Баспаналы болу жолдары түсіндірілді

«Shanyraq» отбасы институтын қолдау орталығында несиелік бағытта баспаналы болудың бағдарламалары түсіндірілді. Аталған орталықта Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылайхан Балықбаев тұрғындарды тұрғын үй мәселелері бойынша қабылдады. Онда тұрғын үй кезегі арқылы несиелік бағытта баспаналы болудың жеңілдетілген шарттары мен талаптары кеңінен түсіндірілді.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы азаматтардың мәселелерін тыңдап, тұрғын үй кезегінде тұрғандарды баспанамен қамтудың ең тиімді бағыттары «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағыттары екендігін алға тартты.

Тұрғын үй кезегінде тіркелген азаматтарға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген пайыздық көрсеткіші бар «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» бағыттары қарастырылған. «Шаңырақ» бағытының талаптарына сәйкес тұрғын үй кезегінде тіркелген, төлемге қабілетті барлық санаттағы азаматтардың өтінім беру мүмкіндігі бар. Ал, «Бақытты отбасы» бағытына тұрғын үй кезегінде тіркелген көпбалалы, толық емес және мүгедек бала асырап отырған отбасылар санатындағы азаматтар ғана қатыса алады. Сонымен қатар, міндетті түрде төлем қабілеті болуы қажет. Бұл екі бағыт бойынша өтінімдерді қабылдау «Отбасы» банкінің интернет ресурстары арқылы жүргізіледі.

Ал, «7-20-25» бағдарламасына төлемге қабілетті, иелігінде жылжымайтын мүлік тіркелмеген барлық азаматтар қатыса алады. Азаматтар бірінші нарықтан тұрғын үйді немесе пәтерді өзі таңдайды. Бұл бағыт бойынша төлем қабілеттілігін растау үшін яғни пәтерді ресімдеу үшін екінші деңгейдегі 8 банк жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Банкцентркредит», «Еуразиялық банк», «Халық банкі», «Сбербанк», «АТФ банк», «Жусан» банкі», «РБК» банкі, «Форте» банк.

Айта кету керек, «Бақытты отбасы» бағдарламасына 2021 жылға Шымкент қаласы бойынша бөлінген лимитке сәйкес «Отбасы банк» арқылы өтінімдер қабылдау аяқталған. Аталған бағытқа қатысуды көздеген азаматтар келесі жылы Отбасы банкіне өтінім тапсыра алады.

Пікір қалдырыңыз