Қанағат, қайда барасың?

Бала кезімізде қазақтың қабырғалы қара шалдары «қанағат»  сөзін жиі  айтып отырушы еді. Бүгінде бұл сөз сол қара шалдармен бірге келместің кемесіне мініп кеткен  тәрізді. Тіпті, қазіргі қазақ тілі лексиконынан секіріп түсіп қалып, архаизмге айналып бара жатқандай көрінеді. Қанағат сөзі Алланың 99 көркем есімдерінің қатарында кездеспейді. Оны ұлы Абайдың: «Талап, еңбек, терең ой,  Қанағат, рахым ойлап қой» деген өсиет сөзінен табамыз.  Даналық ойдан дән іздеген данышпан ақынның қанағат сөзін айналып өтпепті. 

Адамзат баласы жаратылғаннан бергі дәуірлерде байларға қарағанда кедейлердің қатары әлдеқайда көп болыпты. Бай мен кедейдің теңесетін жері – қанағат, тәуба, ынсап. Құдайдың бергеніне қанағат еткен, тойса – тәубасын айтқан, ынсап сайын берекеге кенелген адам – нағыз бай. Бұлар жоқ жерде кедей бай болуды, бай Құдай болуды  тілеуін қоймайды. Бұл үдеріс бүгінде өзінің апогейіне жетіп отыр. Адамзаттың қолында бәрі бар, ал, қанағаттың құрып бара жатқаны өкінішті. Мың құбылған қоғамға кейіп жүргеніміз бекер екен. Қазір жер бетінде бір қауіп-қатер айқын төбе көрсетіп отыр. Ол – жеке пенденің өзімшіл, ашкөздік, қомағайлығын былай қойғанда, қанағатсыздығы. 
Бір судья істі болған адамның берген парасының тең жартысын өзіне қайтарып береді екен. «Неге олай етесіз?» деп сұраса: «Біріншіден,  бұл мені қанағатқа үйретеді; екіншіден, жарты ақшасын қайтарып алған адам менен сый алғандай болады, мені жамандамайды және қарғамайды; үшіншіден, үкімді жеңілдетуді заңнан алшақ  кетпейтіндей етіп жасаймын» деген екен. Әрине, парақор сотты ақтауға келмейді, дегенмен қанында қанағат түйіршіктері айналып жүрген адамға қызыға қарайсың. Болған үстіне бола берсе дейтін қомағай, ашкөздер жайлаған заманда азға қанағат етудің өзі «ерлікпен» пара-пар дүниедей көрінеді. 
Бай кісі көл жағасымен ары-бері өткенде аптап ыстықта мәйкішең, қармақ салып суға үңіліп отырған біреуді жиі көреді екен. Жаны ашып, жәрдем бергісі келіп, «мен саған көп ақша берейін, қайық сатып ал. Жүзіп жүріп көп балық аулап, ақшасына кеме сатып аласың. Кемемен балықты көптеп аулап, жағаға балық өңдейтін зауыт саласың. Көп пайда тауып, сөйтіп өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысасың» депті. Сонда балықшы «ал, мен немен айналысып отырмын?!» деген екен.  Қарапайым балықшының қанағатшылдығына  қайран қаласың. Қарапайымдылық жоқ жерде қанағат қайдан болсын, екеуі бір-біріне керағар дүние ғой. 40 жыл ел  басқарып, ең жоғары лауазымда отырған Қонаевтың қанағатшылдығын  ешкіммен де, ештеңемен де салыстыруға келмейді. Жарықтық әулие адам болған ғой, әйтпесе бай боламын десе бәрі қолында еді. Қызметтен кеткен соң, жаяу қалыпты. Мініп жүретін көлігін де қамдамаған ғой. Бүгінгі дүниеқоныз дүмше дөкейлерге қарапайым Қонаевтың қанағатшылдығы қонбады, дарымады, үлгі-өнеге болмады. Өкінішті-ақ. 
