Ұлт ұйытқысына айналған Жәнібеков

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына – 90 жыл. Осы атаулы датаға орай Түркістанда «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, облыстық әкімдік қызметкерлері, еліміздің мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысты.

Салтанатты жиынды Ақтоты Райымқұлова ашып, биыл Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша «Түркістан қаласы – Түркі әлемінің рухани астанасы» деп жарияланғандығын мәлімдеді. Сонымен қатар, 

Өзбекәлі Жәнібековтің XX ғасырдыӊ жетпісінші жылдары Кеңес өкіметінің дәуірлеп тұрған уақытында Қожа Ахмет Ясауи кесенесініӊ қайта қалпына келтірілуіне ұйытқы болып, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің құрылуына орасан зор үлес қосқанына ерекше тоқталды. 

Елімізде тарихи-мәдени мұраларды түгендеп, зерттеуде өлшеусіз еңбек еткен Өзбекәлі Жәнібековтің есімін ұлықтау мақсатында көптеген шаралар қолға алынуда. Солардың бірі ретінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2018 жылдан бері мәдениет және өнер саласы қызметкерлері арасында өтетін «Рухани қазына» республикалық фестиваліне қатысушыларға Өзбекәлі Жәнібеков атындағы арнайы жүлде тағайындап келе жатқанын айтуға болады.   

Арыстанбаб кесенесінің іргесінде Ясауи ілімін жалғастырушы Құрбан Жаманбайұлы мен Өзбекәлі Жәнібековтің кесенесі орналасқан. Ақтоты Райымқұлова сала мамандарына Отырар музей-қорығының аумағында орналасқан осы екі кесенені аталмыш музей-қорықтың қарамағына алуды тапсырды.

Шара барысында көрермендер Өзбекәлі Жәнібековтің еңбектері қойылған көрмені тамашалап, профессор Құлбек Ергөбектің Өзбекәлі Жәнібеков жайында жазылған «Ұлттың ұйытқысы» атты естелік кітабының тұсаукесеріне қатысты. «Тұран» этнографиялық тобы ұйымдастырған концертті көрді.

Д. ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ.

Пікір қалдырыңыз