Бір ата, бір ананың түлегіміз!

Биыл Қазақстан тәуелсіздігіне – 30 жыл. Ел өміріндегі осынау елеулі оқиға жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін.

Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр жерді мекен еткен ата-бабаларымыздың тәуелсіздік жолында аттың терін құрғатқан уақыты кемде-кемде. Осынау сайын даланың әрбір шоқысын, әрбір тасын киелі санаған бабаларымыз Отан деген ұғымды бәрінен де жоғары қойған. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап, беріректегі Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұловаларды көзсіз ерлікке жетелеген де сол Отан деген ұғым болатын. Қала берді, кешегі Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сияқты жастар алаңға қызық қуып барған жоқ, Отанның, ұлттың тәуелсіздігін ойлап барды. 1986 жылғы оқиға халықтың есінде мәңгі сақталады. 16 желтоқсанда қазақ жастары Орталық алаңға шығып, Қазақстан тәуелсіздігін талап етті.

Қазақстан дейтін менің бар елім,

Жатыр алып жарты дүние әлемін!

Бұл даланы анам жаспен суарған,

Бұл далада атам қолға ту алған

Бұл далада өскен жанда жоқ арман.

Қазақстан – біздің туып өскен жеріміз, Отанымыз. Қазақ халқы еркіндікке жету үшін қаншама қиын-қыстау замандарды бастан кешірді. Бүгінде өзін тәуелсіз сезінетін әрбір мемлекеттің өз тарихынан сыр шертетін рәміздері бар. Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба, Әнұран. Бұл халық бірлігінің белгілері. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – сол елдің әрбір азаматының міндеті.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Бұл түс – ашық аспанның, тыныштықтың белгісі. Тудың ортасындағы алтын күн – баршаға ортақ, бәріне нұрын шашып сәулесін төгеді. Оның жылуы жер бетіндегі бүкіл тіршілік атаулыға ортақ. Алтын күнді қанатымен жебеп, өрге көтеріп ұшып бара жатқан қыран құс – ерліктің белгісі. Тудың сол жағында қызыл түсті ою-өрнегі бар тік жолақ орналасқан, бұл қазақ елінің ұлттық әшекейі. Алтын күн, Қыран және ою-өрнек – біздің халқымыздың ашық келешегі мен бай-берекесі, тыныштық пен байлықтың белгісі.

Желбірейді шалықтап

Қазақстан жалауы.

Көкте қыран қалықтап,

Қанат қағып барады.

Бұлт баспасын күнімді,

Тарылмасын өрісім.

Биік ұстау Туымды –

Қасиетті борышым.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасында көгілдір түс аясында шаңырақ бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап, уықтар шаншылған. Жарық жұлдыз Отанымыздың жұлдызының биіктеп, нұр шашып тұрғанын бейнелейді.

Қанатты тұлпардың баламалық мәні қазақтың аңыз ертегісінен алынған. Аңыз бойынша қанатты тұлпарға мінген алып батыр алты қанат аспанға ұшып, жеті қат жер астына түсіп, халықты қасіреттерден азат еткен, еліміздің азаттығы мен жеңімпаздығының символы. Толықсып тұрған бидай тоқшылықты, молшылықты білдіреді. Ал, төменгі жағындағы «Қазақстан» деген жазу еліміздің ежелден әлемге танымал екендігін көрсетеді.

Бабам тұлпар жаратты,

Құлынында танып-ақ.

Тұлпар барда қанатты,

Шайқалмайды шаңырақ.

Кез келген мемлекеттік рәміздердің ең маңыздысы – Әнұран. Әнұран – мемлекеттік салтанатты ән. Ол халықты әйгілі етеді. Оның сөздерінде халықтың мыңдаған жылғы тарихы, бүгінгі өмірі мен келешек арманы айтылған.

Бір ата, бір ананың түлегіміз,

Бір болсын қайда жүрсек тілегіміз.

«Бірлік барда тірлік бар» деген бабам,

Бірлік деп бірге соқсын жүрегіміз! – дей отырып, міндеттеріміз бен құқықтарымызды біліп, оны дұрыс орындап, бәріміз бірлік пен ынтымақта жұмыс істесек. Қазақстанның әлемнің алдына шығарына ешкім де шек келтірмейді.

Бауыржан СЕЙДЕЛХАНОВ,
Т.Бердияров атындағы №20 жалпы орта мектебінің мұғалімі,
Ұшқын ауылы, Келес ауданы. 

Пікір қалдырыңыз