Ешкім де қамқорлықтан тыс қалмайды

Әлемді жайлаған пандемия адамдардың денсаулығына ғана емес, тұтас мемлекеттердің экономикасына да орасан зор зиянын тигізуде. Өндіріс орындарының жұмыстары  бәсеңдеп, тауар айналымы, ішкі және сыртқы сауда саласында іркілістер орын алды. Түрлі ынтымақтастық және іскерлік байланыстарға да кері әсерін тигізіп жатқан жағдайы бар. Мұның барлығы әрбір мемлекеттің қазына қоржынына едәуір салмақ салып жатқаны тағы рас. Осындай қиындықтар мен ауыртпалықтарға қарамастан ҚР Президенті жыл сайынғы халыққа арнайтын Жолдауында елдің әл-ауқатын жақсарту, тұрмыс жағдайын көтеру мақсатында күнкөріс деңгейін біршама арттырып, жалақыны өсіру жөнінде  батыл қадамдарға барып жүргенін байқаймыз. Биыл да сондай жақсылықтың нышанын аңғардық. 
Атап айтқанда, 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға өсетін болды. 
«2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыландырылатын өзге сала азаматтары мұнан тыс қалды. Бұлар музей қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқалары. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 
20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді» деді Мемлекет басшысы. Демек, басқа санаттағы азаматтардың да бұл қамқорлықтан қағажу қалмайтыны қуантады.
                                                                                   
Саттар ҚУАШБАЙ,
Түркістан облысының, Шымкент қаласының және Төлеби ауданының 
құрметті азаматы.
Пікір қалдырыңыз