«Жасыл белдеуге» — жаңа серпін

Климаты құрғақ Түркістан төңірегінде жасыл желекті жетілдірудің қиындығын айтқан сала майталмандары өңірде атқарылған қажырлы еңбекке оң бағаларын берді. Мамандар мұнда екі жылда атқарылған жұмыстарды көріп, өзара тәжірибе алмасты. «Қалалардың жасыл аймағы, жасыл желектерді күтіп ұстау және дамыту перспективалары» атты Түркістан қаласында өткен халықаралық ғылым-практикасының конференцияда қатысушылар арнайы  қарар қабылданды. Шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылып өткізілді.

Облыс әкімдігі мамандарының, экологтар мен халықаралық деңгейдегі сарапшылардың басын қосқан жиында Түркістан өңірінің жасыл аймағын күтіп ұстау мен көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды. Маңызды шарада мамандар бір ауыздан Түркістанда тек өңірдің топырақтық-климаттық жағдайына бейімделген ағаштарды отырғызу туралы тоқтамға келді. Облыс орталығындағы жасыл белдеу аумағында қараағаш, акация, үйеңкі көшеттері егілген.

Түркістан қаласының жасыл белдеуі аумағында орман дақылдарын дамыту үшін «Жасыл аймақ» КММ базасында селекциялық негізде орман тұқымы аумағын қалыптастыру, питомник шаруашылығын кеңейту қажет. Бүгінгі таңда жасыл аумақтың көлемін кеңейтіп, елді мекендерді көгалдандыру және олардың айналасында жасыл аймақтар құру кезек күттірмес міндеттердің бірі. Жиында салаға ғылым жетістіктерін молынан пайдалану қажеттігі айтылды. Бұл тұста «Ә.Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты» ұжымы маңызды рөл атқармақ.

Басқосуға арнайы қатысқан Ташкент мемлекеттік аграрлық университетінің ғалымдары тәжірибелерімен бөлісіп, ауа-райы қолайсыз аумақта ағаштарды баптаудың қыр-сыры туралы айтты. Жасыл аймақты жетілдіру жұмысына жаңа серпін берген конференция қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Жұмыстар осы тұжырымдама аясында жалғасады. Қазіргі уақытта Түркістан қаласының жасыл аймағында 7700 гектар жерге 12 млн-ға жуық көшет отырғызылған. Рухани астанадағы жасыл аймақ көлемі алдағы уақытта екі есеге артады.

Пікір қалдырыңыз