Мектеп кітапханашыларының мәртебесі анықталса...

Мемлекет мектеп мұғалімдеріне барынша жағдай жасауда. Олардың айлық жалақыларын көбейтіп, білімдерін жетілдіруіне де баса көңіл бөлген. Болашағымыз болып табылатын жас ұрпақты заман талабына сай оқытуымыз үшін мұндай қадамдардың жасалынуы құптарлық-ақ. Дегенмен, біздің айтпағымыз мектептерде мұғалімдермен бірдей еңбек етіп жүрген кітапханашылардың қазіргі жағдайы туралы болмақ.

Елімізде мектеп кітапханашыларына осы күнге дейін ешқандай қолдау көрсетілмеген. Әйтпесе олар да мұғалімдер секілді атаулы және мерекелік күндерге орай іс-шаралар өткізіп, балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға атсалысып келеді. Мектеп кітапханасының меңгерушісі, абонемент библиографы, оқу залының кітапханашысы болып жұмыс істейтін азаматтар да педагогикалық бағытта маман даярлайтын оқу орындарын тәмамдаған. 
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен кітапхана, музей мен театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлдем көбейген жоқ» деп айтқан болатын. Көңілге демеу болатын жалғыз нәрсе – Мемлекет басшысының өзі кітапханашылардың жағдайынан хабардар болғаны еді. Міне, биылғы Жолдауында кітапханашылардың айлық жалақысының көбейетінін айтып бізді қуантты. 
Жалпы, мектеп кітапханашыларын да білім ошағында балалардың тәрбиесіне жауапты маман ретінде қарастыруға болады. Өйткені, олар да өз салаларына қатысты шаралар ұйымдастырып, ұрпағымызды ұлттық тәрбие нәрімен сусындатуға атсалысады. Алайда, мектеп кітапханашыларының статусы белгіленбеген. Ендігі жерде мектеп кітапханашыларының да мәртебесі анықталса дұрыс болар еді...   

Ақмарал ТЕМІРБАЕВА, 
Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты
әдістемелік орталықтың кітапхана ісінің әдіскері. 
Пікір қалдырыңыз