Қазақтың қанында о баста бар қасиет – қанағатшылдық кешегі социализм заманында да сақталып, мұрты бұзылмаған еді. Ел еркіндік алған күннен бастап, тәуелсіздіктің «балалық аурулары»: ашкөздік, жемқорлық, парақорлық, көзбояушылық, алаяқтық, мақтаншақтық, т.б. асқынып, керісінше қанағатшылдық қатардан ығыстырылып, шетке шығып қалды. Байлыққа, ақшаға, дүние-мүлікке, жоғары лауазымды қызметке деген құштарлық пен қанағатсыздық аса қауіпті дертке айналды. Адамның түсіне кірмейтін шексіз байлықты иеленген  миллиардерлер,  алпауыт монстрлар, алыпсатар магнаттар пайда болды. Олар өте көп: білетініміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз. Біздің көріп жүргеніміз айсбергтің су бетіндегі аз ғана бөлігі, көрінбей жатқаны қаншама. Жай санаттағы байлардың алдында баяғы 40 мың жылқы айдаған қазақтың Қарабайлары жіп есе алмайды. 
Қанағатсыздық адамдар арасында бәсекелестікті асқындырып, біреуді төрге сүйреп, біреуді көрге көміп жатыр. Қанағатсыздық көрсеқызарлықты қоздырады екен. Қазір ешкім де «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» демейді: үй тұрғызу, той өткізу, қымбат көлік міну, шетелде дем алу, т.б. бәсекелестік модаға айналды. Мейлі ғой, жиған-тергені жетіп жатса. Далақтап шауып жүргендердің көпшілігі банктерден несие алып, шашып-төгіп қарызға батады. Олар қанағатсыздықтың құрбаны болдық демейді, қайта Үкіметке «қарызымызды кешірсін» деп талап қоятынын қайтерсің. Осы жұрттың көзін шел басып қалған  ба дерсің: несие сөзі – біреудің затына «несіне ие» болып жүрсің дегенді астарлап жеткізіп тұрған жоқ па? Бәрінен де бұрын биік лауазымға, атақ пен даңққа, сыйлыққа деген қанағатсыздық қынжылтады деген жай сөз, қорқыныш ұялатады. Қанағатсыздықтың осындай  «жемістерін» көріп, біліп жүріп,  білімге, өнерге, ғылымға, еңбекке, елге адал қызмет етуге деген құштарлық кең қанат жайса ғой шіркін, деп армандайсың. Академик деген дардай атағы бар, 4-5 жыл Парламент партасында отырып ұйықтап, демалып қайтқан бір ғалым: «Бар-жоғы  4-5 кітап жазған Шыңғыс Айтматовты бүкіл әлем таниды. Ал, 15 кітап жазған мені ешкім білмейді» деп ақымақ адамның сөзін айтып сандырақтайды. Осыдан кейін қанағат қайда барасың деп сұрауға мәжбүрсің.
Ертеде дала төсінде дүлей дауыл тұрып, дүниенің астан-кестенін шығарыпты. Сол дауылда бір бозторғай биік еменнің  бұтағына ілініп, аман қалыпты. Дауыл басылған соң бозторғай еменге ризашылығын былай деп білдіріпті. «Ей, емен! Мені аман сақтап қалған саған мың рахмет! «Биіктеп өсе бер!» дейін десем, онсыз  да биіксің. «Жапырағыңды жая бер!» дейін десем, онсыз да жайқалып тұрсың. «Тамырың тереңдей берсін!» дейін десем, онсыз да тамырың тереңге кеткен. Саған тілейтінім: Құдай сені ақымақ балташының балтасынан сақтасын!». Сол айтпақшы, Жаратушы иеміз қанағатсыздарды  қырсығынан сақтасын дегіміз келеді.

Махамбет САПАРМҰРАТОВ, Жетісай ауданының құрметті азаматы.
Пікір қалдырыңыз