Коммуналдық қызмет сапасы – басты назарда

Баян Дарғожина, «Ońtústik Qazaqstan».

Бүгінгі таңда Қазығұрт ауданы бойынша 64 елді мекеннің 59-ы ауыз сумен қамтылып, көрсеткіш 92,2 пайызды құрады. 2023 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызды қамтымақ. Бұл туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Бақберген Құралбаев мәлімдеді.

Ауданға қарасты елді мекендерді сапалы ауыз сумен, электр қуатымен және табиғи газбен қамтамасыз етуде біршама шаруа атқарылған. Атап айтқанда, 47 елді мекен табиғи газ жүйесімен қамтылып, көрсеткіш қазіргі уақытта 73 пайызды құрап отыр. Сарапхана ауылдық округі, Талдыбұлақ елді мекенін табиғи газбен қамту үшін құны 220952 мың теңгені құрайтын жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Аудандағы 63 елді мекен орталықтандырылған электр желісіне қосылған, ал, шалғайдағы Өгем елді мекені дербес электр қондырғысымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 10 елді мекендегі электр қуаты жетіспейтін көшелерге қаржы бөлдіруге құжаттар тапсырылып, өтінім берілді. Оның ішінде 8-іне Ұлттық қордан 608338 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды.

2021 жылы жалпы барлық деңгейдегі бюджеттен 2203,168 млн.теңге қаралып, көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Соның ішінде облыстық бюджеттен үш елді мекеннің көпірін күрделі жөндеуге 602,172 млн.теңге қаралған.

Мұнан бөлек, жарықтандыру жұмыстары бойынша жергілікті бюджеттен 61852 мың теңге қаралған. «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы» аясында 60,2 млн.теңгеге орталық саябақ және 80,3 млн.теңгеге дендросаябаққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.  «Биыл аудандық бюджет есебінен абаттандыру жұмыстарына, атап айтқанда, Қ.Әбдәлиев атындағы ауылдық округінің Рабат елді мекеніндегі арканың ағымдағы жөндеу жұмысына 10274 мың теңге, сондай-ақ, Сарапхана ауыл округі Сарапхана елді мекеніндегі мүсіндерді ағымдағы жөндеу жұмыстарына 42309 мың теңге бөлінеді» дейді Б.Құралбаев.

Пікір қалдырыңыз