Жасын жырмен, әсем әнмен өрнектелген өмір

Уақыт неткен ұшқыр еді! Қазағамның, қай кезде де сөздің «бісмілләсін» өнерден, оның ішінде сөз жақұты – өлеңнен бастайтын Қазыбек Мыңжан ұстазымның жалған дүниені тастап кеткеніне де жылдың жүзі болып қалыпты. Қазыбек ақын өлеңдегі ұстазым болумен қатар, өмірдегі ақылшы ағам да еді.

1984 жылдың күзінде қызмет бабымен Созақ ауданындағы Қызылкөл бөлімшесінен аудан орталығы – Шолаққорғанға қоныс аудардым. Орталыққа келген соң «Молшылық үшін» газетінің редакциясына көбірек барғыштап, мақала, өлеңдерім де жиірек шыға бастады. Көп ұзамай, сыртынан жүз рет естісем де, бір көру арман болып жүрген, алды республикаға дейін танылып үлгерген ақын, жазушы, күйші, әнші, сазгерлер Жанғали Меймандосов, Дулат Тұрантегі, Генерал Асқаров, Сағынтай Байділдаев, Пернебай Иманқұлов, Ескермес Жақсымбетов, Қазыбек Мыңжан, Әділбек Нысанбаев, Өтеш Қырғызбаев секілді асыл ағаларыммен жақын танысып, араласа бастадым. Солардың ішінде, мінезіміз, талғамымыз тіпті қоғамдық көзқарасымыздың да ұқсастығынан шығар, түрі сұстылау, сөзі де тіктеу, қатқылдау бола тұра, Қазекеңе тез бауыр басып кеттім. Өзгелердің алдында көп ашыла бермейтін, тіпті өзіне жақпаған кісінің бетін қайтарып тастайтын Қазекең де маған келгенде салқын қабақ танытпады. Соның бір дәлелі, танысқанымызға 2-3 ай өтпей жатып, оқып шығып, ой-пікірімді білдіру үшін өзінен басқа ешкім ұстамаған қалың дәптер толы өлеңдерін қолыма сеніп тапсырды. «Менен басқа жасы үлкен, мықты ақындарға неге бермейсіз?..» дей беріп едім, «мен өзгенің емес, енді ғана ашылып келе жатқан мөлдір, таза тұма бұлақтай жаны таза жас ақынның пікірін естігім келіп отыр» деп сөзді шорт кесті. Қазекеңнің бұл шешіміне бір жағынан қуанып, кеудемді мақтаныш кернесе, бір жағынан «қолымнан келер ме екен?» деген күмән мен уайым жанымды жегідей жеді. Осы – әр парағы жасын жыр мен өрнекті өлеңнен тұратын қалың дәптерді қанша күн оқығаным, алған әсерім мен ой-пікірімді қағазға түсірем деп қанша түнімнің ұйқысыз өткені есімде жоқ, бір сәті түскен күні қалың дәптеріне өз ой-пікірім жазылған жұқалау дәптерді қосып, иесінің қолына тапсырдым. Менің жазған ой-пікірім көңілінен шыққан болу керек, 3-4 күннен кейін Қазекең мені шақырып алып, бұрынғыдан да қалыңдау тағы бір өлең дәптерін қолыма ұстатып жіберді. 1995 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Қарлығаш» атты ұжымдық жыр жинағындағы Қазекеңнің топтама өлеңдерін оқып отырып, өз айтқанынан оңайлықпен қайта қоймайтын ақынның біраз өлең жолдарында менің де ой-пікіріммен санасқанын байқап, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді.

Қазекең екеуміздің жолымыз тек өнерде ғана емес, өмірде де өте жиі түйісіп отырды. Мен алғашқы келген кезде аудандық Пионерлер үйінде үйірме жетекшісі болып, ол аудандық білім бөлімінде әдіскер болып, бір салада қызмет атқардық. Кезінде құрылуына өзі ұйытқы болып, әрі өзі жетекшілік етіп жүрген аудан мұғалімдерінен құралған «Тәлімгер» атты ұлттық ансамбльдің көркеюіне қатар күш жұмсадық.

