Қазақ әдебиеті пәні қалай оқытылып жүр?

Мектеп оқушылары қазақ әдебиеті пәніндегі шығармаларды оқу арқылы төл әдебиетіміздің алтын жауһарларымен сусындай бастайды. Дегенмен, бізді олардың әдебиетке деген қызығушылығын жоғалтып алмаймыз ба деген ой мазалайды. Неге? Өйткені, мектеп бағдарламасының жаңартылған білім беру жүйесіне көшуі кезінде қазақ әдебиеті пәнін оқыту әдіснамасында бірқатар көңілге қонымсыз өзгерістер орын алды. Оған оқулық жазуда қазақ әдебиеті пәнінің өзіндік ерекшеліктерінің ескерілмеуі себеп. Соның салдарынан әдеби-тарихи кезеңдер мен қаламгерлердің шығармаларының қамтылу және олардың балалардың жас ерекшеліктеріне қарай берілу реті сақталмады. 

Мысал ретінде 7-сынып оқушыларына арналған қазақ әдебиеті оқулығын алып қарайық. Оқулықтағы кемшіліктерді сөз етпес бұрын мәселенің түп-төркіні оқу бағдарламасында екенін айта кеткен жөн. Әрбір оқулық соған сай жасалады. Сондықтан бәрін түзету үшін оқу бағдарламасынан бастау керек.  Ал, енді кітаптардағы тапсырмалардың барысына келсек. Қазақ әдебиетінің алтын жауһарларының бәрін әдебиет оқулығына сыйғызу мүмкін емес. Сағат саны азайып кеткен. Есесіне, оқушыларға қосымша әдістемелік нұсқау, хрестоматия, жаңа тақырыпты меңгеруге арналған және «Зергер сөз», «Сөзмаржан», «Даналық ойдан сөз ізде», «Бағалы дерек», «Сөздің көркі мақал», «Артық болмас білгенің» секілді айдарлар бойынша қыруар тапсырма берілген.
Оқулықтың оқушыларға қиындық тудыратын тұсы осы – жаңа тақырыпты меңгеруге берілген уақыттың аздығы. Тақырыптың соңында тапсырмалар көп болғандықтан, сабаққа берілген уақыттың басым бөлігі соны орындауға кетіп қалады. Мұндай жағдайда мұғалімдер оқушылардың барлығынан толық сабақ сұрап үлгере алмайды. Сондықтан әдебиет пәніндегі тапсырмалардың жартысын қысқарту керек деп ойлаймын.
Оқулықтағы жаңа тақырыпты балалардың меңгеруіне берілген уақыттың аздығы жәй айтып қоя салатын мәселе емес. Өте күрделі мәселе. Өйткені, әдебиетіміздің бала бойына қазақылықты сіңіруде қосар үлесі орасан зор. Қазақ әдебиеті пәніне арналған оқулықтағы тағы бір олқылық – баланың жас ерекшелігінің ескерілмеуі. Мәселен, бастауыш сынып оқушыларына арналған «Әдебиеттік оқу» кітабында Александр Беляевтың «Адам-балық» шығармасы берілген. Өзіңіз ойлаңызшы, «Адам-балық» киносын 3-сыныптың оқушысы көре ме? Әрине, шығарма мен кино желісінде айырмашылық бар. Дегенмен, 8 жасар баланың ол шығарманы оқуы екіталай. Аударма тілінің ауырлығы қиындықты еселей түседі.  
6-сынып оқулығында «Аяз би» ертегісі, 7-сынып оқулығында «Қыз Жібек» жыры, 8-сынып оқулығында халық ауыз әдебиетінің үлгілері жоқ. Ал, 9-сынып оқушыларына арналған әдебиет оқулығында айтыс туралы шолу және Біржан-Сара айтысы берілген. Осы орайда бізді «мектеп қабырғасында халық ауыз әдебиеті үлгілері толық оқытылмай ма?» деген сұрақ мазалайды. Бұрындары талданып жүрген «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырларының да балаларға таныстырылмай қалуының себебі тағы белгісіз. Барлық сынып оқулықтарында Абай Құнанбаев пен Ыбырай Алтынсариннің шығармалары болуы керек. Әдебиет оқулықтарында Айгүл Кемелбаева мен Талап Сұлтанбеков сынды қаламгерлердің шығармалары, тәуелсіздік жылдарында жарыққа шыққан жас ақындардың өлеңдері ғана қамтылған. 
Қазақ әдебиетінің кейбір көрнекті өкілдері – классик ақын-жазушылардың шығармалары оқу бағдарламасына мүлдем енгізілмеген. Атап айтқанда, Ғабиден Мұстафин, Жұбан Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов және басқа да белгілі қаламгерлердің еңбектері одан тыс қалған. Оның орнына оқулықтарда қалың жұртшылық біле бермейтін, әдеби ортада әлі толық мойындала қоймаған ақын-жазушылар жетерлік. Қазіргі таңда жаңартылған білім беру мазмұнына көшудің негізгі мақсатын бәріміз де түсініп отырмыз. Қалай десек те, әдебиеттің өзіндік тарихы бар, сондықтан авторларды ұсынуда олардың өмір сүрген дәуірі, көтерген мәселелерінің маңыздылығы ескерілуі һәм сақталуы керек деп білемін. 

Ақбілек МЫҢБАЕВА,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің  қазақ тілі мен әдебиеті 
кафедрасының доценті міндетін атқарушы,  
PhD докторы.  

Пікір қалдырыңыз