Шымкентте Азия чемпионаты өтіп жатыр

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Шымкент қаласында нысана көздеуден ересектер мен жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты басталды.

10-20 қыркүйек аралығына жоспарланған құрлықтық турнир Азия нысана көздеушілер конфедерациясы мен Қазақстан спорттық ату федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Азия чемпионатына 11 мемлекеттен 160 спортшы қатысуда. Атап айтар болсақ, Шымкент төрінде Бахрейн, Индонезия, Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Кувейт, Пәкістан, Катар, Таиланд, БАӘ, Өзбекстаннан жалпы 120-дан астам спортшы сынға түседі.
Өткен аптада «Shymkent Shooting Plaza» ату кешенінде XIV Азия чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жиынға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, Азия нысана көздеушілер конфедерациясының президенті шейх Салман Әл-Сабах қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Дүбірлі жарыс өтіп жатқан «Shymkent Shooting Plaza» – Азия өңіріндегі ең ірі ату кешендерінің бірі. Жарысқа қатысушы спортшылар, жаттықтырушылар және төрешілер ПТР-тесттен өтті. Ресми делегация өкілдері, спортшылар мен қатысушылар әр 3 күн сайын COVID-19-ға ПТР тест тапсырады. 
Пікір қалдырыңыз