2005 жыл: Зейнетақының орташа мөлшері 12 мың теңге еді...

2005 жылы Қазақстанда сыртқы сауда байланысы жандана бастады. Өзінің береке-бірлігімен, татулық, тұрақтылығымен төрткүл дүниеге танылған елімізде мемлекеттің жарқын болашағы үшін маңызды шешімдер қабылданды. Сонымен қатар Қазақстанның қаржы жүйесінде оң өзгерістер орын ала бастады. Елімізде тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, сыртқы қолайсыз факторларға тәуелді болмау үшін Ұлттық қор құрылғаны белгілі. Жыл басында  Ұлттық қорда 5,3 миллиард АҚШ доллары жинақталса, осы қаражатты қоса есептегенде, еліміздің алтын-валюта резервтері 14 млрд. АҚШ долларынан асып түсті. Ашық сыртқы сауда саясатының нәтижесінде Қазақстан жаһандық бәсекелестік арнасына еркін ене бастады. Бүкіл дүниежүзілік банктің сараптамасы бойынша 2005 жылы Қазақстан кірісі орта деңгейдегі елдердің тобына кірді. Экономиканы  нығайту үшін шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізіп, келісімшарттар жасаудың пайдасы көп еді. Соның нәтижесінде Орталық Азия елдері арасында Қазақстан инвестицияға аса тартымды мемлекет ретінде таныла бастады. Мұның өзі еліміздегі индустриялық-инновациялық жобалардың қарқын алуына септігін тигізді.

Елбасы осы жылғы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында алдағы кезеңдерде атқарылуы тиіс міндеттерді айқындап берді. «Егер өмір сапасының негізгі көрсеткіштерін салыстыратын болсақ, онда соңғы 10 жылда қазақстандықтардың орташа ақшалай кірісі 5 есе; ал, орта айлық жалақысы 6 есеге жуық; ең төменгі табыс мөлшері 25 есе; зейнетақылардың орташа айлық мөлшері 4,6 есе; жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері мен бір кісінің жасайтын салымының көлемі тиісінше 35 және 37 есе өскенін көреміз. Биылғы жылы кепілді тегін медициналық көмек көлеміне жұмсалатын мемлекеттің шығысы 2003 жылмен салыстырғанда 1,7 есе өсті. Экономикамыздың қарқынды өсуі мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік бағдарлануын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді, мұның өзі экономикамыздың айтарлықтай бекемдік деңгейіне жеткенін айғақтайды» деді Елбасы осы Жолдауында.

 2005 жылы Қазақстанның ішкі саяси үдерісіндегі ерекше оқиғаның бірі  –  Президент сайлауы еді. Осы жылдың 4 желтоқсанында Конституция шеңберінде Президенттік сайлау өтті. Сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысушылардың 91 пайыз даусын иеленіп, үшінші мәрте Мемлекет басшысы болып сайланды.

2005 жылы... қаңтарда Ресей мен Қазақстан арасындағы 7591 шақырымды қамтитын мемлекеттік шекара белгіленген тарихи маңызды құжатқа қол қойылды.

4 ақпанда ЕурАзЭҚ ұйымына мүше мемлекеттердің вице-премьерлері кездесті. Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь,Тәжікстан мүше болып табылатын осы ұйымның шеңберінде өкілдер интеграциялық комитеттің 22-отырысын өткізді. Сол жолы 6 негізгі құжатқа қол қойылды.

25 ақпанда Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Қазақстан Президентінің қатысуымен өткен отырыста ұйым шеңберіндегі ынтымақтастықты дамыту мәселелері деңгейінде жоғары баға берілді, сондай-ақ, ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының алдағы болатын саммитіне әзірлік барысы талқыланды.

24 наурыз күні Астанада Еуразиялық қауымдастыққа мүше мемлекеттердің Премьер-министрлерінің басқосуы өтті. Жиын барысында қауымдастық елдерінің интеграциялық әріптестік мәселелері, оның ішінде сауда-экономикалық, энергетикалық, әлеуметтік, басқа да салалардағы мәселелер талқыланды.

