырыңыз