2012 жыл: «Мәңгілік ел» идеясы ұсынылды

2012 жыл еліміз үшін табысты, ырысты, берекелі, елеулі оқиғаларға толы жыл болды. 2011 жылдың күзінде Парламент депутаттары Мемлекет басшысының атына Мәжілісті тарату және кезектен тыс сайлау өткізу туралы үндеу жариялаған болатын. Депутаттар Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістерді көрсете отырып, Мәжілісте кем дегенде, екі саяси партия болуы тиістігін алға тартты. Бұл ғана емес, Үндеу аясында 2008-2009 жылдардағы орын алған күрделі әлемдік дағдарысқа да назар аударылды. Елбасы осы мәселелерді екшей келе «Төртінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды.  
15 қаңтар күні өткен кезектен тыс Парламент сайлауы нәтижесінде еліміздің заң шығарушы органы көп партиялы Парламент атанды. Парламентке «Нұр Отан» партиясынан бөлек, «Ақ жол» мен «Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы» өтті.   
2012 жылдың 1 қаңтарынан Біртұтас экономикалық кеңістік жұмыс істей бастады. Сонымен қатар 2012 жылы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі мәртебесі де арта түсті. Осы жылы еліміз Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) жарғылық органдарына төрағалық жасады. ҰҚШҰ мемлекетіміздегі бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік тұрақтылық пен тыныштықты нығайту, аймақтық бүтіндік пен оған қатысушы мемлекеттердің егемендігін қорғау үшін 2002 жылы құрылған еді. Ұйым құрамындағы Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан арасында өзара іс-қимыл мен әскери ынтымақтастықты нығайту шеңберінде аса маңызды шаралар атқаруда. Сонымен қатар, дәл осы жылы Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) да жемісті төрағалық етті. 2012 жылдың көрсеткіштері бойынша Қазақстан ИЫҰ-ға мүше елдердің 40-тан астамымен сауда, көлік, туризм, қаржы салаларына бағытталған экономикалық ынтымақтастық орнатты. Еліміздегі 10 мыңға жуық кәсіпорынның 2,6 мыңы – Ұйымға мүше 28 мемлекет пен Қазақстан арасында құрылған бірлескен кәсіпорындар. 
2012 жылдың тағы бір басты оқиғасы – 31 мамырда «Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы» деген тақырыпта өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезі. Дүниежүзілік деңгейдегі бұл басқосуға әлемнің 40 елінен делегация келді. 
2012 жыл Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына екі бірдей Жолдау жариялағанымен де ерекшеленді. Жылдың соңында «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Жолдау еліміздің жасампаздық жолын жалғастырудың басым бағыттарын айқындады. Осы Жолдауда тұңғыш рет «Мәңгілік Ел» идеясы ұсынылды. 
2012 жылы 12 қаңтарда Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында халқымыздың біртуар перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс болып өтті. 
27 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын жариялады. Маңызды құжатта мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты он бағытын айқындап берді. Жолдауда елімізде кәсіпкерлікті өркендетуге жағдай жасауға айрықша маңыз берілді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Кәсіпорындардың бизнесті жауапкершілікпен жүргізудің қағидаттарын сақтауын ынталандырудың стратегиясын жасап, жүзеге асыру бойынша ұлттық байланыс орталықтарын құру қажет» деген тұжырым жасап, үкіметке нақты тапсырмалар берді.
24 ақпанда «Астана – 2012 – түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанаты өтті. 19 наурызда Мәскеуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің және Еуразиялық Жоғары экономикалық кеңесінің мемлекеттер басшылары деңгейіндегі отырысы өтті.
27 наурызда Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің пленарлық отырысы болып өтті. Бұл саммитке Оңтүстік Корея президенті Ли Мен Бактың шақыруымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Саммит аясында Қазақстан Президенті бірқатар мемлекеттердің басшыларымен маңызды кездесулер өткізді. Әсіресе, Қазақстан, АҚШ және Ресей президенттерінің үшжақты кездесуі болып, соның нәтижесінде Бірлескен мәлімдеменің қабылдануы саммит барысындағы елеулі оқиға болды.