1992 жылы Қазекең сол кездері жаңадан ашылған аудандық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы қызметіне шақырылды. Арада көп ұзамай қоғамның төрағасы болып сайланып, 1992 жылдың басында өткен аудандық «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының мәжілісінде Қазекеңнің орнына жауапты хатшы болып мен сайландым. Енді ғана тәй-тәй басқан «Қазақ тілі» қоғамында атқарылар жұмыс шаш-етектен еді. Жұмыс тәртібін қатаң сақтайтын Қазекең қарамағындағыларға да жұмыс істететін, өзі де күн-түн демей жұмыс істейтін. Жүрегі елім-жерім деп соғып, ұлттық құндылықтарымызды бәрінен жоғары қоятын ол алғашқы қадамын да сол кездері жоғалып бара жатқан ана тіліміз бен салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғыртудан бастады. «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмысы саналатын – құжаттар мен мекеме, көше аттарының, көшедегі жазулардың қазақ тілінде дұрыс жазылуы үшін аянбай еңбек ете жүріп «Қазақ тілі» қоғамының жанынан қазақтың ұлттық киімдерін тігетін «Дидар» атты тігін цехының ашылуына, сонымен бірге аудандағы шығармашылықпен айналысатын барлық өнер адамдарының басын біріктірген Т.Тоқбергенов атындағы шығармашылық бірлестіктің құрылуына мұрындық болды. Осы бірлестік құрыла салысымен, оның атынан ауданымыздағы есімі елеусіз қалған өнер адамдарының шығармалары енгізілген «Теріскей таланттары» атты ұжымдық кітап шығаруды қолға алдық. Елді мекендерге іссапармен шығып, әр үйде қона жатып материалдар жинап қиналғанымыз түк емес екен. Нағыз қиындықты Қазекеңнің өзі құрастырған, бар болғаны 60 беттен тұратын кітап баспаханада басылып жатқанда көрдік. Аудандық газеттің өзін қалт-құлт етіп әрең шығарып жатқан жергілікті баспаханада күн-түн демей әріп теріп, басылып шыққан парақтарды түптеп, сыммен түйреп тіпті қайшымен тегістеп өзіміз қиюымызға тура келді. Кітабымыздың жартысына жуығы басылып шыққан кезде баспахана станогы қайта-қайта бұзылып, жұмысымыз тұрып қалды. «Кейінге қалдырайық немесе Шымкентке барып бастырып келейік» деп қыңқылдамақ болып едім, айтқанынан қайтпайтын Қазекең:

 – Шымкентке барып бастыруға қаржы жетпейді. Өлеміз, тірілеміз, осы жерде басып шығарамыз. Егер қиындығынан қашып, бас тартсақ, жұрт «екі қияйы ақын сорайып жүріп пышақтың қырындай кітапты да шығара алмапты-ау» деп мазақ етпей ме? – деп бетімді қайтарып тастады. Иә, Қазекеңнің бірбеткейлігі, қаталдығы, шыншылдығы менің де өз бетімше маңызды шешім қабылдап, ақты-ақ, қараны-қара деп батыл айтатын азамат болып қалыптасуыма үлкен септігін тигізді. Қаталдық демекші, 1991 жылы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Қазекең бастап, ауданның бір топ өнер адамдары облыста өткен Тіл мерекесі байқауына қатыстық. Мен жазба ақындар мүшәйрасы бойынша барған едім. Ертесіне арнайы бекітілген жауапты қызметкер жігіт мені шақырып алып, оқитын өлең-жырларымның саясатқа, тіпті байқау шарттарына да сай келмейтінін ескертті. Мен Қазекеңнің ақылымен сол кезде кеңінен етек алып кеткен тастанды балалар туралы және 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының көтерілісі туралы жазылған екі өлеңімді дайындап барған едім, екеуі де түкке жарамай қалды. Әрі-бері айтып, көндірмек болғанымнан түк те шықпады. «Болмайды. Байқауымша, жап-жақсы ақын секілдісің. Егер, басқа өлеңдерің болса тіркеуге болады» дегенді айтып, қызметкер жігіт жанына жолатпады. Бұлай болар деп ойламап едім, жан-дүнием астаң-кестең болып, өнердегі ұстазым әрі ақылшы ағам Қазекеңе шағындым. Ағалық жәрдемін беріп, қолтығымнан демейді ғой деп үміттеніп келіп едім, Қаз-ағам өзіме дүрсе қоя берді. «Сен сол өлеңдерді ғана оқуың керек. Егер олай етпесең, орын алмақ түгіл ынталандыру сыйлығына да жете алмайсың. Мен ол жерге барсам, олар бірнәрсе дәметуі мүмкін. Сондықтан, өзің бір жолын тап. Бірақ, қалай да бұрынғы өлеңдеріңді оқитын бол!» деп қатқыл сөйлеп, бөлмеден шығып кетті. Әбден ойландым. Адам бір нәрсе жайлы қатты ойланғанда, оның шешімін де табады екен. Дереу шешім қабылдап, әлгі қызметкерге «Асыл ана» және «Туған жер» атты екі өлеңімді алып бардым. Бір сөзге келместен, тіркеп жіберді. Кезегім келіп, сахнаға шыққан кезімде ол өлеңдерді емес, баяғы саясатқа, талапқа сай келмейді деп белінен сызып тастаған екі өлеңімді оқып жібердім. Байқаудың қорытындысында мен оқыған «Нәресте зары» және «Желтоқсан-1986» атты екі өлеңім де өте өзекті тақырыпты қозғаған шығармалар деп бағаланып, бірінші орынды иелендім. Сөйтсем, мұндай байқауға қожайындық ететіндер Қазекеңмен мен секілді «күлшесі жоқ балаларға» үлкен сыйлықты бермеудің түрлі жолдарын қарастырып-ақ бағады екен ғой. Сол жолы ауданымыздың намысын қорғап барған бәріміз де байқаудың барлық жанрлары бойынша бас жүлде, бірінші және үшінші орындарды иеленіп, қонақүйге мерейіміз тасып оралдық. Қонақүйдің бір бөлмесіне жайғасқан Қазекең, Әдекең үшеуміз қуаныштан тасынып, байқаудың қызығы мен «шыжығын» сөз етумен болдық. Әңгімеміз қыза-қыза келе, «жақсы бір өлең жазып, соған ән шығарайық» деген байламға келдік. Өлеңге тақырып етіп байқау кезінде өзімізді көркімен де, мінезімен де, өнерімен де тәнті еткен ару қызды алдық. Ең алдымен әрине, мәтін жазылу керек. Қазекең екеуміз қағаз-қаламымызды алдымызға өңгеріп, шабыт шақыра бастадық. Қанша дегенмен көпті көрген тарланбоз ақын емес пе, көп өтпей-ақ Қазекеңнің маржандай әріптермен жазылған «Ару қыз» атты керемет мәтіні дайын бола кетті. Ендігі кезек те, сынақ та сазгер –
Әдекеңе келіп тірелген еді..

