Аралға 3 вагон мал азығы жіберілді

Биыл қуаңшылықтың салдарынан зардап шеккен Қызылорда өңіріне қазығұрттық шаруалар мен кәсіпкерлер көмек қолын созуда. 3 вагон жем-шөп Шымкент қаласының теміржол стансасынан жолға шықты. 50 тонна мал азығы құрғақшылықтан зардап шегіп, төтенше жағдай жарияланған көрші Қызылорда облысының Арал ауданына бағытталды. Мал азығы өңірдегі шөп жетіспеушілігінен қиындыққа тап болған шаруаларға тегін үлестіріледі.

Айта кетейік, биыл наурыз-сәуір айларында еліміздің оңтүстігі мен батыс облыстарының басым бөлігінде көктемгі жауын-шашын нормадан аз түсіп, ауа температурасы жоғары болғаны белгілі. Соның салдарынан ұзақ жылдан бері болмаған құрғақшылық мал шаруашылығына ауыр тиді.

Құрғақшылық Түркістан облысында да орын алды. Бүгінде өңірдегі жағдай тұрақты. Табиғи шөп бітік шықпағанына қарамастан, егістікті әртараптандыру, орман қорындағы босалқы жайылым жерлерді шаруалардың уақытша пайдалануына беру шараларының нәтижесінде облыстағы мал басына қажетті 3,9 млн.тонна мал азығын 100% дайындауға толық мүмкіндік бар.

Осы уақыт аралығында оңтүстік жұрты бірігіп, батыс облыстары мен көрші Қызылорда облысына 70 вагоннан астам мал азығын жіберді. Бұл іске «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ да қолдау көрсетуде.

Пікір қалдырыңыз