Ең ірі жабық базар бой көтерді

Әлемдегі ең әйгілі базарлардың үлгісімен салынып жатқан Түркістан қаласындағы ең ірі жабық базар жақында ашылады. Жабық үлгідегі базарда киім-кешек орталығы, алтын павильоны секілді заманауи сауда-саттық ошақтары бөлек орналасады. 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығында бой көтерген жаңа нысандарды аралап, құрылысшылармен кездесті. Сапалы жұмысты талап еткен облыс басшысы, құрылысты кешіктірмей аяқтауды міндеттеді.
Жабық базардың жанында орналасқан жаңа форматтағы фермерлер базары да жақын күндері пайдалануға беріледі. Мыңға жуық заманауи сауда сөрелері бар экобазарда ет-сүт, балық, көкөніс, жеміс-жидек түрлері көтерме бағамен сатылады.
Жергілікті және өзге өңірлердің диқандары мен тауар өндірушілері мұнда өз өнімдерін сата алады. Бүгінде Атырау, Қостанай өңірлерінің тауар өндірушілері Түркістан қаласында өз өнімдерін саудалауға ниетті. 
Жаңа нысанда азық-түлікті сатуға қажетті тоңазытқыштар, қойма мен тауар түсіретін орындар болады.
Облыс әкімі сондай-ақ Түркістан қаласында салынып жатқан банк ғимараты мен жаңа қонақүйдің құрылыс барысымен танысты. Бүгінде әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген жаңа нысандардың айналасын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр.
Пікір қалдырыңыз