Үлкен жеңіспен, ауылға оралып, Қазекеңнің «Имандылық иірімдері» атты термесін нәшіне келтіре орындап, бас жүлде алған Шүленова Айгүлдің үйінде, дастарқан басында отырғанымызда, Әдекең баяғы «Ару қыз» атты өлеңге шығарған өзінің жаңа әнін баянға қосылып шырқай жөнелді. Ән өте керемет еді. Ең бастысы, өлең мен ән мінсіз үйлесіп, бірін-бірі бұрынғыдан да құлпыртып жіберіпті. Бүгінде жиі шырқалып, белгілі әнші-термеші Татьяна Бурмистрова жиі орындап жүрген «Қызыл гүл» – «Ару қыз» әні осылай дүниеге келген еді.

1993 жылы аудандық Кеңестің депутаты болып сайланып, халық депутаттары Созақ аудандық Кеңесінің мәдениет, халық ағарту, денсаулық сақтау, жастар ісі жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, Созақ аудандық мәслихатының ұйымдастыру-құқық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған Қазекең 1997 жылы аудандық мәдениет бөлімінің бастығы болып тағайындалды. Бұл саланы бес саусақтай білетін ол жаңа қызметке келе салысымен ауылдағы өнер адамдарының басын қосып, ақылдасып, концерт пен ойын-сауық бағдарламаларын жаңа форматта өткізудің тиімді жолдарын іздестіре бастады. Түрлі мерекелік іс-шаралар бұрынғыдай тек штаттағы қызметкерлердің ғана қатысуымен өтпей, оған елеусіз жатқан көптеген өнерпаздар да тартылды. Сол кездері аудан әкімдігінде тіл бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүрген мен де Қазекеңнің өтінішімен шағын скетчтер мен мерекелік кештердің сценарийлерін жазып беріп жүрдім.

 «Ер жігіттің басына нелер кеп, не кетпеген» дегендей, қай кезде де бетің бар, жүзің бар демей, турасын бір-ақ айтатын Қазекеңнің аудан әкімшілігі ақпарат және мәдениет, жастар ісі бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген уағында да шындықты жақтап, әділдік үшін күресем деп жалғаны көп мына жалған өмірден ауыр соққы алғанын жақсы білемін. Үш-төрт жылдай жұмыссыз қалып, ауыр күйзеліске түскен оның барлық жұбанышы да, айнымас серігі де өзінің поэзиясы болды. Мен де сырттай білдірмегенмен, іштей тынған, жаны жаралы ақынға шамам келгенше сөзіммен демеу, жырыммен жебеу болуға тырысып бақтым.

...Шындық-май шыжғырылған табадағы,

Жалаң қолмен қандай жан ала алады?

Намыс жеңіп, ойланбай қол салдыңыз,

Саусақ күйіп, жүрек те жараланды.

