Акбардың алтын медалі

Украина астанасы Киевте джуи-джитсудан әлем чемпионаты мәреге жетті. Сол жарыста бақ сынаған Түркістан облысының спортшысы Акбар Елубайұлы жеңімпаз атанып, чемпиондық белбеуге ие болды. 

Акбар еркін күрестен ел чемпионатында үш рет топ жарған. Одан бөлек Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған-ды. Енді джуи-джитсудан әлем чемпионы атанып отыр. Акбар бұл жарысқа комбат сайысы бойынша қатысты.

Созақтық спортшының еншісінде бұдан бөлек «Толағай сұлтаны – 2019» турнирінің чемпиондық белбеуі бар. Акбар батыр көкпарға арналған 30 келілік муляжды 2019 рет, 55 келілік қошқарды 271 рет басынан асыра көтеріп, Қазақстанның «Гиннестер рекордтар кітабына» енген болатын. 

Әуесқойлар арасындағы ережесіз жекпе-жектен, джуи-джитсудан бірнеше мәрте ел чемпионы атанған ол созақтық білікті бапкер Бақытжан Бейсембаевтан тәлім алуда. Акбардың әлі ел абыройын асқақтатар жеңістері мол болады деп сенеміз. 

«Оңтүстік»-ақпарат.


Пікір қалдырыңыз