Бір жарық сәуле сыйлаудан танбаған кітапханашының қызметке кіріскеніне 40 жыл толды

Сәуле Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық институтының кітапхана факультетін 1981 жылы бітірді.  Содан бері табан аудармастан Созақ аудандық орталық кітапханасында қызмет атқарып келеді. Енді есептеп көрсек, оның бір мекемеде еңбек еткеніне 40 жыл толыпты.

Таяуда аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында кітапхана ұжымы «Сәуле ғұмыр» атты көрме ұйымдастырды. Онда кітапханашының іс-тәжірибесі, ол туралы пікірлер  топтастырылған. Көрмеде, сондай-ақ түрлі деректер мен Сәуле Маханбайқызының әр жылдары ұйымдастырған шараларынан фотосуреттер қамтылыпты.

«Библиограф асқары, нағыз еңбек дастаны» атты тақырыппен өткізілген  кездесуде аудандық  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрғайша Балаубекова мен аудандық орталық кітапхананың басшысы Сабыр Батырбеков кітапханашы Сәуле Бораншыға аудан әкімі Салыхан Полатовтың құттықтау хаты мен сыйлығын тапсырды. Кешті «Мыңжылқы» мәдениет сарайының директоры Нұрбек Сейілбек жүргізді. Карантин талаптарын сақтай отырып өткізілген шарада ауданның кент, ауылдары мен елді мекендерінен келген кітапханашылар жүрекжарды құттықтау тілектерін айтып, сыйлықтар тапсырды. «Мыңжылқы» мәдениет сарайының өнерпаздары ән салды.

Қазақстан Республикасы Президентінің, облыс әкімінің Алғыс хаттарының, «Кітапхана ісінің озық қызметкері», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалінің, «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісінің иегері Сәуле Бораншыға әріптестері осылай құрмет көрсетті.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.

Созақ ауданы.

Пікір қалдырыңыз