15-17 сәуірде жас орындаушылардың ХІV республикалық «Жас қанат» конкурсы өтті. Оған музыкалық білімі бар, басқа да түрлі конкурстардың лауреаттары атанған 13 үміткер қатысты.

2 маусымда  Байқоңырдың  50 жылдығы аталып өтті.

5 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер басшылары кеңесінің 10-отырысы өтті. Отырыс барысында Пәкiстанға, Иранға және Үндістанға ШЫҰ жанындағы бақылаушы мәртебесі берілді.

Қазан айында «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымына (ОАЫҰ) қатысушы мемлекеттер басшыларының Санкт-Петербургте өткен саммитінде ел президенттері аталмыш ұйымды ЕурАзЭҚ-қа қосу арқылы біртұтас интеграциялық бірлестік құру туралы шешім қабылдады.

12 қазанда елімізге екі күндік сапармен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс келді. Кездесу барысында К.Райс Н.Назарбаевтың Қазақстанды Орталық Азия өңірінің көшбасшысы, қауіпсіздік пен экономикалық реформалар жағынан жетекші елге айналдырғанын мәлімдеді. Ол «Қазақстан демократиялық болашаққа Орталық Азияны өзінің соңынан ерте білудің және Америка – Қазақстан қатынастарын жаңа деңгейге көтере білудің айрықша мүмкіндігін иеленіп отыр» деп атап өтті.

29 қыркүйекте Астанада, Үкімет үйінің мәжіліс залында бүкіл дүние жүзі қазақтарының III құрылтайы салтанатты түрде ашылды.

14 желтоқсанда республикада бастау алған ауыл жылдары Астанада қорытындыланды.

2005 жылы Ресейде «Абай жылы» аталып өтті.

Сондай-ақ, осы жылы  Кеңестер Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 80 жылдық мерейтойы аясында Ақтөбе қаласында батыр қыздың ескерткіші бой көтерді. Авторлары – мүсіншілер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бақытжан Әбішев және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Ескен Сергебаев.

Осы жылы Райымбек батырдың 300 жылдығы кең көлемде атап өтілді.

Сонымен қатар, осы жылы Аралды қалпына келтіру жұмыстары басталды. Сенімді дереккөздерден алынған мәліметтер бойынша сексенінші жылдардың соңында суы қайтқан Арал теңізі екіге бөлініп, Үлкен Арал, Кіші Арал деп аталды. Үлкен Аралды сақтап қалудың сәті түспеді, тұзы көтеріліп, құмы суырылып, орны шөлге айналып, Аралқұм аталды. Кіші Арал жобасын іске асыру үшін 86 миллион АҚШ доллары жұмсалды, оның 23 миллионы Қазақстан Үкіметінің қаржысы болса, қалған соманы республика Үкіметі Дүниежүзілік қайта құру банкінен алды. Елбасының бастамасы бойынша осы жылдан бастап базалық зейнетақы төлемдері енгізілді. Бұл зейнет жасына жеткен барлық қазақстандықтар үшін зейнетақымен қамсыздандырудың бірінші кепілдендірілген деңгейі болды. Екінші деңгей – зейнетақы қорларынан алынатын төлемдер, сондай-ақ 1998 жылға дейін қызмет өтілі бар адамдарға бюджеттен берілетін зейнетақылар. Үшінші деңгей – ерікті жеке және кәсіби зейнетақы аударымдарынан тұрады. Қазіргі уақытта Қазақстанда базалық, міндетті және ерікті деңгейден тұратын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Зейнетақының ең төменгі мөлшері жұмыс өтілі мен жалақысының көлемін есептемегенде 9200 теңге болды. Зейнеткерлер орташа есеппен 12000 теңге алды. Студенттердің шәкіртақысы, бюджеттік саланың жалақысы өсті.

 

Саясат бөлімі.
Пікір қалдырыңыз