22-24 мамыр аралығында «Жаһандық экономикалық өзгерулер: сын-қатер және даму перспективалары» деген тақырыпта өткен V Астана экономикалық форумына әлемнің 85 мемлекетінен 6500 өкіл және 300-ден астам журналист қатысты. Астана экономикалық форумы – Еуразия кеңістігінде жыл сайын өтетін салмақты шара.  Президент Н. Назарбаев Астана экономикалық форумының негізінде «G-global» сұхбат алаңын құруды ұсынды. Айта кетерлігі, қазіргі күні осы сұхбат алаңы әлемнің 128 елінен 10 мыңнан астам қатысушыны біріктіреді, онда пікірталастар мен жарыссөздер форматында әлемдік қаржы дағдарысынан шығу стратегиялары айқындалып, инновациялық даму, ядролық және экологиялық қауіпсіздік, этносаралық және дінаралық толеранттылық, геосаясат және басқа да аспектілерге байланысты ауқымды проблемалар талқылануда. Сонымен қатар, Президент Астана экономикалық форумы барысында Халықаралық болжам институтын құруды ұсынды. 
31 мамырда  Астанада  «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументі ашылды.
Шілдеде Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжіңде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Осы отырыста ұзақ мерзімді бейбітшілік және бірлесіп өркендеген өңір құру туралы декларацияға қол қойылды. 
10 шілдеде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбек тұжырымдамасы жарық көрді. Елбасының сол бағдарламалық мақаласында еңбек адамның еңсесін көтеретіндігі жөнінде аталы сөздер айтылып, әркімнің еңбек етуіне жағдай жасау мәселесі тиянақталды. Үкіметке осы міндетті орындау үшін 20 тапсырма берілді. Елбасы айқындаған міндеттерді орындау барысында өмірге келген «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының халық үшін берер жақсылығы аз болмады. 27 шілдеде Лондонда ХХХ жазғы Олимпиада Ойындары салтанатты жағдайда ашылды. 
17 тамыз күні Тәуелсіздік сарайында Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиадалық ойындардың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Қазақстан құрамасы Лондон Олимпиадасында жеті алтын, бір күміс, бес қола жүлде иеленіп, жалпы командалық есепте 12-орын алды. Президент Олимпиада чемпионы атанған велошабандоз Александр Винокуров, боксшы Серік Сәпиев және ауыр атлет Илья Ильинді «Отан» орденімен марапаттады. Олимпиада чемпиондары Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Ольга Рыпакова II дәрежелі «Барыс» орденіне ие болды. Олимпиада Ойындарының күміс жүлдегері, боксшы Әділбек Ниязымбетов, қола жүлдегерлер – балуан Даниял Гаджиев, боксшы Иван Дычко, балуан Гүзел Манюрова, боксшы Марина Вольнова, балуан Ақжүрек Таңатаров «Құрмет» орденімен марапатталды.
29 тамыз – ҚР Президенті Н.Назарбаев «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге!» атты халықаралық конференцияға қатысып, сөз сөйледі.
12 қыркүйекте елордадағы Тәуелсіздік сарайында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) мерейтойлық сессиясы және Сыртқы істер министрлерінің IV кездесуі болды. Аталмыш жылдың елімізге әкелген тағы бір жеңісі – Қазақстан астанасының EXPO – 2017 көрмесін өткізуге байланысты конкурсты жеңіп алуы. ХКБ-ға мүше 161 мемлекеттің жасырын дауыс беруі нәтижесінде Астананы 103 ел қолдап шықты.
2012 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан халқы алғаш рет жаңа мемлекеттік мерекені – Тұңғыш Президент күнін атап өтті.
Бұл да – 2012 жылды айшықтайтын тарихи дата. 14 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын жариялады. Жолдауда Елбасы: «2012 жылдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіреміз. Әлемнің барлық елдері өз дамуын салыстыратын мойындалған рейтингтер бар. Осыдан алты жыл бұрын мен алдымызға әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөнінде жалпыұлттық міндет қойдым. Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 51-орынды иеленді. Біз бүгін осы мақсатымызға таяқ тастам ғана қалдық. «Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс» деп алдағы мақсатты атап көрсетті.
      
Саясат бөлімі.
Пікір қалдырыңыз