2004 жыл: «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы рухани серпіліс сыйлады

2004 жыл ұлттық экономика біршама алға жылжып, өмірдің қай саласында да атап өтерлік жетістіктер байқалған жыл болды. Атап айтқанда, жұмыссыздар қатары кеміп, әлеуметтік сала оңала бастады. Жәрдемақы төлемдері мөлшері біршама артты.

Әлемдік қауымдастық біздің елімізді қарыштап дамушы мемлекет ретінде мойындай бастады. Экономиканың өрлеуі мен ұлттық әл-ауқаттың көтерілуіне, әрине, мұнай бағасының да әсері аз болмағаны белгілі. 2004 жылы Қазақстан ұлттық экономикасын түпкілікті реформалауға бағыт ұстанды. Парламентте қабылданған заңдар нәтижесінде ауыз толтырып айтарлықтай өзгерістер орын алды. Мәселен, 2004 жылдың соңында елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 2 мың 700 долларға жетті. Сондай-ақ, осы жылы сыртқы сауда айналымы көлемінің оң сальдосы 33 млрд. АҚШ долларына жетті. Бұл 1994 жылмен салыстырғанда, 3 еседен астам өсім деген сөз!

2004 жылы 204 инвестициялық жоба іске асырылды. Айта кетерлігі, соның тең жартысы даму институттарының қолдауымен жүзеге асты. Елбасы Н.Назарбаев 2004 жылғы 19 сәуірде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ендiгi жерде күн тәртiбiндегi мәселе әлемдiк қоғамдастықта Қазақстанның бәсекеге қабiлеттiлiгi туралы, бiздiң экономикамыздың бәсекеге қабiлеттiлiгi туралы және қазақстандық ғалымдардың, менеджерлердiң, бизнесшiлердiң, мамандардың, жұмысшылардың бәсекеге қабiлеттiлiгi туралы болып отыр. Бұл мiндеттi шешу үшiн бiздiң экономикалық, сондай-ақ әлеуметтiк салаларда да еуропалық стандарттарға жету стратегиясын әзiрлеуге кiрiсуiмiз керек» деп атап өтіп, бірқатар негізгі бағыттарды айқындады. Елбасы осы Жолдауында мемлекеттік саясаттың басты бағдарын да ашып көрсеткен еді. Бір сөзбен айтқанда, осы жылдар ішінде Орталық Азия өңiрiндегі Қазақ-станның рөлi мен беделi күшейе түстi. Елдің әл-ауқаты да экономика өсімімен бірге нығайып отырды.

2004 жыл – Ресейдің Қазақстандағы жылы болып жарияланды.

9 қаңтарда Ресей президенті В.Путин Қазақстанға ресми сапармен келді. Осы жолы Қазақстан мен Ресей басшылары Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланудың мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы келісімге қол қойды.

13 қаңтарда ҚР Президенті «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл мемлекеттік бағдарлама қабылданғаннан кейін 51 тарихи және мәдени ескерткіштің реставрациялық жұмысы аяқталып, 39 қалашық пен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүргізілді. Ұлт мәдениеті үшін аса маңызды 30 сәулеттік және археологиялық қосымша ғылыми-зерттеулер жүргізілді. Сонымен қатар қазақ киносы тарихында үлкен жаңалық – «Көшпенділер» фильмінің алғашқы түсірілімі аяқталды. Ол Голливуд пен «Қазақфильмнің» бірлескен туындысы болатын.

28-29 мамырда Астанада Орталық Азия ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы болып өтті. Оның барысында Орталық Азиядағы төрт мемлекеттің басшылары өңірдегі теледидар және радиохабарларын тарату туралы келісімге қол қойды.

10 маусымда Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы салтанатты түрде ашылды. Қазіргі заманға сай 5 қабатты ғимараттың жалпы алаңы 15000 шаршы метрді құрайды. Жаңа кітапханада оқырмандарға барлық жағдай жасалған.

Шілде айында елордада түркі мәдениеті мен өнерінің бірыңғай халық- аралық ұйымы – ТҮРКСОЙ-дың ХХІ мәжілісі өтті. Оған 10-нан аса түркітілдес мемлекет өкілдері келді.

7 қыркүйекте Астанада Қазақстан әйелдерінің IV форумы өтті. Форумда  Елбасы Н.Назарбаев сөз сөйлеп, елдегі гендерлік ахуалды жақсарту мақсатында жедел түрде мемлекеттік бағдарлама қабылдап, оны келесі 2005 жылдан бастап жүзеге асыруды тапсырды.

15 қыркүйекте Астанада Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы болып өтті.

24 желтоқсанда Астанада «Ақорда» атауына ие болған Президент резиденциясының ашылу салтанаты болды. Ғимараттың жалпы ауданы 36 720 шаршы метрді құрайды. Ол биіктігі 6 метр жасанды жотаның үстіне оқшау салынды. Сырт келбеті классикалық кубик формасына келетін ғимарат ең соңғы заманауи әдістерге және озық инженерлік құрылғыларға негізделіп, монолиттік бетоннан тұрғызылды. Оның көкке шаншылған үшкір төбесіне дейінгі биіктігі – 86 метр. Ғимарат жер үстіндегі бөлігі бес қабатты және жер астындағы бөлігі екі қабатты үйден тұрады.

2004 жылы Қазақстанның білім саласында алғаш рет Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілді. ҰБТ-ның нәтижесі бойынша, яғни оқушы ҰБТ-да алған балының санына қарай еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алды. Ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңі бес лектен тұрды және 125 балдық шкаламен бағаланды. Оқушылар бір күннің ішінде бес пәннен тест тапсырды. Әрбір пән 25 сұрақтан тұрды. Тестің жүргізілуіне 3,5 сағат, яғни
210 минут берілді.

Ел экспортының басында мұнай мен газ сатылымы тұрғанын ескерсек, Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай мәселесіне қатысты ықпалдастық осы жылдары ерекше қарқын алды. Мұнай желісінің алғашқы құбыры 2004 жылдың 28 қыркүйегінде тартылды.

2004 жылы Грекия елінің астанасы – Афиныда өткен XXVIII жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 202 мемлекеттің арасынан 40-орынға табан тіреді. Жұрт үмітін 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен боксшы Бақтияр Артаев ақтап, ел қоржынына алтын медаль салды. Афины Олимпиадасының күміс жүлдесін Геннадий Лалиев (еркін күрес), Георгий Цурцумия (грек-рим күресі), Геннадий Головкин (бокс), Сергей Филимонов (ауыр атлетика) жеңіп алса, қола медальді Серік Елеуов (бокс), Мкхитар Манукян (грек-рим күресі), Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика) иемденді.

 

Саясат бөлімі.
Пікір қалдырыңыз