 

Алар сәтте беделді қапқа жиып,

Тақымыңыз қалғанда таққа тиіп,

Шындық үшін бәрін де мансұқ етіп,

Өртендіңіз лаулаған отқа күйіп.

 

Жалғандықтың болдыңыз құрбандығы,

Пәк жаныңыз жазықсыз мұң жамылды.

Сын сағатта бас тартып тақ пен бақтан,

Ап қалдыңыз өшірмей жыр-жалынды...

– деп жанына жырыммен жұбаныш болдым.

2001 жылы Алматыдағы «Шартарап» баспасынан Қазекеңнің «Жүрек жылуы» атты өлеңдері мен толғау-дастандары топтастырылған жеке кітабы жарық көрді.

«Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» демекші, жаны жайсаң Қазекең 2003 жылы А.Жұбанов атындағы Созақ аудандық балалар саз мектебіне орналасып, өз мамандығы бойынша қобыз сыныбын ашып, жас шәкірттерге көне де, киелі аспаптың қыры-сырын үйретті. Қай кезде де шындықтың жақтаушысы болып жүретін Қазекең бұл жерде де көлденең кездескен келеңсіздіктерге көз жұмып қарамады, алдына әділет іздеп келген ұжым мүшелерінен ақыл-кеңесін, көмегін аямады. Өмірдің ыстық-суығына төзе білген сабырлы да, байыпты жан білікті ұстаз ретінде де мектеп ұжымының арқасүйер ақылшысына айналып үлгерді.

Балалар саз мектебінде табан аудармай 10 жыл 5 ай ұстаздық еткен Қазекең 2013 жылы үлкен абыроймен зейнеткерлікке шығып, сүйікті кәсібі – жазуға мықтап кірісіп кетті. Талмай ізденіп, күн-түн демей қалам тербеуінің арқасында 2010 жылы Алматыдағы «Өнер» баспасынан таңдаулы әндері мен толғау-термелері топтастырылған «Ән әлдилеген әлем» атты кітабы, араға 2 жыл салып «Шапағат-нұр» баспасынан өлеңдері мен толғау-дастандары, айтыстары мен арнаулары топтастырылған «Көңіл кәусары» атты кітабы, іле-шала «Өнер» баспасынан бүлдіршіндерге арналған өлең-тақпақтары топтастырылған «Сыбаға» атты кітабы жарық көрді. Ал, 2019 жылы көптен бергі тынымсыз ізденісінің арқасында қазақтың біртуар ұлы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановқа арналған «Ұлылық киесі – Сұлтанбек» атты поэма кітабы жарық көрді. Поэзияны өнердің жақұты санайтын арқалы ақын мұнымен де тоқтап қалмады. Күн-түн демей тынымсыз жұмыс істеп, «Дала дәруі» атты жыр жинағын баспаға әзірлеп жатқан. Әттең, дүние-ай!.. 2020 жылдың 27-ші тамызы күні кенеттен жүрегі соғуын тоқтатып, бақиға аттанып кете барды. Ия, өз қолымен тап-тұйнақтай етіп дайындап қойған қолжазбасының баспадан кітап болып шыққанын көре алмай кетті. Алайда, «Орнында бар оңалар» дегендей, жақсы әке-шешенің тәлімді тәрбиесін көрген ұлдары мен қыздары Қазекеңнің орындай алмай кеткен ісін бірден қолға алып, ақынның жаңа жыр жинағын баспаға тапсырып, келісімшарт та жасасып үлгерді. Ақынның «Дала дәруі» атты жаңа жыр жинағы Алла қаласа, осы жылы тамыз айының басында өз шаңырағында берілетін жылдық асы қарсаңында оқырман қолына тиеді деп күтілуде.

Ия, мәдениет пен өнер, әдебиет саласында өлшеусіз еңбек етіп, елдің құрметіне бөленген белгілі ақын, сазгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, «Оңтүстiк Қазақстан облысына сiңiрген еңбегi үшiн» медалiнің иегері Қазыбек Мыңжан туралы, оның өзгелерде кездесе бермейтін ерекше қасиеттері туралы тоқтаусыз айта беруге де, жаза беруге де болар еді. Алайда, әр сәтімізді қалт жібермей санап отырған төреші-уақытпен, әр жазғанымызды қалт жібермей оқып отырған сыншы-оқырманмен де санаспасқа болмайды. Солай бола тұра, естелік-әңгімемді жүрегімнің тереңінен шыққан мына сөзбен аяқтағым келеді:

Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін ерекше жандар болады. Өз өмірін жасын жырымен, әсем әнімен өрнектеп өткен Қазекең мен үшін сондай жанның бірі болды, солай болып қалады да.

 

Байділдә АЙДАРБЕК,

ақын, сазгер,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Созақ ауданы.

Пікір қалдырыңыз