2006 жыл: Шәмшінің әні мемлекеттік Әнұранға айналды

2005-2006 жылдардың қорытындысы бойынша Қазақстан 117 елдің ішінде 56-орынды иеленді.

Еліміздің Ұлттық қорының активі 2006 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша 12 миллиард АҚШ долларынан асып түсті. Осыған байланысты елдегі әлеуметтік саясат жаңа арнаға бұрылды. Мәселен, 2006 жылы еліміздің білім беру саласына 344 млрд. теңге жұмсалды. Осы жылы еліміздің ішкі жалпы өнімінің жылдық өсімі 7,1 пайызды құрады. Статистика агенттігі жыл соңында еліміздегі инфляциялық өсім 0,8 пайызға жеткенін мәлімдеді.

Елбасы ел халқына дәстүрлі Жолдауында бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кірігу стратегиясын жариялап, оған жетудің жеті басымдығын айқындап берді. «Қазақстан бүгінгі таңда әлеуметтік-экономикалық жаңару мен саяси демократияландырудың жаңа кезеңіне қадам басқалы тұр. Мен өзіміздің әлемдік рейтинг кестесінің жоғары бөлігіне іліккен елдер тобының ішінен орын алуымызға мүмкіндік беретін басты негіздер мыналар деп білемін. Біріншіден, өркенді де өршіл дамып келе жатқан қоғамның іргетасы тек қана осы заманғы, бәсекеге қабілетті және бір ғана шикізат секторының шеңберімен шектеліп қалмайтын ашық нарық экономикасы бола алады. Бұл – жекеменшік институты мен келісімшарттық қатынастарды құрметтеу мен қорғауға, қоғамның барлық мүшелерінің бастамашылығы мен іскерлігіне негізделген экономика. Екіншіден, біз аға ұрпақты, ана мен баланы, жастарды қамқорлық пен ілтипатқа бөлейтін әлеуметтік бағдарланған, ел халқының барлық топтары тұрмысының жоғары сапасы мен алдыңғы қатарлы әлеуметтік стандарттарын қамтамасыз ететін қоғам құрудамыз. Үшіншіден, біз еркін, ашық әрі демократиялық қоғам орнатудамыз. Төртіншіден, біз дәйекті түрде саяси тежемелік пен тепе-теңдіктің үйлестірілген жүйесіне негізделген құқықтық мемлекет құрып, оны нығайта береміз. Бесіншіден, біз барлық діндердің тең құқылығына кепілдік береміз және Қазақстанда конфессияаралық келісімді қамтамасыз етеміз. Біз Исламның, басқа да әлемдік және дәстүрлі діндердің озық үрдістерін құрметтеп әрі дамыта отырып, осы заманғы зайырлы мемлекет орнатамыз. Алтыншыдан, біз қазақ халқының санғасырлық дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтап, түлете береміз. Сонымен қатар ұлтаралық және мәдениетаралық келісімді, біртұтас Қазақстан халқының ілгері дамуын қамтамасыз етеміз. Жетіншіден, біз өз елімізді халықаралық қоғамдастықтың толық құқылы және жауапты мүшесі ретінде қарастырамыз, ал, мұның өзі біздің аса маңызды басымдықтарымыздың бірі. Қазақстан мұнда геосаяси тұрақтылықты және өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде маңызды міндеттер атқарып отыр» делінген Жолдауда.

Осы жылы 11 қаңтарда Астанадағы «Ақорда» резиденциясында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ресми түрде қызметіне кірісуіне арналған салтанатты ұлықтау рәсімі болып өтті. Қазақстан Президентін ұлықтау рәсіміне қатысу үшін Астанаға әлемнің 70-тен аса елінен өкілдер келді. Салтанатты ұлықтаудан кейін Н.Назарбаев салиқалы сыртқы саясатты одан әрі жалғастыруға кірісті. Соның нәтижесінде индустриялық серпінді жобалардың жүзеге асуына жәрдемдесетін инвестиция тарту мәселелері оңтайлы шешімін тапты.

Елбасы Н.Назарбаевтың 2006 жылғы Америкаға сапары АҚШ пен Қазақстанның стратегиялық қарым-қатынасын нығайтты. Осыдан кейін Қытай басшылығы да біздің елімізбен арадағы байланысты стратегиялық деңгейге көтеруге мүдделі екенін жиі қозғай бастады. Мұның сыртында Ресеймен ежелден стратегиялық әріптестігіміз бар. Осылайша Қазақстан әлемнің үш алыбымен тығыз қарым-қатынас орнатқан еді. Соның нәтижесі шығар, 2006 жылдан кейін Қазақстанға енген шетелдік инвестицияның көлемі 100 миллиард доллардан асып жығылды.

