Сенаторлар жұртшылық өкілдерімен жүздесті

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев және Әлімжан Құртаев Түркістан облысының құрметті азаматтарымен, халық қалаулыларымен және депутаттармен басқосу өткізді. Кездесуге Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев және БАҚ өкілдері қатысты. Сенат депутаты Әлімжан Сейітжанұлы өз сөзінде ҚР Парламенті Сенатының жыл басынан бері атқарған жұмыстарына тоқталып, онда қаралып, қабылдаған заңдар туралы бірқатар түсінік беріп өтті.

Кездесу барысында Түркістан қаласындағы жер телімдерін заңдастыру бойынша сауал қойылды. Оған Әли Әбдікәрімұлы жауап беріп, республика көлеміндегі жерлерді заңдастыру, жерді жалға беру мәселелері туралы ойын жеткізді. Сенат депутаттары жиынға қатысқан барша азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Күллі түркі әлемінің рухани астанасының туристік орталық ретінде дамып, қалыптасатынына сенім білдірді.

«Жергілікті атқарушы және өкілетті органдар туралы заңдарға өзгерістер енгізіліп жатыр. Мәслихаттарға артылып отырған жұмыс өте көп. Міндеттер мен жауапкершіліктер жоғары. Осы заңдардың қабылдануына өңірлердегі аудандық, облыстық мәслихат депутаттары үлкен үлес қосты» деді Әли Әбдікәрімұлы кездесуде.

Сонымен қатар, Сенат депутаттары Кентау қаласының активімен кездесіп, Парламент Сенатында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Мұнан соң, сенаторлар индустриалды аймақта орналасқан «АБН альянс» полиэтилен құбырларын шығаратын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Бүгінде мұнда 20-ға жуық адам жұмыспен қамтылған. Ауыз су мен кәріз жүйесіне арналған құбырлар шетелдерге экспортталып жатыр.

«Кентау облыс орталығы Түркістанның қасында орналасқан. Арасы өте жақын. Болашақта Түркістан мәдени-рухани тұрғыдан дамитын болса, қасындағы Кентау өндірістік бағытта қанат жаюы қажет. Яғни екі қала бірге дамитын болады. Халқы да бір-біріне барып-келіп жұмыс істеуге мүмкіндік мол» деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.

Пікір қалдырыңыз