Cанақтың әлемдік тарихы

Адамзат тарихында ежелден бері халық санағы жүргізіліп келген, өйткені, мемлекет қанша жауынгер мылтық асынатынын және қанша адам салық төлейтінін білуі керек еді. Мұндай есептер ежелгі Қытайда, Грекияда, Римде және басқа да мемлекеттерде жүргізілді. Әрине, олар өте қарапайым еді және олардың мақсаттарына сәйкес халықтың бәрін емес, бір бөлігін ғана қамтыды. Мәселен, ежелгі Египетте әйелдер, балалар мен құлдар есепке алынбады.

Феодализм дәуірінде, Еуропа ұсақ князьдіктер мен иеліктерге бөлінген кезде, халықты санау өте қиын болды және бұл тек ерекше жағдайларда: яғни жойқын соғыстардан, аштық жылдары мен індеттерден кейін ғана жүзеге асырылды. Орта ғасырларда халықты есепке алу элементтері жазба кітаптарындағы, кадастрлардағы шаруашылықтардың сипаттамасымен байланысты жүрді. Оларға адамдар немесе отбасылар емес, үй сияқты салық салу нысандары ұсынылды.

XVIII ғасырдың ортасынан бастап халықты зерттеуге деген қызығушылық арта түсті. Статистер халықты тұрақты есепке алуды бастаған алғашқы «толық» санақ деп АҚШ-тағы 1790 жылы өткізілген  санақты айтады. Нақтырақ айтсақ, алғашқы «нағыз», яғни жалпы халық санағы Штаттардың жанында, 1665 жылы жаңа Франция (Квебек) колониясында өтті. Бірақ, АҚШ-тағы санақ мемлекет қайраткері және ағартушы Томас Джефферсонның басшылығымен өтті. Сонымен қатар оның нәтижелері бойынша осындағы немесе басқа аумақтың Конгресс мүшелері қанша болуы қажет екенін анықтай бастады. 1790 жылдың бірінші мамырында он жеті полиция қызметкері өздерінің көптеген көмекшілерімен елді аралауға шықты. Олар үй иесінің толық аты-жөні, он алты жасқа толған және одан жоғары ақ нәсілді ерлердің, он алты жасқа толмаған ақ нәсілді ерлердің, ақ нәсілді әйелдердің, басқа да еркін адамдардың, құлдардың саны туралы алты сұраққа жауап жинады. Үндістер саналмады.

Содан кейін 1800 жылы (Швеция, Финляндия), 1801 жылы (Англия, Дания, Норвегия, Франция) халық санақтары өте бастады. Отыз жылдан кейін осындай санақты Италия, Испания, Ирландия, Австрия өткізсе, Франция мен Англияда санақ екінші рет өтті. 1851 жылы Қытайда, содан кейін Жапонияда (1871) халық санағы өтті, Ресейде алғашқы жалпы халық санағы 1897 жылдың басында жүргізілді.

Ғасырлар өтсе де, қазіргі уақытқа дейін статистикалық зерттеулер жүргізудің қазіргі заманғы жаңа балама тәсілдеріне қарамастан, халықтың демографиялық және әлеуметтік көрсеткіштер бойынша жай-күйі туралы ақпараттың бірден-бір және нақты көзі санаушының әр азаматтан алынған сауалнамасына негізделген дәстүрлі кең ауқымды халық санағы болып қала береді.

Әрине, қоғам дамуының әр кезеңінде биліктің мүддесіне қарай оның нәтижелеріне қойылатын талаптар айтарлықтай ерекшеленді. Бұл жағдайды үш кезеңге бөлуге болады.

Олардың біріншісінде (XVIII ғасырдың аяғы – XIX ғасырдың бірінші жартысы) ұйымның негіздері қаланды. Осы кезеңде АҚШ пен Англия (әр 10 жыл сайын), Франция және Швеция (әр 5 жыл сайын), Австрия (әр 3-4 жыл сайын) халық санағын жүйелі түрде жүргізе бастады.

Екінші кезеңде (XIX ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бірінші жартысы) халық санағы Еуропаның барлық елдерінде және Америкада, Азия мен Африканың кейбір елдерінде жүргізіле бастады. Теория дамыды, тәжірибе жақсарды, санақ және оларды дамыту бағдарламалары кеңейтілді.

Үшінші, қазіргі кезең ХХ ғасырдың ортасынан бастап халық туралы ақпаратқа қажеттіліктің артуына байланысты басталды. Бұл БҰҰ мен оның статистикалық аппаратының құрылуымен байланысты. ХХ ғасырдың аяғында санақ әлемнің барлық дерлік тұрғындарын, оның ішінде Қазақстанды да қамтыды.

2021 жылы тәуелсіз Қазақстанда «Қазақстанда әркім маңызды» деген ұранмен үшінші (бірінші – 1999ж., екінші – 2010ж.) ұлттық халық санағы өтеді.

 

Қазақстан Республикасы

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі

Ұлттық статистика бюросының

Түркістан облысы бойынша департаменті.

Пікір қалдырыңыз