2006 жылдың қаңтарында  мемлекетіміздің жаңа Әнұраны қабылданды. Әнұран негізіне Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазылған композитор Ш.Қалдаяқовтың елуінші жылдары дүниеге келген «Менің Қазақстаным» әні алынды. Қолданыстағы Әнұран мәтініне Президент Н. Назарбаевтың енгізген өзгерістерін Парламент қабылдады. Сондықтан да Әнұранның заңды авторларының бірі – Н.Ә.Назарбаев.

28 қаңтарда Елбасы «Самұрық» Ұлттық холдингтік компаниясы» акционерлік қоғамын құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Президент холдинг басшылығы алдына корпоративтік басқаруды жақсарту арқылы ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігін арттыру сынды өзекті стратегиялық міндет қойды. Ал, ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігі мен басқару деңгейін арттыру есебінен ел экономикасының өсуі жеделдетіледі.

12 сәуірде электрондық үкіметтің веб-порталы іске қосылды. Портал халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсетуді «бір терезе» принципі бойынша жеңілдету мақсатымен құрылған.

15 маусымда Шанхай қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының мерекелік саммиті өтті. Кездесу барысында өңірдегі қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Тараптар сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты. Мемлекет басшылары ШЫҰ бес жылдық декларациясы мен халықаралық ақпараттық қауіпсіздік туралы Мәлімдемеге қол қойды.

17 маусымда Алматыда Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) екінші саммиті өтті. Саммит барысында АӨСШК екінші саммитінің декларациясы қабылданып, Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелеріне ортақ көзқарас білдірілді.

2 қыркүйекте Астанада пирамида үлгісіндегі Бейбітшілік және келісім сарайы ашылды. Бұл сарай түрлі діндер өкілдері кездесетін жерге айналды. Қыркүйек айында әлемнің дәстүрлі діндер басшылары Астанада екінші рет бас қосты. «Бас шаһарда пирамида тәріздес сарай бой көтерсе, әрі онда түрлі ұлт, дін өкілдері бас қосып, барша адамзатты бейбітшілік пен жақсылыққа жетелейтін шешімдер қабылдаса» деген идеяны Мемлекет басшысы 2003 жылы елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының І съезінде ұсынған болатын. 

29 қыркүйекте АҚШ-та өткен Қазақстан-Америка жоғары деңгейлі кездесуі барысында екі елдің қарым-қатынасын тереңдететін екі жақты келісімшарттар жасалды.

15 қарашада  Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге жаңа басылыммен қайта шықты.

17 қарашада Президент Н.Назарбаев Анталья қаласында (Түркия) өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының VIII саммитіне қатысты. Саммит барысында «Анталья декларациясына» қол қойылды.

2006 жылы академик Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Ахмет Жұбанов – қазақтың тұңғыш кәсіби музыканты, толық зерттелмеген қазақ музыкасын зерттеуші, дарынды дирижер, композитор, академик, Қазақстанның халық әртісі.

Ақтөбе қаласында Ғ.Жұбанова атындағы филармония алдында А.Жұбановтың ескерткіші қойылды. 2006 жылы ел Тәуелсіздігіне –  15 жыл, Желтоқсан көтерілісіне 20 жыл толды.

Осы жылы Қазақстанда жұмыссыздар саны 2,4%-ке азайды, ал, жұмыссыздық деңгейі 7,8%-ды (2005 жылы ол 8,1% болған) құрады. Халықтың нақты ақшалай кірісі 10 пайыздан аса өсті. Экономикаға жұмсалған несиелердің көлемі де 2005 жылмен салыстырғанда 82,7%-ға өсіп, 4 736 млрд. теңгеге жетті. Депозиттер көлемі  3 115 млрд. теңгеге жетті.

22 желтоқсанда Астанада өткізілген республикалық саяси «Отан» партиясының кезектен тыс Х съезінде құрамына Қазақстанның азаматтық партиясы мен Қазақстанның аграрлық партиясы және «Асар» партиясы қосылған жаңа саяси ұйым – «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы құрылды.

Елбасының бастамасымен 2006 жыл Қазақ-стандағы – Пушкин, Ресейдегі Абай жылы болып жарияланды. Бұл бастаманы екі елдің де халықтары қызу қолдады. Мәскеудің нақ ортасында қазақ кемеңгері Абайға 4 сәуір күні ескерткіш қойылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына екі елдің де басшылары қатысты.

 

Саясат бөлімі.

Пікір қалдырыңыз