Судың да сұрауы бар

Бүгінгі таңда шаруаларды ағын су тапшылығы алаңдатып отыр. Осы мәселе бойынша «ҚазСушар» РМК Түркістан облыстық филиалы, Мақтаарал аудандық өндірістік бөлімшесінің басшысы Орынбасар ТАСТАНОВ мырзаға  жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Орынбасар аға, ауданда диқандардың ағын суға мұқтаждығы байқалып отыр. Бүгінге дейін алынған су көлемі қанша?

– Жыл басында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязовтың қатысуымен Түркістанда селекторлық жиын өтті. «ZOOM» платформасы арқылы онлайн-режимде өткен жиында вице-министр биыл су тапшылығы болатындығы туралы ескертіп, соған ыңғайластырып суды көп талап ететін егісті азайту керектігін қаперге салды. Біз бұл туралы аудан әкіміне және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшыларына арнайы хат жолдадық. Су тапшылығы орын алуы мүмкін екенін айтып, күріш өнімін азайту керектігін ескерттік. Бұл туралы аудандағы жеті ауылдық округтегі кооперативтерге де, шаруаларға да айтылған. Сұраныс бойынша мысалы, күріш дақылын 1132 гектардан асырмаңыздар деп едік, бірақ шаруалар ескертуге құлақ аспай, 2883,7 гектар жерге күріш егіп тастады. Шаруаларға «күріш екпе» деп айтуға құқығымыз жоқ, бірақ, олар ауыл шаруашылығы бөлімімен келісіп, біздің сұранысымызға қарай жоспарлауы керек еді. Енді міне, ағын судың тапшылығынан бүгінгі таңда 290 гектар жерге егілген күріш дақылы дер кезінде суарылмай күйіп кетті. Себебі, біздің аудан «Достық» каналының басында орналасқандықтан шаруалар күрішті көп егеді. Былтыр 2000 гектар алқапқа күріш егілген. Ағын судың тапшылығы былтыр да байқалған болатын. Биылғыдай су тапшылығы менің тәжірибемде бұрын-соңды болған емес. Жиырма жылдан бері осы салада жұмыс істеймін. Каналда судың болмай қалуы тарихта бірінші рет орын алды. Өткенде төрт-бес күн мүлдем су тоқтап, бір тамшы да келмей қалған жағдай болды.

Аудан бойынша 55543 гектар суармалы алқап бар. Бүгінгі таңда егістіктерге 20 канал арқылы ағын су жеткізілуде. Ал, жалпы 2020-2022 жылдарға алынған рұқсат, яғни лимит 453 млн. текше метр болса, бүгінге дейін алынған су көлемі 203,565 млн. текше метрді құрап отыр. Нақты алынған су секундына 20,75 текше метрді құрайды. Жалпы, қазіргі таңда ағын суға деген сұраныстың жалпы көлемі секундына 23,05 текше метр.

– Канал, арықтардағы судың деңгейі шаруалардың сұранысын қаншалықты қанағаттандыра алады? «Достық» каналынан қазіргі таңда секундына қанша текше метр су келіп жатыр? 

– Мақтаарал және Жетісай аудандарын ағын сумен қамтамасыз ететін жалғыз магистралды «Достық» каналы Өзбекстан Республикасы арқылы келеді. Каналдың ұзындығы – 113 шақырым. Оның 49 шақырымы Қазақстанның аумағынан өтеді. Басшылар мемлекетаралық келісім жасаған соң,  екі ауданға қазір 45 текше метр су келіп жатыр. Оның 20 текше метрін біздің аудан алып жатса, 18 текше метрі Жетісай ауданына берілуде. Қалған су шығындармен кетеді.

Біз ағын суға секундына 23,05 текше метрге сұраныс берген болатынбыз. Алайда, қазір бізге секундына 20 текшеметр ағын су берілуде. Мысалы, Жетісай ауданы 30 текше метр суға сұраныс бергенімен, олар 18 текше метр алып жатыр. Қалған суды «Машиналық әдіспен су көтеру» каналы  арқылы толықтырып отыр.

Біздің егістік алқаптарға Жетісай ауданындағы каналдан су көтерілмейді, өйткені, жеріміз биіктеу. Сондықтан, Достық ауылдық округінде жұмыс істеп тұрған жер асты суын коллекторға тастайтын жеті дренаждан аққан суды да пайдаланып отырмыз. 

Қазіргі таңға дейін 698 гектар көкөніс, 603 гектар жоңышқа, 2885 гектар күріш және 5015 гектар бақша өнімдері су ішті.

– Жалпы, бірыңғай тариф бағасы қандай? Әр өнімге тариф бағасы әртүрлі ме?

– Әрине, әртүрлі. Өйткені, әр өнімнің суды қажет етуіне байланысты бағасы да әртүрлі болады.

Біздің мекеменің міндеті – кооперативтерге ағын суды жеткізіп беру. Негізі бізге келіп жатқан су тегін. Біздің мекеменің суды жеткізіп беруде белгіленген тарифі бар. Үстіміздегі жылдың 23 сәуірінде Қазақстан бойынша бірыңғай тариф бекітілген. Бірыңғай тариф бағасы қосымша құн салығын қосқанда мың текше метрі – 739,20 теңге. Кооперативтер бізден ағын суды осы бекітілген бағамен алады. Әрі қарай кооперативтер шаруалармен келісіп, арнайы хаттама түзіп, шығындарын есептеп, өздерінің су жеткізіп беру ақысын белгілейді. Және әр өнімге ағын судың бағасын әртүрлі тарифпен бекітеді. Мысалы, мақтаға гектарына 5500 теңге болса, қауынға 7-8 мың теңге, қарбызға 12 мың теңге. Ал, күріш дақылын еккен шаруалар ағын суға гектарына 40 мың теңге төлейді. Өйткені, күріш – суды көп қажет ететін дақылдардың бірі.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.
Мақтаарал ауданы.

Пікір қалдырыңыз