«Сары аймақта» сақтықты күшейту керек

Қазақстан КВИ бойынша «сары аймақта» тұр. Ал, Түркістан облысы әзірге «сары аймақта» орналасқан жалғыз өңір. Облыстағы эпидемиологиялық ахуал қандай жағдайда? Аудандар мен қалалар бойынша бұл ауру қай аймақта күрделі? Түркістан өңірінде шынымен инфекция жұқтырғандар аз ба? Әлде басқа жақтан көне шаһарға туристердің келуі тоқтап қалмасын деп шынайы жағдайды бүркемелеп отырамыз ба? Осы және өзге де сұрақтарды Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Орынбасарұлы ПАШИМОВҚА жолдаған едік.

– Нақты статистикалық деректерге жүгінсек, пандемия басталғаннан бері Түркістан облысында биылғы шілденің 27 жұлдызына дейін COVID-19 індетімен 9 180 жағдай тіркелген. Ал, індеттен 7 478 адам жазылып шықты. Өкінішке қарай, 58 адамды аман алып қала алмадық. Түркістан облысы аурушаңдық көрсеткіші бойынша 2021 жылдың 25 шілдесінен бастап «сары аймаққа» өтті. Соған дейін «жасыл аймақта» болды. Әрине, мұның барлығы денсаулық күзетінде тәжтажалмен күресіп жүрген медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасы. Жағдай – біздің жіті бақылауымызда. Қазіргі таңда тіркеліп жатқан аурушаңдықтың көрсеткіші, шынайы көрінісі осындай. Ал, «Дәрігерлер бұл індеттің шынайы дерегін қолдан жасырып отыр» деген үстірт пікірге қосыла алмаймын. Өйткені, саладағы жағдай маған етене таныс. Оның үстіне біздің облыстың географиялық жағдайы мен халқының басым көпшілігі шалғайдағы елді мекендерде орналасқан. Яғни халықтың орналасуы тығыз емес. Сондықтан індетті жұқтыру қаупі де төмен.

– Оқырмандарымыздың бірі: «Арыс қаласында науқастар сыймай жатыр. Ауруларды Отырар ауданындағы емдеу мекемелеріне жіберіп жатыр» деп қоңырау шалды. Расында да, ол жақта жағдай соншалықты күрделі ме?

– Дүрбелең туғызатындай жағдайды көріп тұрған жоқпын. Арыс аудандық ауруханасында 100 инфекциялық орын ұйымдастырылған. Қазіргі таңда онда 65 науқас ем қабылдауда. Яғни жүктеме 65 пайызды құрайды. «Науқастар сыймай жатыр» деген сөз әншейін қауесет.

– Облыс бойынша қанша инфекциялық, карантиндік және реанимациялық төсек-орын бар? Олардың толымдылығы туралы айтып өтсеңіз.

– Облыс бойынша 2 060 инфекциялық және 300 карантиндік төсек-орын ұйымдастырылған. Бүгінгі таңға инфекциялық төсек-орындар санының жүктемесі – 63,5% (жалпы 1308 адам: КВИ – 200, пневмония – 1 108).

Карантиндік төсек-орынның жүктемесі 22,0% (66 адам). Сонымен қатар, реанимациялық төсек-орындар (ИВЛ) санының жүктемесі – 23,3% (жалпы 320 төсек-орын (70 адам). Коронавирустық инфекцияның әртүрлі сценарийіне байланысты инфекциялық төсек-орын санын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар.

– Ауырғандардың көпшілігі қандай санаттағы науқастар? Арасында балалар мен жүкті әйелдердің үлесі қандай?

– Аурушаңдық ересектер арасында басым. Алайда, індет жас талғамайды. Жеткіншектер мен аяғы ауыр әйелдерде де COVID кездесіп жатыр. Соңғы күндері жүкті әйелдер мен балалардың үлесі 10-15%-ды құрауда.

– Екпе салдыру аурудан сақтанудың төте жолы екені белгілі. Облыс бойынша екпе салдыру бекеттері қанша? Вакцина егу жұмыстары қалай жүруде?

– Екпе салдыру облыс көлемінде жақсы қарқынмен жүргізілуде. Түркістан облысы бойынша 141 егу бекеті жұмыс істейді. Қазіргі таңда Қазығұрт, Сарыағаш аудандары мен Кентау қаласы алда келе жатыр. Басқа аймақтарда да бұл жұмыс соңғы күндері жандана түсті.

Рас, қазір «сары аймақта» тұрмыз. Сақтық шараларын күшейтпесек, «қызыл аймақтан» табылу оңай. Коронавирус инфекциясын ауыздықтау тек дәрігерлердің ғана міндеті деп түсінетіндер қатты қателеседі. Қатерлі дертпен көп болып күресуіміз қажет. Ол үшін көп нәрсе қажет емес. Көшеге шықпау, көпшілік орындарға бармау, әлеуметтік қашықтықты және карантин талаптарын мұқият сақтау, бетпердені тағып жүру. Сонда ғана өзіңізді және жақындарыңызды аурудан сақтай аласыздар.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan». 

Пікір қалдырыңыз