«Қалымбетпен құда болсақ...» деушілер аз болмайтын

Еңлік Қайып, «Ońtústik Qazaqstan».

Асылхан Дүйсенова апамыз 1940 жылы 15 наурызда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Алексеевка елді мекенінде дүниеге келген. Он баланы дүниеге әкелген Асылхан әже бүгінде шөбере-шөпшектерінің қылығын қызықтап отырған бақытты жан.

1961 жылы Асылхан апамыз қазіргі Бәйдібек ауданы, Амансай ауылының тұрғыны Қалымбет Дүйсеновке тұрмысқа шығады. Он ұл-қыздың Алла тағала біреуіне ғана жүрім бермейді. Қалған 6 қыз, 3 ұлды тәрбиелеп, қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырып отыр. Перзенттері де ата-ана үмітін ақтап, өмірдің сан соқпақтарынан өз жолдарын тауып, бүгінде абыройлы қызмет атқарып жүр. Олардан 40-қа жуық немере, 30 шөбере сүйіп, солардың қызығына бөленіп отырған жайы бар. Үйдің үлкені, тұңғыш қызы – 58 жаста. Қалымбет атамыздың дүниеден өткеніне он шақты жылдың жүзі болған екен. Ал, Асылхан әже ортаншы ұлы Маханбет пен келіні Майраның қолында шаңырақтың берекесін кіргізіп отыр. Қолдағы келінінің өзі де 5 немере сүйіп отыр екен.

– Анам жастайынан еңбекқор болыпты. Газеттерді жинағанды жақсы көреді. Қызықты мақалаларды әңгіме етіп отырады. Ақындық қасиеті де бар. Марқұм әкемізде де сондай өнер болған. Содан шығар, отбасымыз өнерге жақын. Ән айтпайтын бала жоқ, әр бала кемінде бір аспапта ойнайды. Інілерінің барлығы тойларда тамада болып қызмет етеді. Әкеміз бен анамызға алғысымыз шексіз. Марқұм әкем бала кезімізде «ештеңеден, ешуақытта жүрексінбеңдер, құласаңдар нардан құлаңдар» деп ақылын айтып отыратын.  Ал, анамыз болса бізді «қабілеттерің болса, білімдерің асып тұрса, барлық жерде сендерге жол ашық болады» деп тәрбиеледі. Сол кісілер салған жолмен жүріп келеміз. Ауылда көбі бізге қызығатын. Осы үйдің қызын алсақ деушілер аз болмайтын, – дейді үлкен қыз.

Кеудесіне «Алтын алқа» таққан әжеміз жасы сексеннен асса да бақуатты. Жеміс ағаштарына өзі қарайды. Он саусағынан өнері тамған кісі.

Бұл әулетте, әсіресе, білім саласын таңдағандар көп. Мұғалімдер династиясы десек те болады. Әженің құрсағынан тараған ұл-қыздары мен келіндері, тіпті құда-жекжаттарына дейін мұғалімдер. Олардың алды шөберелерін аяқтандырып, шөпшек сүюге жақын.

– Мейірімді болса, бауырлар ешқашан бір-бірінен ажырамаса, кішіпейіл болса деймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қазақ елінде әрқашан ынтымақ, бірлік болсын, – деп әжеміз бізге батасын беріп шығарып салды.
Пікір қалдырыңыз