Тұрысовтың тылсым тұлғасы

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Туған ел, өскен ортаның ғасырлар қатпарында қалған тәлімді тарихы мен шерлі шежіресін ғұмыр бойы қаламына арқау етіп өткен ұлттық әдебиетіміздің көшбасындағы аға буын өкілдерінің бірі, көрнекті жазушы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, халық-аралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Еркінбек Тұрысовтың арамыздан кеткеніне аса көп уақыт өте қойған жоқ. Оның іздері өзінің сүйікті Қаратауының қойнауларында сайрап жатыр. Көзіқарақты оқырмандар Ерекеңнің сұлулыққа суарылған шығармаларын іздеп жүріп оқиды.

«Шымкентфильм» киностудиясының жаңа жобасы – «Көзкөрген» хабары аясында міне, осы ағамыздың шығармашылығын арқау еткен кездесу өтті. Оған қаламгердің көзін көргендер, үзеңгілес достары, туған-туыстары қатысты. Хабарды Қазақ-станның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, танымал сатирик Көпен Әмірбек жүргізіп отырды.

Еркінбек аға жайлы сөз болғанда ең әуелі оның қазақтың аса көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовпен сапарлас болғаны еске түседі. Заманымыздың заңғар жазушысы Еркінбек ағаның құтты шаңырағында болғанда табандарынан тік тұрып қызмет көрсеткен қарындасы Аршагүл Тұрысова, келіні Ләйлә Кенжебаева, күйеу баласы Ғабиден Қалияров сол бір сағынышқа айналған күндер туралы өзекжарды сырлар айтты, өткен шақты тебірене еске алды. Кездесуде Мұхтар Әуезовтің сырбаз мінезі, Еркінбек ағаның бекзат болмысы, тылсым тұлғасы жан-жақты ашылды.

Ерекеңнің емендей түп-түзу тұлғасына маңғаз жүрісі, кербез келбеті келісіп тұратын. Оның бойынан тауға ұқсайтын биіктік, даласына тартқан даналық тұма бұлақтың көзіндей анық көрінетін. Табиғатынан сұлулыққа құштар ағамыз тазалықты ту етіп өтті. Оның тағы бір ерекшелігі, саятшылығы еді. Бірде саятқа шыққанында енесінен ажырап қалған арқардың төлін үйіне әкеледі. Осы лақ Мұхтар Әуезов келгенде аулада үркектеп жүрген-ді. Сол бір керім шақтар еске алынып, талай әңгіменің басы шалынды.

К.Симонов атындағы сыйлықтың және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, танымал ақын Нармахан Бегалыұлы Ерекеңнің қалам қуатының қаншалықты салмақты болғанын нақты мысалдармен айта келе, қазақ әдебиетіндегі тіл көркемдігі мен талаптарына сай асқан шеберлікпен сөзбен сурет салған суреткердің толымды туындыларына тоқталды. Журналист Күлия Айдарбекова «Отырар» кітапханасында директор болып тұрғанда Ерекеңе арнап арнайы бөлме ашылғанын, оны жазушының өзі жабдықтағанын, екеуара сұхбаттасқан күндеріндегі ағаның аузынан шыққан ұлағатты әңгімелерді айтып берді. Ал, жазушының немересі Сауран Еркінбеков атасының алдында отырып тыңдаған өсиеттерін қаз-қалпында жеткізді.

Түркістан облысының және Бәйдібек ауданының құрметті азаматы Еркінбек Тұрысов қарттығына қарамастан қоғамдық жұмыстардан шет қалған жоқ. Алғабас ауданына Бәйдібек бабаның атын беру, Бәйдібек бабаның басын қарайту, ескерткішін тұрғызу сияқты ауқымды жұмыстардың басы-қасында жүрді. Сұхбатхабарда Ерекеңнің осы қайраткерлік қырлары да жан-жақты айтылды.

Пікір қалдырыңыз