«Карантин кезінің өзінде жұмысымыз жемісті болды»

Созақ аудандық мәдениет бөлімінің құрылғанына биыл 75 жыл толып отыр. Осы аталған датаға орай «салада ауданымызда қандай жұмыстар атқарылды, қандай жұмыстар жоспарлануда?» деген сауалдармен Созақ аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрғайша Балаубековамен сұхбаттасқан едік.

– Нұрғайша Махмұтқызы, әңгімемізді сіз басқаратын мәдениет бөлімнің негізгі бағыты мен бағдарынан бастасақ. 
– Созақ ауданында қазіргі таңда 36 мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Олардың құрамына аудандық және ауылдық мәдениет үйлері, ауылдық клубтар, орталық және ауылдық кітапханалар, балалар кітапханасы, тілдерді оқыту және дамыту орталықтары кіреді. Жалпы, клуб саны – 14, оның 11-і – мәдениет мекемесі. Арнайы типтік ғимаратта орналасқан. Ал, 3 клуб бейімделген ғимаратта орналасқан. Аудандық кітапханалар жүйесінде 22 кітапхана жұмыс істейді. Карантинге тап келсек те өткен жыл біз үшін табысты жыл болды.
Айталық, аудандық Созақ халық театрының ұжымы Мар Байжиевтің «Тіл табысқандар» комедиялық қойылымын, Таукент мәдениет үйінің өнерпаздары «Барыңды бағала» қойылымын халыққа онлайн режимде ұсынды. Аудандағы даталы мерекелер фейсбук, инстаграмм парақшаларында аталып өтті. Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналып түсірілген «Теріскей» бейнебаянына аудан өнерпаздары қатыстырылды.   
Облыстық «Би өрнектері» хореографтардың  онлайн-байқауына аудан атынан Ақманат Досымбетова қатысып, бас жүлдені иеленді. «Текті сөздің төресі – терме» тақырыбында өткен облыстық термешілер байқауына Шалабаева Гүлбану қатысып, жүлделі ІІ орынды еншіледі. Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған «Толқысын шартарап» республикалық ән байқауында Аяулым Қойшыбай І орынды, Әлқуат Айдос ІІІ орынды иеленді. Сонымен қатар, Аяулым Қойшыбай «Жеңіске тағзым» облыстық онлайн ән байқауында да ІІІ орынды жеңіп алды. 
Қорғану шараларын сақтап, үйде болуға, сабырлылық пен бірлікке шақыратын «Біз біргеміз» акциясы аясында ұйымдастырылған  облыстық видеороликтер байқауында  «Ең үздік дауыс үндестігі» номинациясымен «Шабыт» вокалды ән үйірмесі  марапатталды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Жеңістің өшпес шырағы» облыстық онлайн жыр мүшайрасына Созақ ауданынан Шералы Шапағат қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді. А.С.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері ұйымдастырған «Әмбебап кітапханашы» онлайн байқауында ауданның атынан Қыземшек ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ботагөз Бекмұратова бақ сынап, бас жүлдені қанжығасына байлады.   
Облыстық мәдениет басқармасы және Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Әлемді кітап арқылы танимын» тақырыбында өткен облыстық онлайн байқауында аудан атынан қатысқан Жанерке Малдыбек І орын алса, Гүлсезім Төрежан ІІІ орынды иеленді. Түркістан облыстық еңбек инспекциясының ұйымдастыруымен өткен «Үздік тәлімгер» онлайн байқауында Қайрат Досымбеков І орынға қол жеткізіп, республикалық байқауға жолдама алды.
– «Әзіреті Қаратау әулиенің кені еді» дейді өңіріміз туралы батырлар жырларында. Сол кие қонған өлкеміздегі қасиетті орындардың бүгінгі жай-күйі не болып жатыр? 
– Аудан көлемінде республикалық маңызы бар ескерткіштер саны – бесеу. Олар: Ысқақ бап кесенесі, медресесі, қираған қорған орны, Ноғай ишан мешіті, Ақсүмбедегі Ақбикеш мұнарасы. Жергілікті маңызы бар ескерткіштер саны – 14, алдын-ала есепке алу тізімінде тұрған ескерткіштер саны – 17.
Аудан көлемінде орналасқан киелі орындарға, яғни Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Бабата елді мекеніндегі Ысқақ баб кесенесіне жөндеу жүргізу жоспарланған-ды. Оған үш жылға 91 млн. теңге бөлінді. 2019 жылы бұл қаражаттың 36 млн. теңгесі игерілді. Қалған шаралар пандемияға байланысты кейінге қалдырылды. 
Қаратау ауылдық округі аумағында орналасқан Ақбикеш мұнарасы да жөндеуден өтті. Демеушілер тарапынан жиналған 2 млн. теңгеге ЖСҚ дайындалып, бүгінде «Қазреставрация» ғылыми-зерттеу және жобалау мемлекеттік мекемесі мұнараны қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. 
– Ауыл мәдениеті өркениеттің ең негізгі әрі басты баспалдағы демекші, осы орайда ауылдардағы мәдениет ошақтары туралы да айтып өтсеңіз.
– Бізде ағымдағы  жөндеу жұмыстарын қажет ететін 3 мәдениет мекемесі бар. Олар: аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайы, Қаратау, Созақ ауылдық мәдениет үйлері. Бұлардың барлығының жобалық сметасы жасалып, аудандық бюджеттік комиссияға ұсынылған.
1000-нан асатын халқы бар Аққолтық, Қарақұр, Тасты елді мекендерінен ауылдық клуб салуға аудандық құрылыс бөлімі тарапынан жоба жасалған болатын. Ол мемлекеттік сараптамадан өткен. Былтыр облыстық стратегия және экономикалық даму  басқармасына «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 
2021 жылы жаңадан салынатын құрылыстар ретінде Қарақұр, Аққолтық ауылдық клубтарының құжаттары өткізілді. Нәтижесінде Қарақұр ауылынан 75 орынды ауылдық мәдениет үйінің құрылысы қолға алынды.  
Мәдениет мекемелерінде домбыра тартуды, би билеуді, терме айтуды үйрететін 
48 үйірме жұмыс істейді. Онда 728 өнерпаз өз шығармашылығын шыңдауда. Созақ халық театры да жұмыс істейді.  
Жалпы, аудан бойынша 200-ден аса мәдениет саласы қызметкерлері бар. Оның 145-і клуб мекемелерінде, 52-сі аудандық кітапханаларда, жетеуі тілдерді оқыту және дамыту орталығында еңбек етуде. «Мыңжылқы» мәдениет сарайы, ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда – 53, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде 42 шығармашылық қызметкер бар. 
Биыл жыл басынан бері отыздан астам ресми және бейресми мерекелерде онлайн режимінде тақырыптық іс-шаралар, байқаулар ұйымдастырылды. Солардың негізгілерін атап айтар болсақ олар – жас эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілерінің «Арай – 2021» байқауы, «Тәуелсіз ел – бақытты»  мерекелік концерті, «Наурыз аруы – 2021» аудандық байқауы, «Тарих. Жылдар. Балалар кітапханасы» атты көрме-экспозиция, әдеби-танымдық кеш. 
Сондай-ақ. облыстық мәдениет басқармасымен бірлесе отырып, Тәуелсіздіктің 
30 жылдығына және домбыра күніне орай «Күй құдіреті» жас  күйшілер байқауы мен ұлттық аспаптардың байқау-көрмесі өткізілді. Шараға 14 ауданнан 24 үміткер қатысып, бақ сынады. Ж. Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Ғасыр ғұмырлы ғажап ақын» тақырыбында Жамбыл жырларын жатқа оқудан онлайн байқау өтті.  
– Республикамыз бойынша аудан, қала кітапханаларының ішінде кітап қоры ең көп біздің аудандық кітапхана екенін кезінде жарыса жаздық. Кітапхана саласында атқарылып жатқан шараларға да тоқтала кетсеңіз. 
– Кітапхана саласы бойынша да бірқыдыру істер атқарылды. «Мыңжылқы» мәдениет сарайының фойесінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. «Түркістанның таңдаулы туындысы» атты облыстық акция аясында жазушы Мархабат Байғұттың шығармаларынан жасалған көрме көпшілік назарына ұсынылды.  
Ағартушы ұстаз Ы.Алтынсариннің туғанына 180 жыл, Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасына 60 жыл толуына орай «61-60-16» жобасы аясында «Мыңжылқы» мәдениет сарайының фойесінде  «Тарих. Жылдар. Балалар кітапханасы» атты көрме-экспозиция, әдеби-танымдық кеш өткізілді. Аудандағы кітапханаларда әдеби-мәдени іс-шаралар өткізілді. Онда оқырман саны 10 904-ке жетті. Кітап қоры – 418 214. Жаңадан түскен кітап саны – 3002. 
– Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов: «Ана тілінен айырылған адам өз халқы жасаған мәдени мұраның барлығынан құралақан қалады» деген болатын. Тіл саясаты расында бүкіл еліміз бойынша өткір тұрғаны белгілі... 
– Бізде 2015 жылдан бері іс-қағаздардың барлығы 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіледі. Объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктері мен құрамдас бөліктеріне кісі есімдерін беруді түбегейлі шектеу үшін оларға тек  тарихи жер-су атауларын беру туралы тапсырма келген еді. Бүгінде атауы жоқ нөмірленген 36 көшеге тарихи жер-су атаулары беріліп, әділет департаментіне тіркелді. Еліміздегі тіл саясатын іске асырудың  2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекеттік тілді насихаттайтын арнайы бейнероликтер дайындалып, әлеуметтік желіге жарияланды. 
Өзге ұлт жастары арасында «Тілге құрмет – елге құрмет» республикалық челленджі, «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» байқауы, әлеуметтік желі арқылы «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы өткізілді. «Абай оқулары» байқауларына ауданнан бірнеше үміткер қатысып, жүлделі орындарға ие болды. 
Ауданда мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі  2015 жылдан бері 100 пайызды, орыс тілін меңгерген тұрғындардың үлесі  76,2 пайызды, ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі 15,7 пайызды, ал, үш тілді (мемлекеттік, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесі  12,5 пайызды құрап отыр. 
Ауданда «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда орталықта 280 адам оқып шықты. Жыл басынан бері жеткен жетістіктерімізге тоқталып өтсем, «Мен қазақша сөйлеймін»  республикалық акциясында Шахсанам Бексейітова бас жүлдені, «Ең үздік подкаст» облыстық байқауында Есенгелді Айтбек ІІІ орынды жеңіп алды. «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты облыстық байқауда Камола Абдуллаева арнайы дипломмен марапатталды. «Шаянға барсаң әншімін деме» атты облыстық ән байқауында Әлқуат Айдос облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесін иеленді.  Облыстық тіл орталықтарының орыс тілі пәнінің оқытушылары арасында өткізген байқауында Әсел Әбішева ІІІ орыннан көрінді.  
– Аудан жұртшылығы тарапынан көшелерге, ауылдар мен мектептерге елге еңбегі сіңген белгілі азаматтардың есімдерін беру жөнінде ұсыныстар жолданып тұрады. Бұл мәселемен де сіздердің бөлім айналысады емес пе?
– Иә, біз ономастикалық жұмыстармен де айналысамыз. Дегенмен, ол облыс деңгейінде шешіледі. Қазіргі уақытта аталған мәселе халық санағына байланысты тоқтап тұр. Оның үстіне бүгінгі таңда көшелерге тарихи атауларды және жер-су аттарын қою жөнінде келген тапсырма бойынша жұмыс істеудеміз. 
– Нұрғайша Махмұтқызы, өзіңіз басқаратын мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің алдағы уақытта атқаратын жұмыстарына тоқталып өтсеңіз.
– Алдағы уақытта Қарақұр елді мекенінен құны 97 млн. теңге тұратын 75 орынды клуб салынып, пайдалануға беріледі деп күтудеміз. Сондай-ақ, Шолаққорған ауылында құны 413 млн. 588 мың теңге болатын С. Қожанов атындағы музей пайдалануға беріледі. Сол себепті музейді құнды жәдігерлермен толықтыру, ауданның ауылдары мен елді мекендерінде байырғы тұрғын халықтың қолында тұрған құнды дүниелерді жинақтау мәселесі күн тәртібінде тұр. 
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында барлық мәдени мекемелерде мерекелік  іс-шараларды тұрақты өткізуді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, қазан айында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Созақ» триосының шығармашылық концертін облыс орталығы Түркістан қаласында өткізу, Созақтағы театрдың «Халық театры» деген атауын қорғап қалу үшін жергілікті ақын, драматург Байділда Айдарбековтің «Желтоқсан ызғары» атты шығармасының желісімен Райымбек Сейтметов атындағы сазды драма театрында қойылым қоюды жоспарлап отырмыз. Әрине, бүгінгі карантин жағдайында санитарлық ережелер қатаң сақталатын болады.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Мақсат Қарғабай, 
«Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз