Ауыл әкімдерін сайлау қалай өтті?

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттілігі жөнінде айтылған болатын. Сол бастамаға сәйкес, ағымдағы жылдың 25 шілдесі күні ауыл әкімдері сайлауының алғашқы кезеңін өткізу белгіленген еді. Осыған орай, кешегі жексенбіде Түркістан облысында да ауыл әкімдерінің ашық сайлауы өтті. Түркістан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиевтің айтуынша, жалпы облыстағы 241 сайлау учаскесінде ауыл тұрғындары өз таңдауларын жасады. Біз облыстық сайлау комиссиясының төрағасымен іле-шала телефон арқылы тілдестік.

– Әлібек Кәденұлы, айтулы саяси науқанның өңірімізде қалай өткені жөнінде айтып өтсеңіз.

– Түркістан облысындағы барлық сайлау округтерінде ауыл әкімдері лауазымдарына тікелей сайлау өткізілді. Сайлаудың алғашқы кезеңінде 60 ауыл округіне 166 үміткер бақ сынады. Сайлау болатын барлық  сайлау округінде 241 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерінен бөлек, БАҚ өкілдері, байқаушылар, сенім білдірген адамдар және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысып, сайлау заң талаптарына сай өтті.  Дауыс беру 25 шілдеде таңғы 07.00-де басталып, кешкі 20.00-де аяқталды.

Жалпы, 60 сайлау округінде 265 146 сайлаушы дауыс береді деп күтіліп, барлық учаскелерде азаматтарға тиісті жағдайлар жасалды. Яғни қазіргідей пандемия жағдайында сайлау учаскелерінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті сақтау үшін тиісті шаралар қабылданды. Сайлауға қатысатын 1 549 сайлау комиссиясының мүшелері бетперделермен, арнайы қолғаптармен, антисептиктермен жеткілікті түрде қамтылды. Мұнан бөлек, дауыс беруге келетін сайлаушылар мен басқа да азаматтарға антисептиктер беріліп, бөлмелерге термометрлер орнатылды. Келген сайлаушыларға бетперделер дайындалды. Сонымен қатар барлық сайлау учаскелері дәрігер мамандармен қамтылды. Осылайша аудандық маңызы бар 2 ауылда, 3 кентте, 55 ауылдық округте 241 сайлау учаскесінде дауыс берілді.

– Ауыл әкімі болуға үміткерлер саны көп болды ма?

– Сайлау бюллетеньдеріне 166 үміткер енгізілді. Оның ішінде саяси партиялардан ұсынылғандар: «Nur Otan» партиясынан – 47, «Ауыл» ХДП партиясынан –18, «Қазақстанның «Ақ жол» ДП – 3, «ADAL» саяси партиясынан – 5, ҚХП – 2, ЖҰСДП – 2, өзін-өзі ұсынған үміткерлер – 89.

Тек саяси партиялардың өкілдерінен ұсынылған үміткерлерден тұратын бірде-бір сайлау округтері жоқ. Бес сайлау округінде тек өзін-өзі ұсынған үміткерлер болды. Атап айтқанда, олар – Арыс қаласындағы Байырқұм ауыл округі, Сайрам ауданындағы Құтарыс ауыл округі, Отырар ауданындағы Аққұм ауыл округі, Төлеби ауданындағы Аққұм ауыл округі, Түлкібас ауданындағы Келтемашат ауыл округі.

Ауыл округі әкімі лауазымына ұсынылған үміткерлерді тіркегеннен кейін, әртүрлі себептермен 44 үміткер тіркеуден алынып, облыс бойынша 20 ауыл округінде – 2 үміткерден, 34 ауыл округінде – 3 үміткерден, 6 ауыл округінде 4 үміткерден қалды.

– Сайланғандардың құрамы туралы айта кетсеңіз...

– Тарқатып айтар болсам, сайланған 60 ауыл әкімінің 16-сы мемлекеттік қызметші, 21-і екі жоғары білімі барлар, оның ішінде нақты ауыл округтерінде қайта сайланғандар – 17, басқа ауыл округтерінің әкімдері – 6, коммерциялық саланың өкілдері – 4, бюджеттік мекеменің қызметкерлері – 8, уақытша жұмыс істемейтіндер – 1, біреуі әйел азаматы.

Ал, мамандықтарына келсек, экономистер – 20 /33.3%/, заңгерлер – 9 /15%/, инженерлер – 6 /10%/, мұғалімдер – 6 /10%/, политологтар – 1 /1,6%/, басқа мамандықтардан – 18 /30%/.

Кандидаттардың орта жасы – 46,7. Ең жас сайланған әкім Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауыл округіндегі Бакытжан Әуезов – 29 жаста. Ең жасы үлкені Төлеби ауданындағы Киелітас ауыл округіндегі Полат Төребеков – 61 жаста.

– Дауыс беру нәтижесі жайлы не айтасыз? Сайлауларды жарамсыз деп тану  және  сайлауларды қайта өткізу туралы талаптар болды ма?

– Сайланған 60 әкімнің  44-і сайлау өткен ауыл округтерінен, 4-еуі аудандардан,  12-сі басқа ауыл округтерінен. Сайланған ауыл әкімдерінің 43-і саяси партиялардан ұсынылғандар, яғни: «Nur Otan» партиясынан – 41,  «Ауыл» ХДП партиясынан – 1, «ADAL» саяси партиясынан – 1, өзін-өзі ұсынғандар – 17.

Ең көп дауыс алған әкім Сарыағаш ауданындағы Жібек жолы ауыл округінен, ол 8839 дауыс жинады.

Сайлауды жарамсыз деп тану туралы негіз болған жоқ. Сайлау бюллетеньдерін қайталап  санау оқиғасы тіркелген жоқ. Сондай-ақ, соттарға, жоғары тұрған комиссияға сайлау комиссияларының іс-әрекеттері туралы арыз-шағымдар түспеді.

– Ашық әңгімеңіз үшін рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Баян ДАРҒОЖИНА,

«Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз