Екі мектеп пайдалануға берілді

Білім күніне орай еліміздің көптеген аймақтарында жаңа мектептер салынып, оқушыларға есігін айқара ашты. 1 қыркүйек күні Сарыағаш ауданында 77 мемлекеттік және 2 жекеменшік, 1 Дарын мектебіндегі 57 577 оқушы жаңа оқу жылын бастады.  Олардың ішінде 2995 оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, қолдарына Әліппе ұстады. 

Дәл сол күні Жылға және Жібек жолы ауылдық округтерінде  жаңа мектептер пайдалануға берілді.  Аудан әкімі Мұхит Отаршиев  Жылға ауылдық округіндегі жаңадан ашылған 300 орынды Ғ.Мұстафин атындағы №44 орта мектептің ашылу салтанатына қатысты. Салтанатты шарада аудан басшысы ұстаздар мен оқушыларды  Білім күнімен құттықтап,  мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып оқушыларына Әліппе табыстады. 
– Оқушылардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына бар мүмкіндікті қарастыру – біздің басты міндетіміз. Сол себепті жаңа заманға сай аудан мектептерін цифрлық білім беру ресурстарымен қамту, кең жолақты интернетке қосу және видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстары одан әрі жалғасуда. Ертеңін ойлаған ел бірінші кезекте білім саласына маңыз беруі керек, – деді аудан әкімі М.Отаршиев. 
Ал, Жібек жолы ауылдық округіндегі Ә.Марғұлан атындағы №58  орта мектепке қосымша 300 орынды  жаңа корпус салынды. Қазір Ә.Марғұлан орта мектебінің аумағы 1,64 гектарды құрап, онда спорт зал, асхана және шеберханалар орналасқан. Аудан әкімі Мұхит Отаршиев жаңа білім ордасын аралап көріп, ұстаздардың еңбегіне сәттілік тіледі. 

Г.АЙХОДЖАЕВА. Сарыағаш ауданы. 
Пікір қалдырыңыз